Павлодар облысында ер адам үйіндегі қонақтардың көзінше өзін өртеп жіберіп, 13 адам зардап шекті
Павлодар облысының Ақсу қаласында ер адам өзін-өзі өртеп жіберіп көз жұмып, тағы 13 адам зардап шекті.
Бұл туралы Рavlodarnews.kz порталына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Зардап шеккендердің төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы 4 бала мен 5 ересек иіс тиіп, ауруханаға түскен.
«3 сәуірде сағат 20:51-де Аөсуда жекеменшік үй өртеніп жатқаны туралы қоңырау түсті. Куәгерлердің сөзінше, марқұмның жұбайының туған күні болған. Қонақтар дастархан басына отырған, артынша үйдің 50 жастағы иесі кетіп қалыпты. Ол біраздан кейін қайтып келіп, 5 литрлік канистрмен бензин алып келіп, балаларды алып кетуді сұрапты. Әйелі өзінің айтқанын орындағаннан кейін, ер адам сіріңке алып, өзін өртеп жіберген. Оны ұстап қалмақ болған достары күйіп қалып, Ақсу қалалық орталық ауруханаға жеткізілді», - дейді облыстық жедел медициналық көмек стансасындағылар.
Нәтижесінде ер адам көз жұмды. Тағы 13 адам зардап шеккен. Зардап шеккен төрт адам жансақтау бөлімінде жатыр. 5 ересек адам мен 4 бала иіс тиіп ауруханаға түскен.
Өрт аумағы 30 шаршы метрді құрады. Үш бөлмелі үйдің ас бөлмесі, жиһаздары, тұрмыстық техникалары мен заттары толықтай өртеніп кеткен.