Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзіңізден айнымайтын «сыңарыңыздың» бар болуы әбден мүмкін

Көшеден өзіңіздің дәлме-дәл көшірмеңізді кездестіру қаншалықты мүмкін екендігін анықтауды ұйғардық.

_90655889_doppel1

Ол сіздің төлқұжатыңызда бар. Дәл сол арқылы көзбе-көз беттестіруде  қылмыскерді айқындайды. Нақ соның көмегімен арада бірнеше жыл өтсе де ескі достарыңыз танып жатады.

Бетіңіздің тұлғаңызбен байланысы сонша, тіпті жақын күндері екеуінің бірігіп, бет-әлпетіңіз арқылы смартфоныңызды құлыптан шығарып, кеңсеге кіру, жылжымайтын мүлік сатып алу үшін де қолданылуы ғажап емес.

Мұның барлығы түр-әлпетіңіздің бірегейлігіне байланысты. Алайда күндердің-күнінде қиялымыздың күлі көкке ұшады.

«Мен ұшаққа соңғы болып кірдім. Менің орнымда біреу отырғандықтан, одан жылжуын сұрауыма тура келді. Ол маған бұрылып, өз алдынан өзін-өзі көрді», – деп еске алады Нил Дуглас. Ол сол күні Ирландияға үйлену тойына бара жатқан еді.

«Ұшақтың ішіндегілер бізге қарап, ішек-сілесі қата күлді. Мен сонда осы суретті жасаған едім», – дейді ол.

Кездейсоқ болып көрінген бұл қызық жағдай мұнымен аяқталмаған еді. Дуглас қонақ үйге келіп, ол жерден дәл сол өзіне ұқсас жанды жолықтырды.

Мұнан кейін олардың жолы барда тоғысып, олар бірге ішімдік ұрттауды жөі көреді.

Ертесіне ішімдіктен басы мең-зең болған Дугласты аргентиналық радионың қоңырауы ұйқысынан оятты. «Егізімен» түскен сурет бүкіл ғаламторды таңдандырып, қызу талқыға түскен-ді.

Халық даналығы әр адамның өзіне ұқсас сыңары болатынын айтады, әлемнің бір түкіпірінде көзі анаңыздікіне, мұрыны әкеңіздікіне ұқсайтын сыңарыңыздың жүргені анық.

Ал бұл пікір қаншалықты рас?

_90656333_doppel2

Шындығында бүгінгі күнге дейін бас қатырған сауалымыздың жауабын іздеуге ешкім асықпаған еді. Былтыр Теган Лукас кінәсіз адамды қылмыскерге балау қатерін анықтауға тырысқан.

Америкалық әскери қызметкерлердің көпшілікке қолжетімді фотосуреттер жинағын алып, Аделаида Университетіндегі әріптестерінің көмегіне сүйенген төрт мыңға жуық адамның бет-әлпетін егжей-тегжейлі зерттеп, көз, құлақ сынды негізгі мүшелердің арасындағы арақашықтыққа дейін өлшеген.

Мұнан соң ол екі адамның бет-әлпетінің бірдей болу мүмкіндігін есептеген.

Зерттеудің нәтижесі қылмыстық әділ сот жүйесін қуантып, өзінің «сыңарын» кезіктіруді көптен армандағандарды мұңайтыуы мүмкін. Сегіз өлшем бойынша әлдекімге ұқсау мүмкіндігі триллионның бірінен аз.

«Бұрын сотта: «Ал сіз айтқан адам жай ғана оған ұқсаса ше?» – деген сұрақ қойылатын. Ал енді ондай жағдайдың орын алуы неғайбыл екенін айта аламыз», – дейді Тенган.

Тенганның пікірінше әркімнің өз«егізі» бар емес, оның мүлдем жоқ болу мүмкіндігі жоғары.

«Мен – көшірме емеспін» жобасының аясында 200-ден астам ұқсас жұпты суретке түсірген Франсуа Брюнель: «Мен үшін ұқсастық – бұл бір адамды көріп, оны басқа адам ретінде қабылдау, шатастыру», – дейді.

«Әрқайсысына жеке-жеке қарағанда олар бір-бірінің дәлме-дәл көшірмесі іспетті көрінеді. Ал олар жүздесіп, екеуін бірге көргенде, кейде бір-біріне мүлдем ұқсамайтындай», – деп қосады ол.

Егер ұсақ бөлшектерге назар аудармасақ, сыңарыңыздың бар болу мүмкіндігі арта түседі. Шындығында солай ма?

Оны анықтау үшін, алдымен біздің таныс жүзді көргенде не болатынын түсінуіміз  керек.

АҚШ президенттігіне үміткер Билл Клинтон мен Эл Гордың 1997 жылы сайлау алдында бүкіл ғаламторға таралған әзіл мақсатындағы суретін мысалға алуға болады.

Бір қарағанда суретте бірден көзге түсерлік дәнеме де жоқ: жай ғана қатар тұрған екі ер адам. Алайда анықтап қарасаңыз, Гордың көзі, мұрыны, еріні Клинтонның бет-әлпет мүшелерімен ауыстырылған.

Тіпті «өзге» адамның көзі, мұрыны, ерінімен тұрғанның өзінде Эл Гордың бет-әлпеті танымастай өзгермеген. Суреттен оны бірден тани аласыз.

Бұл адамның бет-әлпетінің біздің жадымызда суреттен бұрын карта түрінде сақталатынын көрсетеді.

Егер көшеде танысыңызды жолықтырсаңыз, ми оның шашының ұзындығы, бет терісінің түсі сынды басқа да сипаттарын тану қызметіне кіріседі. Бұл  Италия мемлекетін картадан сыртқы пішініне қарап таныған сияқты.

«Көп адам шаш ұзындығы, шаш үлгісі, қас сияқты сыртқы сипаттарына назар аударады», – бет-әлептті ажыратуға арналғанкомьютерлік бағдарлама жасау жобасына қатысушы маман Ник Филлер.

_90656335_doppel3

Басқа да зерттеулердің барысында адамның, ең алдымен, көзге, кейіннен ауыз бен мұрынға қарайтыны анықталған.

Онда бұл басқа да адамдардың бет-әлпетінде ұқсас бөліктердің болу мүмкіндігін анықтауға байланысты туындайтын сұрақ.

«Бет пішініне жауап беретін гендер онша көп емес. Ал жер жүзінде миллиондаған адам бар. Сондықтан ұқсастықтың болуы да себепсіз емес», – дейді Рокфеллер универсиетінде бет-әлпетті қабылдауды зерттейтін Винрих Фрайвальд.

«Орташа статистикалық бет-әлпетті адамның өзіне ұқсас адамды табуы қиын емес», – дейді ол.

Сарғыш, қысқа шашты, қоңыр көзді, үлкен мұрынды, бет пішіні домалақ, қаба сақалды адамды елестетіңізші.

Мұндай бет-пішінге сәйкес келетін адамдар туралы мәлімет жоқ, алайда мұндай адамның өзіне ұқсас «сыңарын» табу мүмкіндігі төмен емес. Себебі ғаламшар тұрғындарының 55 пайызының көздері қоңыр түсті.

Сонымет қатар косметика өндірушілер жүргізген зерттеудің нәтижесінде әр жағдайдың оннан бірінде домалақ бетті адамдардың ұшырасқаны анықталған.

Еуропа мен Израильде жасалған фотосуреттерге жүргізілген зерттеу жұмысы үлкен мұрын ең көп таралған нұсқа (24,2%) екенін көрсеткен. Автордың пікірінше мұндай мұрын тартымсыз көрінеді.

Ендігі кезек шашқа да келді. Егер мұндай сипатты маңызды зерттеу жұмысы үшін мағынасыз десеңіз, қателескеніңіз. Америкалық Флорида штатындағы аттракциондар паркіндегі зерттеуге қатысқан 24 300 ер адамның 82 пайызының шашы иыққа жетпеген.

Ал шаш түсі табиғатын сары ер адамдар 2 пайызды ғана құраған. Оған қоса әзілдеп «сақалдылар мемлекеті» деп атайтын Ұлыбританияда ер адамдардың көбі сақал қойған. Мұндағы әр алтыншы ер адам қаба сақалды деуге болады.

_90656337_doppel4

Қарапай есеп мұндай сипатты адамды жолықтыру мүмкіндігі 100 000-нан біреу (0,00001020%) екендігін көрсетеді.

Бұл біздің қиялымыздағы азаматтың ғаламшарда 74 000-нан астам «сыңары» барын аңғартады.

Әрине, бет-әлпет бөліктерінің қаншалықты кең таралғанын көрсететін көп белгі күллі әлемге жарамды емес. Сол себепті біздің есептеуіміз тек жуықтап алынған.

Алайда, түрлі жұлдыздардың «сыңарларының» санына қарап, өзіміздің ақиқаттан алыс  еместігімізді түсінеміз.

«Бірге түскен суретіміз бүкіл ғаламторға тарап кеткеннен кейін, өзіме ұқсас жандар көп сияқты көріне бастады», – дейді Дуглас.

Әр адамның «сыңарының» бар болу мүмкіндігі қаншалықты жоғары?

Мұны білудің ең қарапайым жолы – бет-әлпет нұсқларының санын есептеп, оны жер шарында өмір сүріп жатқан адамдар санымен салыстыру.

_90656339_doppel5

Әлемде 7,4 миллиард түрлі бет-әлпет нұсқасы бар деген күннің өзінде, 7,4 миллиард адамға шаққанда, әр нұсқаның бір рет кездесетінін аңдаймыз.

Десе де бәрі де біз ойлағандай оңай емес. Бұл статистикалық тұрғыда мүмкін болу үшін, жер бетінде 150 миллиард шамасында адам өмір сүру керек.

Мұндай қайшылық статистикалық кездейсоқтықпен байланысты. Оны купон таңдау тапсырмасы арқылы суреттей аламыз.

Айталық, құтыда 50 купон бар. Оның біреуін алған соң, қайтадан құтыға салу қажет.

Олардың, ең болмаса, біреуін екі рет алу үшін неше мәрте купон алу керек болады?

Алғашқы бірнеше купонды алу үшін көп уақыт кетпейді. Соңғыларын алу бәрінен қиынырақ. Соңғы купондардың бірін ғана алу үшін, ораша сеппен, 50 рет тырысу керек. Сондықтан барлық 50 купонды екі мәрте алу үшін шамамен 225 рет әрекет жасалады.

Сол себепті көп адамның «сыңары» болуы мүмкін. Ал ұқсас адам әрқайсымызда бар ма? «Тұрақты және арагідік жолы болудың арасында үлкен айырмашылық бар», – дейді Олдус.

Бет-әлпеттің қанша нұсқасы барын ешкім нақты айта алмайды. Бәлкім, бұл сұрақтың кесімді жауабын ешқашан алмаспыз. Себебі ұқсастықты қабылду әркімде әрқалай.

_90656414_doppel7

Кей адамдар фотосуреттен өзін де танымай жатады. Ал кейбірі ір көрген адамның түрін еш уақытта ұмытпайды.

Біздің қабылдауымыздың таныстықтың жақындығымен байланысы зор.

«Кейбір ұқсас адамдар бір-бірімен ұшырасқанда: «Мен ешқандай ұқсастық көріп тұрғаным жоқ», – дейді. Ал өзге адамдарға олардың ұқсастығы тайға таңба басқандай көрініп тұрады», – дейді Брюнель.

Десе де Филлердің ойынша, «сыңарыңды» жолықтыру мүмкіндігі өте жоғары.

«Меніңше, әр адамның өзіне ұқсайтын «сыңары» бар. Әрине, бет-пішін ерекше болмаса», – дейді ол.

Фривальд та оның пікірін құптайды. «Өркениет дамыған заманда біз бұл сұрақтың жауабын жақындаймыз деп ойлаймын. Себебі біраз уақытта ғаламторға барлық адамның фотосуреті жүктелетін болар», – деп сенеді ғалым.

Бұл тақырыпқа ат басын тіреуіміздің себебі неде? «Ұқсас адамдар кездескен кезде олардың арасында ерекше байланыс пайда болады. Себебі олардың арасында ортақ бірдеңе бар».

Брюнель өз «сыңарын» іздеген мыңдаған адамнан жауап алған. Олардың көбі – қытайлықтар.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, біз өзімізге ұқсас адамдарды тартымды әрі сенім артуға тұрарлық деп білеміз. Бұл фактор сайлау кезінде үміткер таңдауда да рөл ойнайды.

«Түр-тұлғасы ұқсас адамдардың ДНҚ-лары көшедегі кез-келген екі адамдікіндей әртүрлі болуы мүмкін», – дейді Бристоль универсиетінің (Ұлыбритания) генетик маманы Лавиния Патерностер.

Өз «сыңарыңызбен» кейде орын алмасу турасында қиялға берілмес бұрын екеуіңіздің барлық жағынан ұқсас болатындарыңызға кепіл жоғын ескергеніңіз жөн.

«Менің бойым 170 сантиметр болса, оның бойының ұзындығы 190 сантиметр… Сондықтан біздің тек бет-пішініміз ғана ұқсас», – дейді Дуглас.

Талқылау