Өзінен бірнеше жас кіші қызға үйленген Абай Бегей таяуда сәбилі болатынын айтып қойды
Осы жылдың шілде айында екінші мәрте шаңырақ көтерген Абай Бегейдің жанұясында жағымды жаңалық. Әншінің келіншегі жүкті екен. Жеке өміріндегі қуанышты хабарды бірінші болып Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне жеткізген хитмен, көпшіліктен сүйінші сұрауды жөн көрген. Ерлі-зайыптылар таяуда сәбилі болмақ екен.
«Құдай қаласа жылдың басында ұлды боламыз деп күтіп отырмыз. Үйдегі екі кішкентай қызым бөпелерді көрсе қызығады. Өткенде бөпе сатып алайық па деп сұрақ қойдым. Иә, сатып алайық деді. Олай болса жылдың басында бөпе қарап көрейік, болса сатып аламыз деп қойғанмын. Бөпе сатып алу үшін апаларыңды (қазіргі жұбайы) кішкене перзентханаға жатқызу керек десем, жатқызайық онда дейді. Ұл әлде қыз алайық па дедім. Жоқ қыз керек емес, ұл алайық дейді. Бұйырса, болып қалар енді», – дейді әнші әке.
Десек те, әнші бұл күнге дейін талай қиындықты бастан кешкен. Көпшілігі екінші рет отбасын құрған Абайды сынап, үйленуіне қарсы болған. Әлеуметтік желідегілер жұбайы марқұм болса да, әлі күнге дейін шаңырақ көтермеген Медеу Арынбаевтан үлгі алуын талап еткен көрінеді.
«Ойбай, жас қыз алыпты. Неге өзінің қатарын алмады? Мысалы, Медеу Арынбаев ағамыз үйленбей отыр ғой» деп біреуді мысал қылады. Ол тағдыр. Сондықтан үйлену керек болды. Үйленбей қала беруге болатын еді. Бірақ көбісі үйленгенімді түсінбей жатыр. Той болған күні қатты сынады. Бірінші өзімнің шешімім және де үлкен кісілермен ақылдастым. Біраз ойланып барып үйленуге бел будым. Үш жарым жыл жүрдім. Мен үйленемін деген кезде көбісі қарсы шықты», – дейді Абай Бегей.
Сондай-ақ, алғашқыда екінші жұбайына үйренісу оңайға соқпапты. Өйткені, ерлі-зайытылар бір-бірін толықтай танып үлгермеген.
«Кемшіліксіз адам болмайды ғой. Түсініспеушіліктер кішкене болды. Бір-бірімізді толықтай білмейміз. Уақыт өте келе адамдар бір-бірін біледі. Содан кейін қиындықтардан өтеді. Қазір барлығы жақсы», – дейді Бегей.
Абай сұхбат барысында бақилық болған бірінші әйелінің туыстарымен қазіргі қарым-қатынасы жайлы да сөз қозғады. Бегейдің сөзіне сенсек, күйеу бала мен бұрынғы қайын жұрттың байланысы үзілмеген.
«Бұрынғы қайын жұртпен қарым-қатынасым жақсы. Менің оларға ешқандай жаман ойым жоқ. Мен оларға тек қана алғыс айтамын. Неге десеңіз кезінде Жанатқа үйленген кезде менің тұрмыстық жағдайыма көп көмектесті. Оларға еш өкпем жоқ. Балдыздарым осындай қиын жағдай болған кезде менің үйімде үш жыл отырды. Көмектесті және барлық жағдайға қарады. Сол себепті мен бұрынғы қайын жұртыммен қазір де араласуға еш қарсылығым жоқ. Қарым-қатынас үзілмейді, үзілген де жоқ», – дейді Абай.
Айта кетейік, Абай Бегейдің алғашқы некесінен үш қыз және бір ұлы бар. Әншінің бірінші жұбайы 2015-ші жылы дүниеден озған болатын.
Еске сала кетсек, бұған дейін Абай Бегей қыздарының екінші әйелімен сәлемдеспейтін жағдайға жеткені туралы мойындаған еді.