Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзгелерден ұзағырақ ұйықтайтын мемлекет қайсы

Ұялы телефонға арналған қосымшаның көмегімен америкалық ғалымдар әлем мемлекеттеріндегі ұйқы ерекшелігін анықтауға тырысты. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, голландиялықтар Жапония не Сингапур тұрғындарына қарағанда бір сағат артық ұйықтаса, әйелдер ер адамдарға қарағанда көбірек тәтті ұйқыға беріледі екен. Оған қоса, орта жастағы ер адамдар аз ұйықтайтын көрінеді.

matras(2)

Ғалымдардың болжауынша, бұл мәліметтер «жаһандық ұйқы дағдарысымен» күресуге көмектесе алады.

Зерттеу Мичиган университеті ғалымдар тобының 2014 жылы джетлагпен, яғни сағаттық белдеу өзгерісі синдромымен күресуге мүмкіндік беретін ұялы телефонға арналған Entrain қосымшасын ойлап табуынан басталды. Қолданушыларға көңілі қалаған уақытта өз мәліметтерін ғалымдар тобымен бөлісе алатындай мүмкіндік жасалған.

Нәтижесінде, Сингапур мен Жапония халқы орташа есеппен 7 сағат 24 минут, Нидераландыда 8 сағат 12 минут, Францияда 8 сағат, ал Ұлыбританияда 8 сағаттан сәл азырақ ұйықтайтындары анықталған.

Тәтті ұйқыға бата ғой…

Ғалымдар анықтағандай, ұйқы ұзақтығына ықпал ететін басты шарт – әр елде қалыптасқан ұйқыға жату уақыты.

Дағды бойынша қай ел тұрғындары кешірек ұйқыға жатса, тиісінше, өзгелермен салыстырғанда азырақ ұйықтайды. Ал күндізгі қам-қарекет басталар уақыттың ұйқы ұзақтығына айтарлықтай әсері жоқ.

Түнде кешірек ұйқыға жатуды қалауымыз бен ағзамыздың ертерек тұруды қажетсінуінің арасында айқын сәйкессіздік бар екендігін айтады зерттеушілердің бірі, профессор Дэниел Форджер.

«Қоғам бізді неғұрлым кешірек ұйқыға жатуға итермелесе, ал біздің ішкі биологиялық сағатымыз ертерек оянуымыз үшін тырысып бағуда. Ақыр соңында ұйқы ұзақтығы ғана зардап шекпек. Біздің пікірімізше, ол жаһандық ұйқы дағадарысының бір бөлшегі болып табылады», – дейді ол.

Ғалымның тұжырымы бойынша, бұл ретте таңертеңге қойылар оятқыш уақыты ғана емес, әр мемлекет халқының ұйқы алдындағы іс-әрекеті де маңызды.

Зерттеу барысында 30-60 жас аралығындағы әйелдердің ерлерге қарағанда жарты сағат артық ұйықтайтыны байқалған. Сонымен қатар, күндіз жарықта көп жұмыс істейтін адамдар ертерек ұйықтауға бейім келеді екен.

Ғалымдардың тағы бір анықтағаны, жас ұлғайған сайын ұйқы да өзге сипат алатын көрінеді: жастар ұйқысы кез-келген уақытта ұйқыға жатып, оянатындай жүйесіз сипатта болса, адам қартайған сайын ағзамыздың бұл қабілеті де өзгере түседі.

«Зерттеуде биологиялық сағатымыз бізді белгілі бір қызметтерді атқаруымызға бағдарламалауға күш салады. Алайда қоғамдағы жалпы ережеге сай өмір сүруге тырысатындығымыздан, оларды жүзеге асыруға шамамамыз жете бермейді. Бұлай жалғаса беретін болса, салдары неге апарып соғатыны әлі де белгісіз», – дейді Кембридж университетінің профессоры Акилеш Редди.

Бүгінгі күн ауысым бойынша жұмыс істейтін адамдардың жүйесіз ұйқы салдарынан түрлі ауруға душар болатыны белгілі. Оның ішінде 2-дәрежелі қант диабеті де бар.


Оқи отырыңыз:

Ұйқыңыз қанық болу үшін 5 ережені ұстаныңыз

Австралияда ағасы мен қарындасы ұйқысыздықтан зардап шегуде

Ғалымдар ұйқысыздық пен тамақты тойып жеудің байланысын түсіндірді

 

 

Талқылау