Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзбекстан президенті Абайды насихаттау туралы қаулыға қол қойды

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттау туралы қаулыға қол қойды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады Өзбекстан президентінің сайтына сілтеме жасап.

Құжатта ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбайұлының есімі мен мол шығармашылық мұрасы қазақ халқының ғана емес, барша түркі халықтарының, оның ішінде өзбек халқының рухани даму тарихында өшпес із қалдырғаны айтылған.

«Екі халықтың достығы мен бауырластығының нығаюына елеулі үлес қосқанын ескере отырып және Өзбекстан қоғамының қазақ әдебиеті мен өнерін тереңірек тануы үшін мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мақсатында Өзбекстанда Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеу мен насихаттау туралы ұсыныс мақұлдансын», – делінген құжатта.

Қаулыға сәйкес, Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеу мен насихаттау бойынша ұйымдастыру комитетінің құрамын бекіту жоспарлануда. Сондай-ақ, ұйымдастыру комитетіне бір айлық мерзімде шаралар тізімінің жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Сонымен бірге, құжатта Абайдың “Таңдамалы” шығармалар жинағын және «Өзбек-қазақ әдеби байланыстары» әдеби-сараптамалық мақалалар жинағын әзірлеп, баспаға беру ұсынылған.

Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетіндегі «Абай және өзбек әдебиеті» көрмесін тұрақты түрде ұйымдастыру және жыл сайын 10 тамызда – Абайдың туған күнінде Ташкенттегі ақын ескерткіші жанында салтанатты шаралар өткізу, оқушылар мен студенттер арасында «Абай шығармаларының білгірі» шығармалар байқауын ұйымдастыру ұсынылып отыр.

Одан бөлек, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мақалалар мен теле, радиоматериалдар әзірлеу, оқу орындарындағы мектептерде, әскери бөлімдер мен ұжымдарда тақырыптық кештер өткізу жоспарланды.

Тағы оқыңыз:

Қоғам белсендісі: Ерлан Біләл қылмыскер басымен Абайдың рөлін қалай сомдап жүр, мен болсам асылып өлер ем

Қарағанды жастары Төреғалидің концертіне қарсы шығып жатыр

Алматы облысында 5 баласы бар отбасы күйеуінен зәбір көрген 2 келіншек пен 14 баланы асырап алған

ШҚО-да тасыған өзеннің арғы бетінде қалған 7 адам 3 күн бойы сонда түнеген

 

Талқылау