Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өз денесімен жауып, қорғаған: Алматыда полковник сарбазды гранатаның жарылуынан құтқарып қалды

Алматыда ҰҚК шекара қызметінің офицері, полковник Сергей Смицких ерлік жасап, сарбазды гранатаның жарылуынан құтқарып қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҰҚК-ның шекара қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Өз денесімен жауып, қорғаған: Алматыда полковник сарбазды гранатаның жарылуынан құтқарып қалды

Оқиға 19 маусымда Алматыдағы 2027 әскери бөлімінде әскери граната лақтырудан жаттығу кезінде орын алған. Сергей Смицких граната лақтыру аумағында басқарушы болып тағайындалып, сарбаздарды жертасадан граната лақтыруға үйреткен. 

Мұндай жаттығулар тұрақты түрде өткізіліп тұрады және әскери гранатаның өзі қолданылады екен. Бұл басқарушылардан ғана емес, сарбаздардан да үлкен жауапкершілікті, жинақылықты талап етеді. 

Жаттығу кезінде қатарға жаңадан қосылған сарбаздардың бірі сасқалақтап қалып, гранатаның мұрындығын жұлғаннан кейін оны жертасаға құлатып алған. 

Мұны байқаған полковник Смицких бірден гранатаны жұлып алып, оны қауіпсіз жерге лақтырып, сарбазды өз денесімен жауып, қорғап қалған. 

Граната қауіпсіз жерде жарылды. Алайда жертасаның қабырғасын жанап өткендіктен, екі әскери қызметкер де түрлі жарақат алды. 

Кезекші дәрігер әскери қызметкерлерге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Артынша олар ҰҚК-ның әскери госпиталіне жеткізілді. 

Қазіргі уақытта олардың жағдайы қанағаттанарлық. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, дейді баспасөз қызметіндегілер.

Талқылау