Отанға деген махаббатпен рухтанған батыр: Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровтің ерен ерлігі
Біздің көпұлтты Отанымызда ерен ерлік көрсеткен батырлар көп. Олар туралы көп жазылды, бірақ олардың барлығына өлең арналған емес. Бұл құрмет Кеңес Одағының батыры, қазақтан шыққан ұшқыш Нұркен Әбдіровке бұйырды. Оған арнап Сапарғали Бегалин «Қанатты қазақ» өлеңін жазған болатын. Бүгінде Stan.kz ақпарат агенттігі ұшқыш қыран Нұркен Әбдіровтің ергілін еске алып, өмірінен сыр шертеді.
Нұркен Әбдіров 1919 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Жомер ауылында, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Жас кезінде Қарағанды көмір бассейнінің №1 шахтасында жұмыс істеді. Онда ол комсомол қатарына қосылып, комсомол ұйымының хатшысы болды. Көптеген құрдастары секілді, ол авиацияға қызығушылық танытып, Орынбор әскери авиация мектебіне оқуға түседі.
1942 жылы 9 қазанда емтихандарды сәтті тапсырған сержант Әбдіров 267-ші атқыштар авиациялық дивизиясының құрамына кіретін 808-ші шабуылдау авиация полкіне келді. Ұшқыштар Оңтүстік-Батыс майданда шабуыл жасап жатқан әскерлерді әуеден қолдады. 1942 жылдың 23 қазанында Борисоглебскеде қазақ баласы алғашқы шайқасына ұшады. Осылайша, Нұркеннің майдандағы өмірі басталды.
Шабуылдан бастап, шайқасқа дейін Әбдіровтің шабуылдаушы ұшағының ұшу дағдылары өсе берді. Сұрапыл соғыс майдандарында қазақ ұшқышы Нұркен Әбдіровтің Борис Алексеев, Питер Вычугжанин, Алексей Писанкомен арадағы майдандас достығы нығая түсті. Осындай құрамда, төрт шабуылдаушы ұшқыш жауынгерлік тапсырмаларға бірге шығып жүріп, «юнкерлер» мен «мессершмиттердің» де шабуылына төтеп берді. 16 рет жауынгерлік тапсырмамен әуеге ұшқан Нұркен Әбдіров фашистің 12 танкісін, 28 жүк көлігін, оқ-дәрі тиелген 18 көлігін, жанармай құйылған 3 цистернасын, 3 зеңбірегін және 50-ден астам неміс әскері мен офицерлерінің көзін жойды.
Бірақ, 1942 жылы 19 желтоқсанда Сталинград түбіндегі майдан Нұркен Әбдіровтың соңғы шайқасы болды. Ол оның 17-ші шабуылдық ұшуы еді. Сол күні, қатарында сержант Әбдіров бар төрт ұшқыш кіші лейтенант Алексеевтың басшылығымен Ростов облысының Боковская-Пономаревка ауданында жаудың күштеп нығайтылған шабуыл шебіне соққа жасап жатты. Әбдіровтың ұшағы ең соңында жүрді.
Қарсылас жақ ең күшті бөгеме зенит отымен біздің ұшқыштарымызға бекіністерді, техниканы, жау әскерін жоюға кедергі жасауға тырысты. Немістердің зенит батареялары арты артынан саптан шыға бастады.
Сол кезде сержант Вычукжаниновтың экипажы қиын жағдайға тап болып қалды. Бүкіл батарея оған қарай оқ жаудыра бастады. Сонда досының қиындыққа тап болғанын көрген Әбдіров оған көмекке келеді. Ол мүлт етпестен жау қаруын дәлдеп атып, біреуінің көзін жояды. Бірақ Вычукжаниннің ұшағы қирай бастағандықтан, өртке оранған күйі шыр айналып келіп, төмен қарай шүйлігіп құлады.
Бұл уақытта немістер Әбдіровтың «ИЛ-2» ұшағын да атып түсірген еді, бірақ ол шабуылын жалғастыра берді. Осы шайқаста Нұркен бірнеше дзотты, екі зенит артиллериясының екі нүктесін және алты танк, жиырмаға жуық фашисттің көзін жойды. Бірақ, осы кескілескен ұрыста неміс ұшқыштары Нұркеннің ұшағын атып түсіріп, «ИЛ-2» өртене бастады. Оларға ұшақтан секіріп кетуге болар еді, бірақ ұшқыш пен оның жанындағы мерген бұл ойдан бас тартты. Осыған қарамастан, батыл ұшқыш шабуыл жасауын тоқтатпады. Олар тұтқын болып қолға түскенше, ерлікпен өлгенді жөн көрді. Бір уақытта жалындаған от кабинаға кіре бастағанда, Нұркен ұшқыш-радиошы Александр Комиссаровқа өртеніп жатқан ұшақтан секіруді бұйырады.
Бірақ, ол майдандас досын жалғыз өзін өлімге тастап кетуден бас тартты. Сонда Әбдіров түтін мен жалынның арасынан танкілердің жанында тұрған бензовозды көріп қалып, жалындаған ұшағын жау техникасы тұрған тұсқа бағыттап, жібере салды. Осылайша, 23 жасар Нұркен Әбдіров эфир арқылы «Қош бол Отаным, достарым...», деген соңғы сөзін жіберіп, ерлікпен көз жұмады.
1943 жылы 29 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Әбдіровтың ата-анасына хат жолдайды.
Онда: «Нұркен Әбдіровтің ата-анасына! Әскери қолбасшылықтың хабарлауы бойынша, сіздің ұлыңыз сержант Нұркен Әбдіров Отан үшін болған жойқын шайқаста ерлікпен қаза тапты. Сіздің ұлыңыз Нұркен Әбдіровке неміс басқыншыраымен болған ұрыста қаһармандық ерлік көрсеткені үшін 1943 жылдың 31 наурызынан бастап, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумының қаулысымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Калинин»,- делінген.
Бұдан бөлек Нұркен Әбдіров Ленин орденімен марапатталды. Халық арасында батыр өлмейді деп айтып жатады. Сол секілді қазақтан шыққан батыл ұшқышымыз Нұркен Әбідіровтың да аты сол кездің өзінде де өлмеді. 1944 жылы Қарағанды кеншілері өз еркімен жинаған қаражатқа құрастырылған Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы ұшақ фашистермен шайқасқа түсті. Ол батыр Әбдіровтің ісін соңына дейін жеткізіп, фашистерді қырып-жойды.
Отан үшін соғысқа қатысып, үлкен ерлік көрсеткен Нұркен Әбдіровтің туған отанындағы бір ауылға батырдың есімі берілген. Сондай-ақ, Нұркенке аспанға ұшуға билет сыйлаған Қарағандыдағы ұшқыштар аэроклубы да Нұркен Әбдіровтің есімімен аталды.