Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскеменде жігіттерден зәбір көрген даяшы қызға араша түспек болған келіншектің өзі оңбай таяқ жеген

Куәгерлер мен жәбірленушілердің қауіпсіздігі талабын бұзғандар жауапқа тартылсын. Өскемен тұрғыны осындай талап қойып отыр. Тепсе темір үзетін жігіттерден оңбай таяқ жеп, тірі қалған келіншек полицейлердің опасыздығына налиды. Өзіне зәбір көрсеткендер енді өлтіруге бара ма деп қорқып отыр әйел.

Өскеменде жігіттерден зәбір көрген даяшы қызға араша түспек болған келіншектің өзі оңбай таяқ жеген

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Жол апатынан кейін енді ғана есін жиған Жанар есімді Өскемен тұрғыны тепсе темір үзетін үш жігіттен зәбір көріп, тағы төсекке таңылды.

«Өзім барған дәмхана маңында даяшы қыз мен үш жігіттің дауласып тұрғанын байқадым. Дөрекі мінез көрсеткендерді ішке кіргізбеймін деп тұр екен. Ана жігіттер қолдағы бөтелкелерін сындырып, қоқан-лоқы көрсете бастады. Мен араша түспек болғанда, біреуі мені қуыршақтай көтеріп барып, жерге құлатты. Естен танып қалыппын сол жерде», – дейді қала тұрғыны Жанар Сембинова.

Оқиға 22 қазанда болған. Жәбірленушінің сөзінше, 18 жастағы екі студент пен 22-дегі жігіт келіншекті құлатқанымен тоқтамай, аяусыз тепкілей бастапты. Болған жайттың бәрін есін жоғалтқан Жанарға даяшы айтып берген. Соққының қызығына кірген жігіттердің біреуі әйел өліп қалды деп ойлап, достарымен қаша жөнеліпті. Жанар есін тек ауруханада жиған. Бірден полицияға арыз тастады. Бірақ тергеушіні әлі көрмедім дейді. Араға бірнеше күн салып, есігін тәртіп сақшысы емес, әлгі жігіттер қаққан.

«Аяқ киімдерін шешпестен кіріп келгенде, абдырап, не істерімді білмедім. Тұратын жерімді кім айтқанын сұрадым. «Тергеуші берді, апай»,- деп жауап қатты. «Ұялы телефондарымыздың бәрін саттық, міне 200 мың теңге. Алғың келсе, ал, алғың келмесе өзің біл, біз тарбағатайлықпыз»,- деп дөрекі сөйлей бастады», – дейді қала тұрғыны Жанар Сембинова.

Ақшадан бас тартқан Жанарға жұдырығына сенген жігіттер қайта-қайта келе берген көрінеді. Телефон шалып, қорқыта бастады дейді. Тепкіден тентіреген келіншек үйден шығудан қорқып қалған. Қояр талабы бір: тепкінің астына алғандар мен мекен-жайын жайып салған тергеуші жауапқа тартылуы керек.

«Жәбірленушінің тұратын үйінің мекен-жайын тергеушінің жария етуі туралы ақпарат жөнінде осы факт бойынша қызметтік тергеп-тексеру жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша Үлбі полиция бөлімінің лауазымды тұлғаларын тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселесі қаралатын болады», – дейді ШҚО полиция департаментінің баспасөз-хатшысы Әйгерім Нұртазина.

Басынан кешкен жағдай туралы жазбаны Жанар әлеуметтік желіге жариялады. Жұдырық жұмсаған жігіттердің ата-анасының көзіне қарағым келеді дейді өзі. Әйелге қол көтеруге болмайтынын жеткізе алмаған солар да кінәлі деген пайымда.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау