Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ қыздары мейірімді, әдемі әрі пысық: Шотландиялық азамат өмірлік жарын Қазақстаннан тапты

Орал қаласының тумасы Әсел Мұқанаева шотландиялық Кенни Скеа есімді азаматқа тұрмысқа шыққан. Шотландиялық азаматтың сөзінше, қазақ қыздар өте қамқор әрі үй шаруасына тиянақты. Ал Әділет министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл сайын 2 мыңнан аса әйел шетелдікпен тұрмыс құрады.

Оралдық қызға үйленген шотландиялық азамат қазақ қыздары туралы: Олар - өте әдемі әрі шаруаға тиянақты

Бұл туралы «Астана» арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Әсел Мұқанаева шетелдік азаматқа тұрмысқа шығамын деп ойламаған. Алайда шетелдік компанияда аудармашы болып жұмыс істеп жүріп, шотландиялық Кенни Скеамен кездесіп қалады. Бүгінде ерлі-зайыпты 3 баласын тәрбиелеп отыр. Отбасында қос елдің дәстүлерін де ұстанатын көрінеді.

«Ол біздің қазаққа айналды. Барлық дәстүрді біледі. Қазақтар апта сайын көп қонақ шақырады. Күйеуім мұны көргінде: «Неткен тамаша! Керемет екен», – деп таңғалды. Себебі Шотландияда мұндай жоқ. Олар жиі кездесе бермейді. Әрі кетсе, 3-4 адам бас қосады», – дейді Орал қаласының тұрғыны Әсел Мұқанаева.

Ал Әселдің күйеуі Скеа Смит қазақ қыздарының шаруаға епті әрі сұлу екенін атап өтті.

«Қазақ қыздары өте әдемі, қылықты әрі үй шаруасына тиянақты. Олар Шотландиядағы әйелдер сияқты ашуланшақ емес. Жалпы, Қазақстан тұрғындары жайдары, жылы шырайлы. Көмек керек болса, аянып қалмайды. Бұл қуантады. Бұл елден екінші жартымды тапқаныма қуанамын», – дейді Шотландия азаматы Кеннет Скеа Смит.

Шотландиялық Рональд Симпсон есімді азамат та Қазақстаннан өз теңін тапқан. оның пікірінше, қазақстандық әйелдер – үй шаруасына пысық және қамқор ана. Сонымен қатар олар кез-келген ортада өзін қарапайым ұстап, ер адамға мойынсұна біледі.

«Қазақстандықтар өте жайдары, ұқыпты адамдар. Мен Бақытты Атырауда жұмыс істеп жүріп кездестірдім. Қазақ әйелдерінің ақыл-парасаты жоғары, сауатты әрі тамақты өте дәмді етіп дайындайды. Біздің үйде көбіне қазақтың ұлттық тағамдары дайындалады. Маған ол өте ұнайды», – дейді Шотландия азаматы Рональд Симпсон Коуй.

Рональд пен Бақыттың 9 жасар қызы Режина Симпсон екі ұлттың да салт-дәстүрі мен тілін жақсы біледі. Ол әкесіне ұқсағысы келеді. Сонымен қатар вахталық әдіспен жұмыс істейтін әкесін жиі көргісі келеді.

«Әкемнің жиі үйде болғанын қалаймын. Ол көп уақыт үйде болмайды. Ол –  мейірімді, бақытты, ақылды, көңілді адам. Әкемді жақсы көремін», – дейді Режина Симпсон Коуй.

Жанна Азаматова да шетелдік компанияда жұмыс істеп жүріп өмірлік жарын жолықтырған. Дәрігерлер оған қорқынышты диагноз қойған кезде, жанында тек италиялық Франческо Карбоне болыпты. Ер адам күн сайын сүйіктісіне гүл мен тәттілер әкеліп, ауруды жеңуіне көмектескен. Бүгінде ерлі-зайыпты 3 ұлын тәрбиелеп отыр.

«Ол Қазақстанның азаматтығын алғысы келеді. «Мен – қазақпын. Тана руынанмын», – дейді. Етті сүйіп жейді. Қазы-қартаны ұнатады. Ол Қазақстан халқы жылы шырайлы екенін айтады. Біздің елдегі үлкендерге көрсетілетін құрметті жоғары бағалайды. Балаларымыздың Қазақстанда тәрбиеленгенін қалайды», – дейді Орал қаласының тұрғыны Жанна Азаматова.

Әділет министрлігінің мәліметінше, отбасын құратын ғашықтар саны жыл сайын артып келеді. 2016 жылы 140 мың 840 адам шаңырақ көтерсе, былтыр 141 мың 785 адам отбасын құрған. Ал жыл сайын 2 мыңнан астам қазақстандық әйел шетелдік азаматқа тұрмысқа шығады екен.  Бұл орайда олар көбіне Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан азаматтарымен тұрмыс құрады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау