Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 10 жылдан кейін қандай жаңа мамандықтар пайда болады

Технологияның дамуымен бірге он жылдан кейін кибераналитик, цифрлық тігінші, генетикалық код редакторы секілді жаңа мамандықтар пайда болады. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осындай жаңалық айтып, депутаттардың жағасын ұстатты.

Қазақстанда 10 жылдан кейін қандай жаңа мамандықтар пайда болады

Оның айтуынша, 2030 жылға қарай әлемде мамандықтардың 85%-і жаңарады екен. Ал жаңа жылға дейін тіркелмесе, халық ұялы телефонды қалай пайдаланады? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

1 млрд-тан астам халқы бар Қытай шетте жүрген 432 мың маманын еліне шақырып алып, жағдай жасапты. Ал бізде қалай?

«2017 жылдың дерегіне сүйенсек, біздің елден 38 мыңға жуық азамат Қазақстаннан көшкен екен. Оның 5 мыңы IT саласының мамандары екен. Осы мамандарды елге қайта тарту үшін қандай шаралар жасалуда?» – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова.

«Осы цифрлы Қазақстан бағдарламасын қабылдаудың бір көрсеткіші осы. Елімізде арнайы жағдай жасау. Жұмыс болса, адамдар қайтып келеді. Бұйырса IT унивсерситет ашылуы мүмкін. Осы жерде Астана ХАБ бар» – дейді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, 2030 жылға қарай әлемдегі мамандықтардың 85 пайызы жаңарады. Кибераналитик, цифрлық тігінші, генетикалық код редакторы сияқты тың кадрларға сұраныс туады. Ол өмірдің заңы дейді министр.

«Жүргізуші деген мамандыққа 100 жыл болған шығар. Таксист дүниеге келгеніне 90 жыл болған шығар. Ол кезде де сіздер сияқты сұраған шығар. Кім айдайды деп. Қазір екінінің бірі болмаса да, көбі көлік жүргізеді» – дейді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

Егер цифрлық бағдарлама сәтті іске асырылса Абаевтың есімі тарихта қалады, ал сәтсіз болса халық оны да ұмытпай айтып жүреді дейді депутат Өксікбаев мырза. Министрді марқайтып қойған депутат осы саладағы қауіпсіздік мәселесіне алаңдаушылық танытты.

«Кез келген вирусты тастаса цифрландыруымыздың бәрі күл болады. Ешқандай төтеп беретін мүмкіндік болмайды. Бәрін соған байлап қойсақ бәрі тоқтайды. Есеп шот болмайды. Бүгінде қаражаттың барлығын қолға ұстамаймыз. Осыған қандай қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырсыздар?» – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депуттаты Омархан Өксікбаев.

Алайда Дәурен Абаев қауіпсіздік мәселесіне Қорғаныс және Аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жауапты екенін айтты. Жаңа ведомство сол үшін құрылыпты. Сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздік комитетінің де жұмысы, дейді министр. Ал ұялы телефондарды жаппай тіркеу біреуді аңду үшін емес деп сендірді ол. Мақсат – телефон арқылы қоғамға төнетін қауіптің алдын алу.

«Адамдарды аңду үшін басқа органдар бар. Осы мереке күндері азаматтарымызға кедергі жасамаймыз ба деп айта алам. Ешқандай проблема болмайды. Жаңа жыл күні де алаңдайтын мәселе жоқ» – дейді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

Депуттар көтерген тағы бір мәселе цифрлық технологияның дамуымен бірге халықтың жұмыспен қамтылуы. Себебі, бірнеше адамның қызметін бір аппарат атқаруы мүмкін. Министр, бұл орайда мамандардың уақыт талабына сай білім-білігін жетілдірудің, жаңартудың қажеттілігін айтты.

 

Талқылау