Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өмір тоқтап қалғандай болды: Бір көзінен айырылған Римма қиыншылықтармен қалай күрескенін айтты

Небәрі 11 жасында от шашудың кесірінен бір көзінен айырылған Римма Асқарованың тағдыры барша қазақстандықтарды алаңдатқан еді. Римманың оқиғасы жайлы жұрт желі белсенділерінің арқасында білді. Содан бастап қайырымды жандар бойжеткеннің еміне ақша аударып келеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Римма Асқарова

Бүгінде Израильде ота жасатуға дайындалып жатқан Римма бас-аяғы 14 миллион теңге жиналғанын қуана хабарлады.

Римма осы уақытқа дейін бастан өткен қиыншылықтармен қалай күрескенін әңгімелеп берді.

“Алла тағалаға көп ренжитін едім. “Неге менің пешенеме осылай жазылды екен?” деп күніге сұрақ қоятынмын. Өзімді іштей жейтінмін, сырт көзге қанша күлімсіресем де айнаға қарағаған сайын жүрегімді пышақпен тілгендей қатты ауыратын. Ең қиыны не, білесіздер ма?

Үміттің ақталмағаны… Қанша рет осында ота жасаттым, ауырды, жыладым бірақ ол ауырған түкке тұрғысыз болады, себебі отадан кейін көзімнен бинтті шешкенде сол көрмеген көз өзгермей, солай қала берді. Сонша шыдап, үміттеніп, асыға күткенім еш нәтижесіз болды… Бір рет, екінші рет, жетінші, сегізінші рет деп кете берді. Әр ота маған қиынға соқты. Дәрігерлер сезбейсің деп айтса да, мен барлығын сезіп, әрең шыдайтынмын”, – деп бастады әңгімесін Римма.

Алайда дәрігерлердің табалдырығын тоздырудан шаршаған бойжеткен күндердің күнінде үмітінің үзілгенін айтады.

“Қашанғы шыдайын? Мен де шаршадым, үмітімді үздім, берілдім. Жоқ, мен осылай қала беруіме көнбедім, менде амал жоқ болды. Қолымнан келгенін жасадым. Тегін квотаға да ілініп, не өзіміз де төлеп жасатқанымыздың нәтижесін көрмегендіктен, үміт қалмағандықтан, сенім үзілді.

Дәрігер: “Болды Аскарова, өзінді де, анаңды да, көзіңді де қинама, осымен тоқта” дегенді естігенде бір өмір тоқтап қалғандай сезілді. Себебі мен күніге таңертең өзіме “Аз қалды Римма, көзің көреді” деп айтып жүретінмін, ал енді? Енді менде үміт жоқ. Оны қабылдау қиынға соқты. Анама жасымды көрсетпеуге тырыстым, жалғыз қалғанымда бар өксігімді шығардым, бәріне Алла тағаламды кінәләй бастадым. “Не жаздым мен?” деп миллион рет сұрадым”, – дейді ол.

Алайда өмір Риммаға бәрін де төзе білуді, тіпті ең ауыр азаптан жақсылықты іздеуді үйреткен.

“Адам ары қарай өмір сүре береді ғой, қанша қиын болса да. Бірақ көзіммен осылай мені жаратушым сынаса да, әйтеуір қасыма адал достар бұйыртыпты.

Мен амалсыздан көнген көзімді енді ұмытайын деп бел буғанымда, Алла тағалам достарымның дұғасын қабыл етіп, олардың мен үшін жасаған амалдарына сәтті жол берді. Израиль елінен шақыру келді: “көзініздің қарашығы аман, емдейміз” деп.

Оның қаражатын көргенімде, одан сайын жаман болдым. Мұндай сомманы жинай алмайтынымды білдім, іштей “қайдан ғана үміт сыйлай қалып еді” деп жыладым, енді барлығы бітті деп көндіккенімде. “Көзің көреді, кел” деп Израильдің шақыруын естіген жанашырларым концерт ұймдастырып, достарым қолдарынан не келсе де аямады.

2 айдың ішінде 1 миллион 700 мың ақша жинадық, біз үшін бұл үлкен жетістік болды. Себебі бұрын-соңды бұндай іс-шаралар жайлы xабарымыз жоқ болатын. Бірақ мен үшін шаршаса да “шаршаған жоқпын” деп достарым жүрді”, – дейді Римма.

Дертіне дауа іздеген Римма бұдан кейін желі белсендісі Айдынға кезігеді. Оған бар хикаясын баяндап, көмек сұрайды. Бұған дейін талай жанған қол ұшын созған Айдын Римманың да бетін қайтармайды.

“Содан бері міне 2 апта өтті. Бірінші, сол кездескен күннен салынған жазбасынан бастап, кешегі іс шараға дейін шотымызда қазір 14 миллиондай бар. Алла тағаламнан дұрыс сұрамаған екенмін, ал достарым мен үшін тырысқанның арқасында, @janym_baklajanym маған сеніп, xалықтың мейіріміне сенгенінің арқасында міне 2 ақ аптада 14 миллион болды.

Мен Алла тағаламнан дұрыс сұрамаған екенмін, бірақ осы жылы Қасиетті Рамазан айында Жаратушымнан бір кереметті сұраған едім, әр дұғамда маған мүмкіндік беруін өтіндім. Нәтижесін өздерініз көріп жүрсіздер, мені бүкіл қазақ халқы қолдады, маған жарық сыйлады! Сіздерге Алла разы болсын. Тәңіріме шексіз мадақ!” – дейді Римма.

Айта кетейік, Римма Асқарованың отасына бас-аяғы 16 миллион теңге қажет.

Талқылау