Өлердей ғашықпын: Жұлдыз Өмірғали Айқын үшін өмірін қиюға дайын екенін айтты
Жұлдыз Өмірғали Айқынмен қарым-қатынасы жайлы ата-әжесіне айтқан соң, жақындарымен байланысын үзген. Әншіні бағып-қаққан әжесі онымен тілдеспей қойыпты. Ал осыдан 9 жыл бұрын әкесінен айырылып қалған Жұлдыз асқар тауым тірі болғанда, өмірім басқаша қалыптасар ма еді деп өкінеді.
Бұл туралы Stan.kz “Қалаулым” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жұлдыз сұхбат барысында Айқынды қатты жақсы көретінін айтып, көзіне жас алды. “Ол кісіге өлердей ғашықпын. Өмірімді бере салуға дайынмын”, – деді ол.
Сондай-ақ, Жұлдыз әкесінің бұл өмірден озғанына өкінетінін айтты.
“Әкем 9 жыл бұрын марқұм болды. Әкеммен сөйлескен кезде: – Не үшін қазір тірі емессің? Неге қасымда емессің? Мүмкін бәрі басқаша болар ма еді? – деп ойлаймын. Мүмкін қазір шоу-бизнесте болмас пе едім деп те ойлаймын. Бірақ басымнан өткен оқиғалардың бірде бірін өзгертіп, артқа қайтарғым келмейді. Бәрі орнымен болар. Көнеміз енді, қайтеміз”, – дейді Жұлдыз.
Өмірғалидің анасы осыдан 8 жыл бұрын екінші мәрте отбасын құрған. Ал жастай әкесінен айырылған Жұлдызды ата-әжесі тәрбиелеп өсірген.
“Өмірдегі ең жақын сырласым – апам. Ол кісі Айқын туралы білгенде менімен сөйлеспей қойды. Қатты ренжіді. Бірақ қазір бәрі жақсы. Ата-енем де жақсы, құдалар бір-бірін қонаққа шақырып, араласып тұрады. Мен де ет асып, жиі шақыруға тырысамын”, – дейді Жұлдыз.
Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.