ОҚО-да ашынған мұғалімдер директордың былығын әшкереледі
Оңтүстік Қазақстанда Әсіларық мектебінің мұғалімдері директордың құлқынын толтыра алмай шаршап жүр. Оқу орнын тексеруге келетін өрт сөндірушілер мен СЭС қызметкерлеріне деп ақша жинайтын басшы мектепті аттестациядан өтуге деп мұғалімдерден 25 мыңнан алыпты. Бірақ сынақтан мектеп өтпей, ақша да қайтарылмаған. Бұл туралы КТК хабарлайды.
Енді наразы ұстаздардың бір тобы директор орнынан кетсін деп талап қойса, екіншілері оны жақтап әлек.
Әсіларық ауылындағы жалғыз мектепте бір жылдан бері тыныштық жоқ. Ұстаздардың айтуынша, директор қит етсе теңге жинауды әдетке айналдырыпты. Жұмысқа кіргізу үшін де, сабақтың сағатын көбейту үшін де шытырлатып ақша алатын басшы, жыл басында аттестация үшін де 25 мыңнан жинады дейді олар. Бірақ, мектеп сол күйі сынақтан өтпей қалыпты.
“25 мың теңгені қайтаруды біз талап етіп отырмыз. Бала-шағамыздың аузынан жырып беріп отырған ақша. 25 мың теңгеден 50 мұғалім беріп отыр.ол миллиондаған қаржы”, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы мектеп директорының орынбасары Айгүл Рүстемова.
Тіпті, СЭС, өрт сөндірушілер мен өзге қызметтер мектепке тексеріспен келсе де әр мұғалім ақша жинайды екен. Осыдан әбден мезі болған ұстаздар Қатира Жұмабек директор боп келгелі білім сапасының да тым төмендеп кеткенін айтады. Аядай ғана ауылға тез тараған былық елді екіге бөліп, тіпті оқушылар арасына жік түсірген. Ал, өзін бірі жақтап, екіншісі даттап қырық пышақ болған ұстаздар арасына жарты сағаттан соң директор Қатира Жұмабек те шықты. Айтуынша, мектепте арақ ішкен кей мұғалімді ұстап түсініктеме жаздырған. Сондықтан жанжалдың шығуына мұғалімдердің кегі себепкер болуы мүмкін дейді ол.
“Мектепте маған ешкім ақша берген жоқ. Қолыма ешкім ақша ұстатқан жоқ. Заң жүзінде дәлелдеп көрсетсін. Бірінші аттестациядан өтті мектеп. Бірақ 9-шы, 10-шы, 1-ші сыныптың білім сапасының төмендігінен өте алмай қалдық”, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры Қатира Жұмабек.
Ұстаздар болса, арақ ішті деген директор сөзін қып-қызыл жала дейді. Сондықтан, тіпті ар-намысы тапталғаны үшін соттаспақ. Жалпы, мұғалімдердің бір тобы былтыр ақша жинағыш басшының үстінен Сайрам ауданындағы құзырлы органдарға арыз түсірген. Алайда, ешқандай нәтижесін көре алмапты. Сондықтан, әсіларықтық педагогтар мәселеге министрліктің араласуын сұрап отыр.
Оқи отырыңыз:
Шахан трагедиясы: Қаза тапқандардың отбасы тағы да миллион теңгеден алды
Алматы әуежайында Түркияның 6 азаматы жалған құжатпен ұсталды