Оқ көзіне тиген: Павлодар облысында колледж студенті мектеп оқушысын атып өлтіре жаздады
Павлодар облысында колледж студенті 8-сынып оқушысын атып өлтіре жаздады. Пневматикалық қарудан атылған оқ 14 жастағы жеткіншектің көзіне тиген. Ота бірнеше сағатқа созылды. Алайда дәрігерлер оқты алма алмады, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.
«Қазіргі уақытта көзді ағза ретінде сақтап қалғанымызды ғана айта аламын. Алайда оның функцияларын алдағы уақытта динамикалық бақылау арқылы қарау керек болады. Әзірге болжам анық емес», - дейді облыстық балалар ауруханасының директоры Гүлсара Тәмпішева.
Оқиға Шарбақты аулында орын алған. Колледж студентінің сөзінше, пневматикалық қаруды көл жағасынан тауып алған және 8-сынып оқушысына оқ ату туралы ойы болмапты. Оқ атылып кетіп, қақпаның арғы жағындағы оқушының көзіне тиді, дейді ол.
Студентке қатысты ҚР ҚК «денсаулыққа орташа ауыр зиян келтіру» бабы бойынша іс қозғалған.
Ал зардап шеккен Ақжолдың туыстары ол өмір бойы мүгедек болып қала ма деп қорқады. Және оған оқ әдейі атылуы мүмкін деп күдіктенеді.
«Әрине, әркім өз баласын қорғайды. Көршілер ұлдарының әдейі істемегенін айтады. Ұлым қашып келе жатқанда оның көздеп, көзіне оқ атқанын айтты», - дейді зардап шеккен оқушының анасы.