Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өгей әкем ұрып, өз анам бауырына баспады: Амалы таусылған 15 жастағы қыз күйеуге тиіп кеткен

Өткен жылды елімізде 15 пен 17 жас аралығындағы 3000-ға тарта бойжеткен жүкті болып қалған. Сорақысы сол – некесіз нәрестелі болғандардың 20-сы 15-ке де толмаған.

Оның алтауы Шығыс Қазақстан облысында. Тізімді Жамбыл, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстары жалғастырады, деп хабарлайды Евразия арнасы.

Ерте жүктліліктік салдарынан тірі жетімдер көбеюде. Еліміздегі балалар үйіндегі нәрестелердің 70 пайызының ата-анасы бар.

«Тағдыр деген қандай екенін білмейсің, не сенің маңдайыңда жазылғанын білмейсің. Ол тек қана Алланың жазғаны» – дейді қарагөзіміздің бірі.

Тағдырын өзгертуге өрімдей Гауһардың қауқары жетпейді. Кәмелеттік жасқа енді жеткен жас қыздың жасыған күндері көп, тасыған емес…

«Өгей әкем  қол жұмсайтын еді маған. Қолмен, қамшымен, егер сіңлілеріме дұрыс қарамасам, сіңлімді жуындырмасам, үйімнен  далаға сұранбай шықсам, сол кезде қатты ұратын» – дейді жас ана Гауһар Махметова.

Өгейді қойшы, өз әкесінен мейірім болған жоқ. Туған кезінде ақ тастап кеткен. Содан бері келмепті. Екінші күйеуінен үш бала дүниеге келген. Содан анасының аялы алақанын да көрмепті.

«Өгей әкем шешемді ұратын кезде мамады барып құшақтаған кезімде мамам маған айтатын сен тиіспе, сен менің қызым емессің, бірақ кейін менің сіңлілерім барған кезде оларды өз құшағына алатын. Басқа сіңлілерімнен бөледі мені. Олар оған жақын болып кетті, маған қарағанда» – дейді жас ана Гауһар Махметова.

Балалықтың бал дәмін татпағасын, ерте есеюге асықты. Он беске келгенде, тілегенге табылғандай танымайтын жігіт алып қашты. Жүрек құрғыр ол жігітті қаламаса да, қалмасына амал болмады. Арада екі ай өткесін, бала көтерді. Басында бәрі кинодағыдай керемет еді, кейін…

«Мен жеті айымда екіқабат болғанда, үйге қатты мас болып келді. Сол кезде маған сен басқа жігітпен жүрдің деп айтты. Бірақ солай айтуға не себеп болғанын білмеймін. Мүмкін достары айтты ма солай. Сол кезде маған қол жұмсады түні бойы.  Арқамды қатты ұрып тастады.  Көгерген жерлер көп болды» – дейді жас ана Гауһар Махметова.

Бұл бір ретпен шектелмеді. Салдары жақсылыққа әкелмеді. Күйеуінен көрген физикалық, қоғамнан алған рухани соққы, өмірмен қоштасуға талай рет итермеледі.

«Адамдар жаман көзбен қарады.Ол әлі кішкентай қыз ғой, неменеге аяғы ауыр болып жүр деп сол ауыр болды адамдардың жаман көздері, ала көздерімен қарады, әлі кішкентайсың ғой, жігітпен жүріп қалдың ба деп» – дейді жас ана Гауһар Махметова.

Діни һәм заңды некеге тұрмай, ар-ұятты ұрмай, бесіктен белі шықпай баланы белге байлау – қазақ қоғамына жат құбылыс дерсіз. Жат болғанымен жігітпен ерте жастан төсекте болатындар көп.

Былтыр үш мыңға жуық қыз кәмелетке толмай жүкті болған. Рекордтық көрсеткіш Оңтүстік өңірге тиесілі. Кейінгі орында Алматы, Жамбыл және Қарағанды облыстары тұр.

«Түсіктен кейін көп жағдайда бедеулік болып жатады. 18 жасқа толмағандарда асқынулар көп болып жатады. Асқынудың болатын себебі айттым ғой, олар толық қанды горомоналдық дамымаған, дамымағаннан кейін оларда жүктіңліңктң үзілудің қаупі, ерте босану қаупі сондай жағдайлар болып жатады» – дейді «Ана мен бала» ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі Жұпар Наханова.

Медицина ерте жүктіліктен болатын жасанды түсікті жақтыртпайды, дін де құптамайды. Себеп – некесіз бала. Болуы мүмкін болашағы шала.  Жауапсыз қадамның бұ дүниеде болмаса да, о дүниеде жауап салмағы тым ауыр.

«Некесіз ондай әрекетке барған нәрсе ол шариғатта зина деп аталады яғни оның улкен ауыр үлкен күнә екендігі анык Бірак оның балаға әсер етпейді» – дейді имам Ерболат Бөлтірікмұхам.

Қызға қырық үйден тыйым дейтін қазақ үшін бұл мәселе қиын.  Қыздарымыздан ар-ұят кетті, я тәрбиесіз деп Күлтөбенің басында жасауға болады күнде жиын.Бірақ, мамандардың айтуынша, бұл мәселеге қатпасын тек миың. Түйткілдің түйінін тарқатар шешім біреу ғана  жанұядағы жылулық.  Қала берді қызымен құрбысындай сырласпау.

«Көбінесе ата-аналар бұл туралы жыныстық қарым-қатынас туралы, есею туралы, гармондық өзгерістер туралы әңгімелеспейді. Қыздарын ата-аналары әңгімеге тартпайды. Сондықтан, бұл тақырып көп отбасыда, көбіне қазақ отбасыларында жабық тақырып сияқты. Сондықтан, жасөспірім бала оны білмегендіктен, білімсіздіктен , өзінің сезімін басқара алмағандықтан, сондай жауапсыз қадамдарға барады» – дейді психолог Ғибрат Сағындықова.

Ал Гауһар «Үміт» дейтін дағдарыс орталығында. Барар жер, басар тауы жоқ қос бұрымдының екеуі де әкесіз өскен, енді балалары әкесіз өсуі мүмкін. Ал әкесіз өскен баланың тәрбиесі қандай боларын ой таразысына өзіңіз саларсыз. Дамудан қалыс, аяғын шалыс баспау үшін бейкунә балаға шеше де, әке де керек.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау