Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Облыстық басылымдарда өз әкіміне мақала арнаудан жарыс өтіп жатқандай

Жамбыл облысының әкімі мақтаудан ада емес. Өйткені, еліміздің аймақтарындағы ресми басылымдар облыс әкімдерінің әр қадамын жазуды әдетке айналдырған. Тіпті өңірге тарайтын облыстық газеттердегі бас мақаланың өзі әкімдерден басталып, суреттері де әр номер сайын бірінші бетке шығуы дәстүрге айналған.

Газет

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Қарағандыдағы «Орталық Қазақстан» газетінде шенділердің есімдерінен көз сүрінеді. Құдды облыста шенеуніктерден өзге халық жоқ сияқты. Әсіресе, облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің әр өткізген жиыны мен кездесуі жөнінде мақала көп. Кеншілер аймағының бетке ұстар, сегіз беттік газетінің бір санының өзінде әкімнің аты-жөні тоғыз рет кездесіп, үлкен суреті де басылған. Ал аптасына бір рет шығатын «Арқа Ақшамының” соңғы санында Нұрмұхамбет Қанапияұлының есімі үш рет көрсетілген.

Қарағанды әкімінен, Ақтөбеннің басшысы да қалыс қалмай, рекорд орнатты. Белсенді әкім Бердібек Сапарбаевтың есімі «Ақтөбе» газетінің бір номерінің өзінде он екі рет кездеседі. Тіпті, кейбір мақалада шендінің аты-жөні бес рет аталған. Ал, бұл газет аптасына үш рет шығатынын тағы ескеріңіз.

Ал, екі мың данамен шығатын «Атырау» газеті облыс әкімі Бақтықожа Ізмұханбетовтың түрлі кездесулер өткізіп, жұмысқа белсенді екенін көрсеткен. Басылымда тоғыз рет аты аталған басшының атқарған қызметі де жоғары бағаланады.

Қызылода облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың игі істерін «Сыр бойы» басылымы екі мақалаға бөліп, есімін төрт рет атаған.

Ал Тараздағы «Ақ жол» газетінде Жамбыл облысының əкімі Кәрім Көкірекбаевтың аты жыл басынан бері он үш рет аталып, бір суреті жарық көрген.

Алматы облысы да өңір басшысының аты-жөнін тізбектеп жазуда. Мəселен “Огни Алатау” қоғамдық-саяси газеті бір мақаланың өзінде облыс əкімі Амандық Баталовтың есімін бес рет атаған.

Сонымен, жинақтай келгенде, Сапарбаевтың аты-жөні 14, Әбдібеков – 9, Ізмұхамбетов – 9, Көшербаев – 4 рет аталғанының өзі – халықтың салығынан жиналған бюджеттік басылымдар әкімдерді әспеттеумен ғана айналысып отырғандай әсер қалдырады.

Ешбір өңірде бұл газеттер әлі әкімдердің меншігіне өтпеген. Бірақ, мұғалімдер мен дәрігерлерді күштеп жазғызатын басылымдар – дағдарыстағы мұғалімнің мұңы мен медбикенің жалақысын емес, жарты патшаға айналғандай әкімдердің әр қадамын репортаж жасаумен жүр. Ал халық әкімдердің жақсылығын ісінен емес, газет беттерінен көріп аң-таң.

Талқылау