Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұртас Адамбайдың «Тараз» фильмі халықаралық 5 фестивальге қатысады

Режиссер Нұртас Адамбайдың кезекті туындысы – «Тараз» фильмі кинопрокатқа шықпай жатып-ақ халықаралық кинофестивальдерге жолдама алды.

14145421_1075322425879174_576172622_n

Бұл туралы фильм режиссері әрі актері Нұртас Адамбай желідегі парақшасында қуана хабарлады.

5 халықаралық кинофестивальдің ұйымдастырушылары аталмыш туындыны байқау бағдарламасына қосқан. Атап айтсақ:
San Francisco International New Concept Film Festival (АҚШ), – Hamilton Film Festival and Canadian Film Market (Канада), – Gallup Film Festival (АҚШ), – Princeton Independent Film Festival (АҚШ), – Festival Internacional de Cine de Autor (Мексика).

«Аталған фестивальдердің ұйымдастырушылары кинокартинаның сапасын жоғары бағалап, таңдаулы фильмдердің қатарына қосты. «Festival Internacional de Cine de Autor» (Мексика) байқауы әділ-қазыларының бірі Ерзан Ортег (Jerzain Ortega) фильм туралы ойымен бөлісіп, хат жазғанда өте қуанышты болдық», – дейді Адамбай.

Адамбай Ортегтің хатын орысшаға аудару барысында автордың эмоциясын мейлінше сақтап қалуға тырысқандығын айтты. Ал Stan.kz тілшісі назарларыңызға хаттың қазақша нұсқасын ұсынады.

14145530_1148130791876088_1917524735_n

«Қазақстан алға! Бұл біздің кинофестивальдегі бәрі қамтылған ең үздік фильм. Оператордың нақты әрі әдемі жұмысы, сан түрлі түстердің үйлесімділігі бар. Режиссурасы тастай қатты. Жасампаз һәм креативті, ерекше стильді, режиссер ішкі жан дүниесін, бар жүрегін жеткізе білген фильм. Актерлік құрам өте сәтті таңдалған, оны актерлардың фильмдегі жұмысынан байқауға болады. Көрерменнің фильмге еніп, жан-тәнімен сезінері сөзсіз. Хикая мінсіз. Саундтрек бас кейіпкерлердің күйін сезіне түсуге септігін тигізеді. Көрермен де еркінен тыс аталмыш туындының қатысушысы болып шыға келеді. Мен бұл кинокартинаға ғашықпын және оны «Festival Internacional de Cine de Autor» (Гвадалахара, Мексика) байқауында «Жылдың үздік фильмі» аталымына ұсынамын. Сондай-ақ, «Тараз» фильмі басқа да халықаралық фестивальдерден жауап күтуде. Біздің жаңа «балапанымыз» бар үмітті ақтап, лайықты жүлделеріне қол жеткізеді деп үміттенеміз», – дейді Ерзан Ортег.

Айта кетейік, «Тараз» фильмі кинопрокатқа 13 қазанда шығады. Режиссер, продюсер әрі актер Нұртас Адамбай өзі туып өскен қалаға алғыс ретінде аталмыш туындыны түсірген. Мұнда Адамбайдан бөлек, танымал актер және актрисалар Еркебұлан Дайыров, Гүлназ Жоланова, Асан Мәжіт, Төлепберген Байсақалов, Кәмшат Жолдыбаева басты рөлдерді сомдайды. Шетелдік киносыншылар мақтаған төл туындымызды біз де асыға күтудеміз!

 

Талқылау