Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Нұрсұлтан Назарбаев елімізде билеті арзан әуе компаниясын құруды тапсырды
ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше, 2 қарашада, инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі Ричард Эванс және «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Питер Фостерді қабылдады. Кездесу барысында елбасы елімізде бюджеттік әуе компаниясын құруды тапсырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.
Аталған кездесуде еліміздегі азаматтық авиацияны дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар «Эйр Астана» әуе компаниясының бүгінгі күндегі ахуалы мен перспективалары туралы сөз болды.
«Эйр Астана» – біздің негізгі әуе тасымалдаушы компаниямыз. Біз оны Ричард Эванспен бірлесе құрдық. Осы жылдар ішінде көп жұмыс атқарылды. Бүгінде компания жақсы қырынан танылып, оң имидж қалыптастырды», – дейді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, әуе тасымалы нарығындағы соңғы үрдістер жөнінде айтылды. Кездесуге қатысушылар ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты азаматтық авиацияны басқарудың британдық моделінің элементтерін енгізу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталды.
Инвестициялар және даму министрінің мәліметінше, биылғы жылы мемлекетімізде 13 бағыт бойынша әуе рейстері ашылған. Оған қоса Астана қаласында «ашық аспан» пилоттық жобасы жүзеге асырылыпты.
Кездесу соңында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әуе тасымалы қызметінің халыққа қол жетімділігін арттырудың қаншалықты маңызды екенін айтты. Сонымен қатар «Эйр Астана» компаниясының базасында төмендетілген тариф бойынша көлік қызметін көрсететін бюджеттік әуе компаниясын құруды тапсырды.