Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Соттан кейін аспанға ұшып келген ғарышкердей танылдым – Нүкеноваға сот медициналық сараптама жасаған Тахир Халимназаров

Әйелін аса қатігездікпен өлтірді деген күдікке ілінген Бишімбаевтың сотында Салтанат Нүкеноваға сот медициналық сараптама жасаған Тахир Халимназаров Дина Төлепбергенге сұхбат беріп, бұған дейін айтылмаған деректермен бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат хабарлайды. 

Фото: Ашық дереккөзден

Маманның сөзінше, бұған дейін қанша сараптама жасаса да, дәл бұлай халық назарына ілігеді деп ойламаған

“Мен бұлай болады деп мүлде күтпедім. Бұл менің күнделікті жұмысым. 30 жыл бойы қаншама сот көрдім. Соншалықты қатты күрделі де сараптама емес. Бірақ қанша сот сараптамасын жасап келсем де, мұншалықты халықтың назарына ілікпегем. Осы соттан кейін, аспанға ұшып келген ғарышкердей болдым. Жұмыс барысында  тіпті осы саладан кетіп қалғым келетін бұдан да күрделі талай жағдайлар болған. Бірақ қазір қиындықтарға шыдап, өз мамандығыма адал болып қалғаныма қуанамын”, – деді ол. 

Тахир Халимназаров әлеуметтік желідегі парақшасын балалары ашып бергенін айтады. Бірақ желіні әлі түсіне қоймаған. 

“Бұл адамдармен байланысуға, сұрақтарына жауап беруге, көмектесуге себеп болады дегесін, ашуға келісім бердім. Олар 10 мың, 20 мың, 100 мың оқырман жазылды деп қуанып жатты. Мен бұл халықтың алғысы деп қабылдадым. Өмірде халықтың алғысына бөленгеннен артық бақыт жоқ қой”, – деп қосты сарапшы. 

Сот-медициналық сарапшы ресейлік әріптестерінің дәл осындай қорытынды жасайтынын күткен. Оның үстіне қорытындыны қандай да бір мекеменің атынан емес, өздерінің атынан берген дейді. 

“Ондай жағдайды біз күткенбіз. Өйткені ондай жағдай біздің тәжірибемізде болып тұрады. Олардың жазғанына сүйенсек, бұл жерде қылмыс болмаған болып тұр ғой. Айтуларынша, қан ұйығанына бір айдан асып кеткен, сол ашылып кеткен, соның әсерінен қайтыс болды. Бұл сараптама емес, бұл ресейлік екі маманның жәй ғана көзқарасы. Олар сараптаманы қандай да бір мекеменің немесе университеттің атынан беріп тұрған жоқ, өздерінің атынан беріп тұр. Ондай қорытындыны олар тегін жасамайды. Негізгі мәселе сол болып тұр ғой, ол жерде біраз қаражаттың мәселесі жатыр. Онда біздегі сарапшыларға төленетін ақшадан әлдеқайда көп төлейтіні анық”, – деді маман. 

Өз сөзінде Тахир Халимназаров отбасыда зорлық-зомбылық көрсететіндер туралы да айтып өтті. 

“Бұл ең бірінші тәрбиеге байланысты деп есептеймін. Бала тәрбиені мектептегі мұғалімнен, бақшадағы тәрбиешіден емес, өз ата-анасынан алуы керек. Балаға кім үлгі блолады? Әкесі мен анасы. Әкесі анасымен қалай сөйлеседі, анасы қалай жауап қайтарады? Осының барлығы келе-келе баланың мінезін қалыптастырады. Анасын күнде ұрғанды көрген бала бұл дұрыс нәрсе екен деп ойлайды. Көзбен көрген үйреншікті нәрсе олардың қанына, миына сіңіп кетеді”, – дейді ол.

 

Талқылау