Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ниццадағы лаңкестіктің куәсі болған қандасымыз басынан кешкенін баяндап берді

Теракт кезінде Ниццада болған қазақстандық Алтынай Сұлтанғалиева қайғылы оқиға туралы Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында айтып берді. Сорбоннаның заманауи әдебиет факультетінің студенті күйеуімен Ниццада сол уақытта демалып жүрген.

ницца

«22:00-де отшашу болды. Біз де қала тұрғындары мен қонақтары секілді отшашуды тамашалау үшін жағалауға бардық. Кейін кешкі ас ішу үшін қаланың орталық бөлігіне бардық. Суши алғымыз келген дәмхананың жабық екенін көріп, 50 метр жердегі басқа дәмханаға бет алдық. Екінші дәмхананың да жабылып жатқанын көріп, Тима екеуміз тамақ ішетін жер іздеп тұрғанда, «Қашыңдар!» деген дауыс естілді. Бір топ халық, балалар, егде қарттар, айқайлаған әйелдер бәрі біз жаққа қашып келе жатыр. Тима менің қолымнан ұстап, сүйрей жөнелді. Айқай-шу үдей түсті, артыма қарағанда адамдардың бір-бірін итеріп, таптап келе жатқанын көрдім. Адасып қалған балалар ата-анасын таппай жылады, ата-аналар өз балаларын жанұшыра іздеп жатыр. Адам айтса нанғысыз оқиғаға сенгім келмеді», – деп жазды Алтынай өзінің Instagram парақшасында.

«Мен «Мүмкін емес. Бәрі қалжың шығар» деп ойладым. Бірақ қашу керектігін ұғып, террасадағы орындықтарды итере жүгірдік. «Ол жаққа бармаңдар! Онда оқ атып жатыр!», деп айқайлады қарсы алдымыздан шыққан қыз. Жұрт ошарыла қалып, басқа жаққа қаша жөнелді. Барлық жақтан бірнеше тілде «Онда оқ атылып жатыр! Ол жақ қауіпті! Қашыңдар, мен оны көріп тұрмын! Тез қашыңдар!» деген сөздерді естідім. Өтпелі жолда бір әйел тұра алмай құлап жатты, халық оны таптап өтті. Мен өзімнің ыңғайсыз аяқ киімімді шешіп жалаңаяқ жүгірдім. «Марсельде теракт болды! Адамдарды өлтірді!» деді біреу. Марселі несі, ол мына жерден 300 шақырым қашықтықта емес пе? Атыс осында болып жатқан жоқ па? Осы кезде Тима аулаға кіретін кішкентай есік тапты. Біз құлпылы қақпадан секіріп өтіп, көліктің артына тығылдық».

«Ең қорқыныштысы, көшеде халық жүгіріп жүр және не болып жатқанынан еш хабарың жоқ. Күні бойы тынбайтын полиция дабылының үні естілмеді. Жағалауда қарулы адамның жүргені туралы алғашқы ақпараттар түсе бастады. Сол мезетке дейін өмірді қаншалықты сүйетінімді, қаншалықты қорқып отырғанымды түсіндім және «өңім бе, түсім бе?» деп сенер-сенбесімді білмедім. У-шу басылған соң, аулаға кірген әжей жағдайдың тұрақталғанын айтты. Біз өз үйімізге бет алдық. Көшеде халық болған жоқ. Әрбір артық дыбыс, жел қозғаған жапырақ сыбдыры бізге қауіп төндіргендей еді. Үйімізге 50 метр қалғанда, алдымыздан қарулы полиция қызметкері шықты. Біздің алдымызда келе жатқан екі жасөспірімге қару кезеніп, «Қозғалма! Қолыңды көтер! Телефоныңды таста!» деп айқайлады. Біз өз үйіміздің лаңкестік эпицентрі болғанын, бүгін кіре алмайтынымызды білдік. Әпкеме хабарласып, қонып шығуды сұрадық. Таң ата өз үйімізге келдік, айналада қоқыс шашылып жатыр, жолдар жабық. Қазір өз үйімде отырмын және осының бәрі түс болса екен деп тілеймін. Абай болыңыздар!», – деп жазған отандасымыз болған жағдай туралы.

 

Талқылау