Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отбасы мысығын байқамай курьерлік поштамен беріп жіберген: Иесі оның артынан мың шақырым ұшуға мәжбүр болды

Америкалық отбасы Юта штатынан Калифорнияға курьерлік пошта арқылы кездейсоқ жіберілген мысығын тауып алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ашық дереккөзден

Жоғалып кеткен Гальяна есімді мысықты Юта штатында тұратын иелері жан-жақты іздеуге кірісті. Алайда олардың әрекеті бос әурешілік еді. 

Бір аптадан кейін Калифорниядағы Amazon қоймасының қызметкерлері қайтарылған тауарлар қораптарының бірінен жоғалған мысық тапты.

Мысық үй иелері Amazon-нан сатып алып, қайта өткізуге шешім қабылдаған етіктің қорабына кіріп алған. Нәтижесінде қорап мысықпен  бірге жіберілген. 

"Гальяна жәшіктерді жақсы көреді. Бұл – оның ерекшелігі", – деді иесі Керри Кларк жергілікті KSL TV станциясына берген сұхбатында.

Мысықты Калифорниядағы Amazon қоймасының қызметкері тауып алып, оны ветеринарға апарды. Ол оның чипін сканерлеп, иесі Кларктың аты мен телефон нөмірін анықтады.

Кларк  үшін бұл "әлемдегі ең қызық әрі адам нанғысыз жаңалық" болды.

"Алғашында мен ветеринарға сенбедім, бұл қандай да бір ойын деп ойладым", – дейді Кларк.

Осыдан кейін ол мысықты алып кету үшін мың шақырымнан астам жол жүріп, Калифорнияға ұшуы керек болды.

"Кездесу керемет өтті. Мен оны көтергенімде Гальяна бірден дірілдегенін қойып, босаңсыды", – дейді Кларк.

Қораптың кішкентай саңылаулары мысықтың тыныстауына, ұзақ жолда аман қалуына септігін тигізген.

Талқылау