Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейдің екі облысында мигранттардың такси жүргізуіне тыйым салынды

Новосібір облысында еңбек мигранттарына такси жүргізушісі, сусындар мен темекі сатушы болып жұмыс істеуге тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gazeta.ru

Губернатор Андрей Травниковтың 15 сәуірде қол қойған қаулысына сәйкес, аталған салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындар "шетелдік жұмысшылардың санын қаулыға сәйкес келтіруі" керек. Бұл "ұлттық қауіпсіздікті, Новосібір облысы халқының өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында" жасалды.

16 сәуірде Камчатка өлкесінің губернаторы Владимир Солодов патент бойынша жұмыс істейтін мигранттарға аймақтың барлық аумағында таксиде жұмыс істеуге тыйым салды. Аймақ басшысы мұндай шешімді "өңірде түрлі қылмыс жасайтын заңсыз мигранттар жиілеп кетуіне байланысты" деп түсіндірді.

"Қабылданған шара және жалпы көші-қон саясатын күшейту жолаушылар таксиімен жолаушыларды тасымалдау нарығын қауіпсіз етеді деп ойлаймын", – деп жазды Солодов өзінің Telegram-арнасында.

2023 жылдың қазан айында мемлекеттік думаға заң жобасы енгізілді. Оған сәйкес бүкіл ел бойынша шетел азаматтарының мектептерде, фармацевтика секторында, мемлекеттік медициналық мекемелерде, такси және жүк көлігінде жұмыс істеуіне тыйым салу ұсынылды.

2023 жылдың қарашасында мемлекеттік дума төрағасының орынбасары Петр Толстой Ресейдің "мигранттарға қатысты енжар ұстанымына" өкініш білдірді. Ол кейбір посткеңестік республикалардан келген адамдарға курьер, такси жүргізушісі және сатушы болып жұмыс істеуге тыйым салуды ұсынған.

Ресми нұсқа бойынша, Тәжікстан азаматтары жасаған "Крокус Сити Холлдағы" терактіден кейін Ресейде мигранттарға қатысты ксенофобиялық көзқарас күшейе түсті. Елдің әр өңірінде тәртіп сақшылары шетелдік жұмысшылардың тұрғылықты және жұмыс істейтін жерлеріне рейд жүргізе бастады. Кей жағдайларда мигранттар әскери комиссариатқа тіркелді.

Талқылау