Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында су тасқынынан Щербаков бөгеті бұзылды

Ақтөбе облысында өткен жылы қалпына келтірілген Щербаков бөгеті су тасқынынан бұзылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото pexels.com

Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тугузбаев тұрғындардың эвакуацияланатынын айтты.

"Құрметті жерлестер, Жүргенов және Талдысай ауылдарының тұрғындары. Өткен жылы қалпына келтірілген Щербаков бөгеті судың көп мөлшерінің ағып кетуіне байланысты бұзылды. Сондықтан біз қазір шұғыл эвакуация жүргізіп жатырмыз, оны кеше жарияладық. Бірақ “көшемізге бұрын су келмейтін” деп эвакуациялағысы келмейтін адамдар бар", - деді Әйтеке би ауданының әкімі.

ТЖМ Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында Щербаков бөгеті шлюзінің үстінде жарықтар пайда болғанын осыған дейін хабарлаған. 29 наурызда бөгет бұзылып, су Жүргенев ауылының шетіндегі Ырғыз өзеніне кете бастады.



ТЖД күшімен Талдысай ауылындағы және Жүргенов ауылындағы 45 жеке тұрғын үйден 149 адам алдын ала эвакуацияланды.

Қазір тұрғындарды аталған ауылдардан эвакуациялау басталды. 251 адам өзін-өзі эвакуациялады, оның ішінде 87 бала және 320 ірі қара, 340 ұсақ мал, 606 құс бар.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында су басқан ауыл тұрғындарын эвакуациялауға барған тікұшақ қона алмаған еді.

Талқылау