Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Несиесін қайтара алмай жүрген борышкерлерге коллекторлардың қысым көрсетуі қаншалықты заңды?

Коллекторлық компаниялардың жұмысын заң жүзінде қайта қарастырғанымен, олардың жұмыс істеу принципі өзгермеген. Бопсалау, психологиялық қысым көрсету әлі де кездеседі. Астана қаласының тұрғыны коллекторлардың мазалауынан шаршағанын айтты.

Несиесін қайтара алмай жүрген борышкерлерге коллекторлардың қысым көрсетуі қаншалықты заңды?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Арманның коллекторлармен дауласып келе жатқанына 4 айдан асқан. Қазір компания өкілдері заңнан тыс әрекетке көшіпті.

«Әртүрлі бағытта қорқытып, үйге қоңырау шалып, туыстарды мазалап, осы мәселені айтып жатыр. Түннің қай уақыты болсын хабарласып, ескертіп, қорқытады» – дейді зардап шегуші Арман.

Коллекторлардың борышкерлермен сөйлесу талаптары заңнамада анық жазылған. Мамандар бұл жайлы көп азаматтар біле қоймайды дейді. Жұмыс күндері тек таңғы сағат сегіз бен кешкі тоғыз аралығында ғана хабарласуға болады. Аптасына тек 3 рет кездесу ұйымдастыруға құқылы. Ал демалыс және мереке күндері тіптен мазалауға болмайды. Бұдан бөлек, азаматтың қарызы компанияға өткен жағдайда арнайы хат жолдануы тиіс.

«Егер қарыз алушының ісі коллекторлық компанияға берілсе, оған құжат түрінде хабарлама берілуі тиіс. Онда ол компанияның атауы, орналасқан жері, келісім шарттың талаптары, қарыздың сомасы сияқты барлық тиісті ақпараттар көрсетілуі қажет. Егер борышкер коллекторлармен сөйлесуден бас тартса олар ары қарай мазалауға құқығы жоқ. Яғни, азамат негізгі қарыз алған орынмен сөйлесуі керек. Бұл заңда солай жазылған» – дейді заңгерлік компанияның директоры Арыстан Абдрахманов.

Қоңырау шалып, дауыс көтеріп сөйлесу я болмаса жеке басты кемсітетін сөздер үшін де коллекторлар жауапкершілікке тартылады. Заңгер Жандос Тұяқов осыны алға тартады. Тек оны дәлелдеу үшін нақты факт керек.

«Сізге қысым көрсетіліп жатқан болса оны дәлелдеу көп жағдайда қиындыққа әкеп соғады, бірақ телефоныңызда жазу функциясы болса сіз оны жазып алуға құқығыңыз бар. Дегенмен «біздің заңнамаға сәйкес, мен сөйлесуді жазып жатырмын» десеңіз ол ондай әңгімені доғарады» – дейді заңгер Жандос Тұяқов.

Ал ІІД-де коллекторлық компаниялардың құқық бұзушылығы қаншалықты жиі тіркелетінін жөнінде нақты статитиска жүргізілмейді екен. Дегенмен, заңды белшесінен басқандар жауапкершілікке тартылады деп ескертті.

Коллекторлық компанияларға қатысты құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте он айлық есептік көрсеткіштен бастап бірнеше тәулікке әкімшілік қамаққа алынса,  ҚР Қылмыстық кодексте 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынудан бастап, бас бостандығынан айырудың түрлі мерзімдерін қамтитын жазалар көзделген.

Коллекторлардың қысым жасауынан құтылу үшін өзіңе қол жұмсап, өмірмен қош айтысу тығырықтан шығатын жол емес. Бастысы өз құқығыңызды білсеңіз болғаны. Тек сонда керісінше оларды жауапқа тартып, моральді шығын келтірген үшін өтемақы өндіре аласыз.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау