Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назым Қызайбай: Ұзын бұрымыммен спорт мектебіне келгенде қош айтыстым

Қолына былғары қолғап киіп шаршы алаңда өзін қорғап қана қоймай, жеңіске жетіп, еліміздің көк туын желбіретіп жүрген бұл бойжеткенді көп адам ер баламен шатастырады. Мұның себебі де бар. Шашы қысқа, денесі шымыр, кигені шалбар. Алайда жақынырақ сырласқан соң жаны мен жүрегінің нәзік, сөзінің жасандылықтан ада екеніне көз жеткізесіз.

IP0A1597

Еліміздің мақтанышы Назым Қызайбай Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ешкімге айтпаған сырымен бөлісіп қана қоймай, барша аруларды келе жатқан көктем мерекесімен құттықтады.

Ең алдымен, келе жатқан мейрамды Назым Қызайбайдың қалай күтетіндігі туралы сұрауды жөн көрдік. Алғашқы сұрағымызға “Бұл мереке әрбір қыз баласының өмірінде үлкен рөл атқарады деп ойлаймын. Алдыңғы жылы елбасымыз еліміздің аруларын шақырып, құттықтаған кезде ерекше әсерге бөленгенім рас. Ол бір тамаша сезім болды. Бірақ жасым ұлғайғандыкі ме қазір аса ынтық емеспін. Жыл сайын анашымды, әпкемді, сіңілдерімді құттықтаймын. Есіңізде ме, мектеп қабырғасында сыныптас жігіттерден, әкемізден сыйлық күтетін едік қой. Қазір дәл ол кездегідей сезім жоқ” деп бойжеткен бұл мейрамға аса ынтық болмаса да, жақындарын қуантуға әзір екенін жеткізді.

а1

– Жоғарыда айтып өткен елбасымен кездесуге барарда өміріңізде алғаш рет көйлек сатып алғаныңыз рас па?

– Бұл кездесу маған қуаныш сыйлап қана қоймай, өмірімдегі ең қызық оқиғалардың бірі болды. Өйткені кездесуге мен классикалық костюм-шалбар ала барған болатынмын. Ұйымдастырушылар бізді ерте жинап алып жүріп-тұруға, дұрыс сөйлеуге үйретті. Костюмімді көрсеткен едім, “Қайдағы костюм, мұнда көйлек кию керек!” деп ескерту жасады. Мектеп кезінде белдемше кигенім рас, бірақ ешуақытта көйлек киген емеспін. Ұйымдастырушылармен бірге көйлек таңдауға бардық, қызылды-жасылды көйлектер көңілімнен шықпаған соң таңдауды өзім жасадым. Түйсігіме сеніп, өзіме жарасады дегенін алдым. Дәл қазір гардеробымда он шақты көйлегім бар. Оларды ағайым айтқан соң ғана кездесу мен сұхбаттарға киіп барамын. Осылай жасауыма тура келіп жатыр” деп Назым бір күліп алды.

IP0A1463

Аузын ашса, жүрегі көрінеді демекші, спортшы қыз денесі шымыр болса да, аталған кездесуде биік өкшелі аяқ киіммен жүрудің қиынға соққаны туралы “Әлгі көйлекті таңдаған соң оған сай аяқ киім таңдау керек болды. Қыздар біз өкшелісін таңдап жатқанда, мен платформасын алдым. Шындығында әлімді білмей тым бигін алып қойыппын. Елбасымызбен кездесуге барғанда үш сағаттай жүріп, аяғым әбден ауырды. Артынша бірнеше күн тізем ауырып жүрді. Іштей қыздардың шыдамдылығына таңқалдым” деп бойжеткен өкшелі аяқ киім кигеннен, шаршы алаңға шығып жұдырықтасудың оңай екенін айтып берді. Спортшы арудың кішкентай кезінде анасы кигізген көйлектің етегін колготкісінің ішіне салып қоятын әдеті болған екен.

а4

Еліміздің намысын қорғауды бірінші орынға қойып, бар ойын жаттығу жұмыстарына бағыттаса да, арасында өзіне күтім жасауды ұмытпайды. Бұл туралы “Бұрын аса қызықпайтын едім, дәл қазір косметика жинап үлгердім. Жаттығу кезінде болмаса да, жарыстар аяқталған соң сән салонына барып бет терісін тазалатып, тырнағыма күтім жасаймын. Шыны керек, көбінесе дайындыққа көп уақыт бөлу керек болғандықтан, өзіме күтім жасап үлгермейтін кездерім болады” деп ақталды.

а6

Бір қызығы спорт мектебіне келмей тұрып бойжеткеннің шаш ұзындығы беліне жеткен. “Бала күнімде шашымның дәл қазіргідей қысқа болғаны есімде. Шашымды үшінші сыныптан бастап өсіре бастадым. Спорт мектебіне келген соң беліме жеткен шашымды қидым. Бірақ қазіргі шашым өзіме ұнайды. Көп адам ұзын шаштың жарасатындығын айтса да, мені осы күйімде қабылдай білгендерін қалаймын” деп Назым ешкімнің ырқына оңайлықпен көне қоймайтынын танытты.

а9

– 8 наурыз мерекесінде алған немесе өзге біреуге жасаған ерекше сыйлығыңыз бар ма?

– Болмысымызға нәзіктік пен мейірімділік тән болғандықтан, мейрамды сыйлықсыз өткере алмайтынымыз рас. Өзім қолдан жасалған сыйлықтарды ерекше бағалаймын. Жақындарыма қолдан сыйлық жасауға тырысамын әрі құрбыларымның қолдан тоқып беретін білезіктерін көзімнің қарашығындай сақтаймын. Бірақ өзге қыздар секілді гүлге құмар емеспін, тек оны таңдап, жақындарыма тарту еткенді жақсы көремін. Бұдан өзге елбасымыздың көктем мерекесінде тарту еткен алқасын сақтап, оны арасында қолыма алып әдемілігіне тамсанып қоямын.

а8

Назым қазақ аруы деген атқа қандай қыздың лайық болуы керектігін де айтып өтті. Оның ойынша, бұл атқа косметика жағып, шашын өсіріп қана жүретін қыз емес, болашақта отбасын айрандай ұйытып отыратын жар мен үй шаруасына мықты әйел лайық. Мұнымен қатар, өзінің тамақты дәмді пісіріп, үйді таза ұстайтынын да айтып өтті.

– Назым, нәзік жандылардың бақыты неде деп ойлайсыз? Бұл бес әріптен құралған ұғымды сіз қалай түсінесіз?

– Бұл ұғымды әркімнің түрліше түсінетіні анық. Ең бастысы, бақыт деген мен үшін қымбат бұйым, асыл тастар емес. Ол – қолда барға қанағат етіп, өзіңді алға жетелеу. Өмір тек қуанышты сәттерден құралмайды, мұңмен алма-кезек келіп отырады. Арасында күлесің, жылайсың. Сондықтан бақыттымын деп тасымаймын. Бақытсызбын деп те айтпаймын.

а11

– Уақытыңызды бөліп, сырыңызбен бөліскеніңізге көп рахмет. Алдағы жарыстарда тек жеңіс тілеп, еліміздің көк туын желбірете беріңіз. Келе жатқан мейрамыңыз құтты болсын!

– Сіздерге де көп рахмет! Алда келе жатқан мейраммен барша аруларымызды, аналарымыз бен апаларымызды құттықтаймын. Өмірде ең бастысы денсаулық пен жақындар арасындағы сыйластық екенін ұмытпайық. Қандай істе болмасын табысқа жетіп, әйел бақытын сезінуге жазсын!

Талқылау