Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Назарбаев ОҚО әкіміне: Сіздерде еден жуушы болып жұмысқа тұру үшін пара беру керек
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Оңтүстік Қазақстан облысында цифрландыруды дамыту керектігін айтты.
Бұл туралы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Бүгін, 1 маусымда, Астанада «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Отырыс барысында партияның жүйелі жаңғыртылуы, сонымен қатар мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуын қадағалайтын қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мәселелері қарастырылуда.
Отырыс барысында Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысында жемқорлық деңгейі жоғары екенін айтты.
“Маған түрлі ақпарат келіп түсіп жатады. Мәселен, мектепке еден жуушы болып орналасу үшін пара беру керек. Мұғалім болып жұмысқа тұру үшін пара қажет. Басқа облыстарда мұндай жоқ, тек сіздерде ғана. Басқа өңірлерде де осындай жағдай болса, не істемекпіз?”, — дейді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Елбасы өңірдегі кәсіпкерлік, жер телімін беру, жұмысқа орналасу медицина және білім беру салаларында ашық тәртіпті енгізу үшін, цифрландыруды дамыту керектігін атап айтты.
«Әрине, халық саны көп, жұмыссыздық бар шығар. Жұмыс орындары жетпейді. Цифрландыруға көшпей, бұл мәселені шеше алмайсыздар. Нәтижесінде кедейлік мәселесі шешіледі», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.