Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Назарбаев көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы туралы: Әрбір балаға 21 мың теңге төленеді
Елбасы көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшерін арттыруды тапсырды. Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев әр балаға 21 мың теңгеден берілуі тиіс екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Stan.kz.
Бүгін елордада өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде елбасы көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы туралы сөз қозғады. Өз сөзінде президент бүгінгі таңда елімізде 111 мың көпбалалы отбасы атаулы көмек алып отырғанын айтты. Сонымен қатар көпбалалы жанұяларға әр бала үшін 21 мың теңгеден жәрдемақы беруді тапсырды.
«Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар бай азаматтар болып шыға келеді», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бүгінгі таңда мемлекетімізде 340 мыңға жуық отбасыда 4 бала бар екенін айтқан президент ең алдымен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау шараларын күшейту керектігін атап өтті.
«Бүгінде елімізде шамамен 340 мың отбасыда төрт бала бар. Қазірдің өзінде жыл сайын көпбалалы отбасыларға 500 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп тұрады. Бірақ аталған санаттағы отбасылардың табысы әртүрлі. Біреуі табысты көп табады, енді біреуі аз табады. Сондықтан қолдау шараларын жасағанда, осыны ескеру керек. Жақсы табысы барларға қолдау жасаудың қажеті қанша. Сол себепті ең алдымен табысы төмен көпбалалы отбасыларға көмек берген жөн», – дейді мемлекет басшысы.