Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Наиб-имам: Қадір түні төрт түрлі адамның құлшылығы қабыл болмайды

Алла тағала айлардың ең төресі – Рамазан айында, түндердің ішіндегі ең қасиеттісі, қайырлысы – Қадір түніндегі дұға-тілектерімізді қабыл етсін. Шын мәнінде, Алла тағала құлдары көптеген жақсылықтар мен игіліктерге қол жеткізіп, еселенген сауаптарға ие болу үшін қасиетті айларды, күндер мен түндерді нәсіп етіп отыр.

Міне, сондай айлардың ішінде ең сұлтаны – Рамазан айы, түндердің ішіндегі ең қайырлысы – Қадір түні. Ойша санап көрейікші: бүгінгі күнге дейін қанша қасиетті Рамазан айы мен қанша Қадір түнін өткіздік? Әрине, нақты саны маңызды емес, бірақ оларды қалай өткіздік, қаншасын екі дүниеміздің пайдасына асыра білдік, қаншама Рамазан айы мен Қадір түнінде мол сауапқа ие бола алдық? Өкінішке орай, бір анығы қасиетті ай мен қасиетті түн өз мәресіне жеткен кезде «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп жататын пенделер көп кездеседі. Мың айдан да қайырлы осы қасиетті бір түн туралы «Нұр Астана» Орталық мешітінің наиб имамы Нұрлан Рамазанов айтып берді, деп жазады bnews.kz.

Осы орайда, Алла тағала өткен жылы жасай алмай қалған құлшылық-ғибадаттарымызды, ізгі амалдарымызды жүзеге асыруымыз үшін төрт көзімізді түгел, он екі мүшемізді сау қылып қасиетті Рамазан айымен, соның ішінде Қадір түнімен қауыштырып отыр. Олай болса, Қадір түнін дұрыс пайдаланып, құлшылық жасау арқылы, жақсылығына бөленуді нәсіп етсін.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Сіздерге Рамазан айы кірді, онда қадір-қасиеті мың айдан да қадірлі түн бар. Кім де кім бұл Қадір түнінің игілігінен, жақсылығынан, қадір-қасиетінен мақрұм қалса, барлық жақсылықтан мақрұм қалғаны. Ал оның игілігінен тек бақытсыз жандар ғана мақұрм қалады» деп ескертті. Расында да, Қадір түнінің игілігінен мақұрм қалған пенденің бақытсыздығында еш күмән жоқ. Қаншама пенделер дүниелік мақсаттарын өтеу үшін теледирдардың, ғаламтордың алдында талай ұйқысыз түн өткізіп жатыр. Сондықтан, қадір-қасиеті сексен жылдан да қайырлы түнді құлшылықпен өткізудің ешқандай қиындығы жоқ. Бізге керегі тек шынайы ықылас, шын ниет. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисінде: «кім де кім Қадір түнін шынайы ықыласпен, сауабын үміт ете отырып күзетсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» делінген.

Қадір түнінің қасиеттілігі сондай, Алла тағала осы түнге арнап бір сүре түсірген. Құранда «Қадір түні» деп аталатын сүре бар. Ол сүреде Алла тағала: «Шындығында біз құранды Қадір түнінде түсірдік» дейді. «Сіз Қадір түнінің не екендігін білесіз бе?» деді. Құран Кәрімге тәпсір жасаған ғалым-ғұламалардың айтуынша, Алла тағала Қадір түні жайында айтқаннан кейін сұрақтың қойылуы – Қадір түнінің қадір қасиетін, айрықша екендігін түсіндіру үшін қойылған сұрақ дейді. «Қадір түні мың айдан да қайырлы» дейді. Міне, осы мың айдан да қайырлы Қадір түнінде періштелер жерге түседі. Періштелердің көптігі сондай, олардың саны жер бетіндегі ұсақ тастардан да көп дейді.

Ол періштелердің әрқайсысы әрбір іс үшін түсіріледі. Осы түні пенделердің келесі Қадір түніне дейінгі тағдыры жазылады. Періштелер Қадір түнін қарсы алушылардың жанында болып, солардың жасаған дұғаларына «әумин» дейді, солардың тілектерінің қабыл болуын қоштап тұрады екен. Осылайша, пенделердің бір жылғы тағдыры жазылады. Ал бұл түнде қандай дұға жасаған дұрыс? Пайғамбарымызға (с.ғ.с) сахабалары, соның ішінде Айша анамыз келіп, «Қадір түнімен қауышсам, қандай дұға етейін» деп кеңес сұраған кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мына дұғаны үйреткен екен: «О, Алла, Сен жомартсың, Сен кешірімдісің, Сен кешіруді жақсы көресің, менің күнәларымды кешіре гөр». Бұл түн мың айдан да қайырлы деп отырмыз. Мың ай – сексен үш жыл және төрт айға пара-пар келеді. Сонда, Қадір түні оқылған намаз, жасалған дұға, құлшылық-ғибадат – бір қарияның ғұмырында жасаған құлшылықтан артық түсетін түн.

Әрине, Қадір түнінде кейбір адамдар Қыдыр Атаны, болмаса, бір нәрсені немесе бір адамды күткендей ұйықтамай отырады. Бұл жерде ұйқысыз өткізу маңызды емес, бұл жерде Қадір түнін құлшылықпен ұйқысыз өткізу маңызды. Қадір түнінің әрбір сәтін құр жібермей, құлшылық-ғибадат жасаған дұрыс. Құлшылық-ғибадат дегеніміз не? Құлшылық-ғибадат дегеніміз – Алла разы болатын, Алла тағала қош көретін құпия және жария, жасырын және көмескі істер мен сөздер. Құпия құлшылық дегеніміз – біздің ниетіміз, ықыласымыз, пейіліміз. Жария құлшылығымыз – ол намазымыз, Құран оқуымыз, Алланы зікір етуіміз.

– Қазір күннің кеш батып, таңның тез ататын кезі. Қарап отырсақ, Қадір түні алты-жеті сағатқа ғана созылады екен. Байқағаным, көп жастар Қадір түнін мешітке барып күзетіп жүр. Бірақ, мешітке барып-келетін уақыт бар, басқа да арлы-берлі жүретін уақыт бар, сол бес-алты сағат «құр» өтіп кете ме деген қорқыныш бар. Жалпы, осы аз ғана уақытты барынша тиімді өткізуіміз үшін алдымен қандай-қандай амалдарды жасағанымыз дұрыс?

– Бұл түннің әрбір сәті алтыннан да қымбат. Әрбір сәті қымбат болғандықтан, әр пенде ауыз ашқаннан кейінгі уақытын жоспарлап алуы керек. Жоспарланбаған уақыт – берекесіз уақыт. Мысалы, біз мешітте «мына сағатта Тарауық намазы оқылады, осындай уақытта Құран қатымның батасы жасалады, осындай уақытта уағыз тыңдалып, осындай сағатта басқа шаралар өтеді» деп, таң атқанға дейін жоспар құрып қойдық. Сол сияқты, әр пенде Қадір түнін қалай күзетемін деп жоспарлап қоюы керек. «Ауыз ашқаннан кейін Құранның аяттарын оқимын, осындай сағат арасында мен бір қайырлы іс жасаймын, ауырып жатқан жақындарымның көңілін сұраймын, осындай сағатта Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистеріндегі амалдарды жасаймын, мынанша сағатымды мен дұға жасауға арнаймын және сол дұғамда Алладан осы нәрселерді сұраймын» деп жоспарлап қоюы керек. Осылай жоспар құрған адам ғана Қадір түнінде ұтады.

– Қадір түні қандай адамдардың құлшылығы қабыл болмайды?

– Мың айдан да қайырлы бір түннің игілігі мен жақсылығынан құр қалатын пенделер бар, оларды құр қалдыратын іс-әрекеттер бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Қадір түнінің жақсылығына құлшылық қылған барлық адамдар бөленеді, бірақ, осы төрт түрлі адам Қадір түнінің жақсылығынан құр қалады» деп ескертеді. Олар кімдер?
Бірінші, ата-анасына қарсы келген, ата-анасының көз жасына қалған, ата-анасының ашуына ұшыраған адам.

Екінші, туған-туыстарымен байланысын үзген адам.
Үшінші, Алла тағаланың тиым салғанына қарамастан, арақ ішіп, маскүнем болған адам.
Төртінші, ызақор, кек сақтап, араз болып жүрген адам.

Сондықтан, халыққа айтарымыз, ата-анамызды ренжіткен болсақ, қазірден бастап, ризалығын алайық. Егер ол кісілер о дүниеге кеткен болса, ата-анамыз үшін дұға жасап, кешірім сұрайық. Егер, туған-туысқандарымен қарым-қатынасқа балта шапқандар болса, ұялы телефонмен болсын, кешірім сұрап, татуласайық. Алла тағаланың тиым салған арағына құмар адам болса, тәубеге келіп, Алладан кешірім сұрайық. Ызақор болсақ, ренжіткен адамдарымыздан бірінші болып кешірім сұрайық!

– Уақытыңызды бөліп, мағыналы сұхбат бергеніңізге рахмет! Қадір түніндегі құлшылығыңыз қабыл болсын!

– Әумин! Ел-жұртымызға амандық беріп, Алла тағала келесі Рамазан айына дейін, келесі Қадір түніне дейін жақсылықтар нәсіп етсін!

Айта кетейік, биылғы Қадір түні маусымның 11-нен 12-не қараған түнге сәйкес келеді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау