Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мүлде су ішпейтін жаратылысты білесіз бе?

Он төрт ғасыр бұрын түскен қасиетті Құраннан қате табамын деген Батыс елінің ғалымдары бүгінгі күнге дейін қаншама тер төгіп ғылыми жаңалықтар ашса да ол жаңалықтардың негізі Құран мазмұнынан шығып жататыны көптің таңдайын қақтырып келеді. Себебі, Құран – адамзатты туралыққы жетелейтін әрі өмірлік қағиданы айқындайтын Алла тарапынан түскен теңдессіз ғажайып Кітап.

1

Мұндай кітаптың мазмұнынан қателік шығу мүмкін емес. Бұған көз жеткізген Батыстың беделді тұлғалары әлемге танымал мұхит зерттеушісі Жак-Ив Кусто, физика-математика ғылымының профессоры Евгений Савельев, Канада елінің христиан дінінің беделді тұлғасы болған профессор Ж. Миллер, Ағылшын психология қоғамының жетекшісі, психология ғылымының профессоры Артур Элисон секілді ғалымдар Құран алдында бас иіп мұсылман болған, деп жазады kazislam.kz.

Десекте, соңғы уақытта Батыстың кейбір ғалымдары Құраннан қате таптық, деп көкіректерін ұрып жатқандары да жоқ емес. Олар жуырда ғана кенгуру тышқанын зерттеп нәтижесінде әлемде мүлде су ішпейтін әрі су ішсе өліп қалатын суға тәуелсіз жаратылысты тапқанын жарыса жариялауда. Ғалымдар бұл жаңалықты өз кезегінде  Құранның: «Барлық нәрсені судан жараттық», деген аятына ғылыми тұрғыда қарсы келетіндігін алға тартқан. Осы жаңалық аясында ғалымдар кенгуру тышқаны туралы көп білу үшін оны зерттеп шөлден алып жасыл табиғаты бар мекенге қояды. Бұған қоса оған су береді. Нәтижесінде әлгі кенгуру тышқаны өліп қалған.

Нәтижесінде аталмыш ғалымдар Құранның жоғарыдағы аяты қате, деген тұжырым жасаған.  Егер де біз берілген аятқа зер салар болсақ онда барлық жаратылыс иесі судан жаратылған әрі олар суға тәуелді екенін көреміз. Осы тұрғыда Құранның аятына қандай да бір тұжырым жасамай тұрып алдымен онда ескерілген аяттарды ғылыми тұрғыда жіті зерттеп алу керек. Өйткені, Құран мазмұнында айтылған мәліметтер біз жаратылмай тұрып ертеде «Лаухул Махфузда (Алланың құзырында)» жазылып қойған болатын. Сондықтан Құраннан қате таптым, дегенше Құранды дұрыс зерттей алмадым, деу Жаратушының алдында әлсіз жаратылғанымызды мойындаған болып табылады. Енді тақырыпқа арқау болған кенгуру тышқанның табиғи жаратылысына тоқталайық. Бұл тышқан шөлді далада көзден таса жерде өмір сүреді. Расында ол мүлде су ішпейді бірақ, бұл оның суға тәуелсіз екенін көрсетпейді. Егер олай десек жоғарыдағы аятқа қарсы келіп қалуымыз мүмкін. Себебі, аяттың мазмұны барлық жаратылыс атаулы суға тәуелді екенін меңзеп тұр.

Кенгуру тышқаны өмір бойы қураған арпа дәндермен, шөптермен қоректенеді. Талдау мамандарының айтуынша 100 грамм арпа дәнінде 54 грамм сұйықтық болады екен. Ал, кенгуру тышқанның ішкі асқазан құрылысы эндогенді. Яғни, ол егер 100 грамм арпа дәнін жейтін болса онда оның асқазаны сол арпадан 54 грамм сұйықтықты сүзіп алады екен. Осылайша кенгуру тышқаны арнайы су ішпесе де оның ішкі құрылысында белгілі бір дәрежеде арнайы сұйықтық сақталады екен. Бұл өз кезегінде оның кішкентай ғана денесіне жеткілікті болады. Сондықтан кенгуру тышқаны ешқашан су іздеп ішпесе де ол суды өз азығының құрамынан алып отырады екен.

Осылайша біз Құран Кәрімнің алдында бас иіп әлі де болса түрлі салада білім дәрежемізді шыңдай түсу керектігіне көз жеткіземіз. Себебі, Құран тек мұсылмандарға түскен діни жол ғана емес оның мазмұнында өмірге қажетті барлық мәліметтер қамтылған. Сонымен қатар осындай тақырыпқа түрткі болған ғылыми тұрғыдағы аяттардың орнын ерекше атап өтуге болады. Сондықтан Құранның мазмұнынан қате табамын деушілер нәтижесінде оның алдында тізе бүгуден басқа шаралары қалмайтынын ескерген жөн дегім келеді.

Жалғас Асхатұлы , дінтанушы

 

Талқылау