Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мына сұмдықты тоқтату керек: “Жігіттер” тобы ұятсыз клип түсірген Нұрболат Абдуллинге ескерту жасады

Соңғы клипінде ерсі қылықтарымен көзге түскен Нұрболат Абдуллинның әрекеті әріптестері арасында қызу талқыға түсуде. Әнші жігіт «Сен мені тыңда» атты су жаңа бейнебаянында бейтаныс арумен аймаласып, тың туындыға анайы кадрларды қолданған болатын. Stan.kz ақпараттың агенттігінің тілшісіне сұхбат берген «Жігіттер» тобы, өнердегі інілерінің бұл видеосын қатаң сынның астына алды.

Мына сұмдықты тоқтату керек: "Жігіттер" тобы ұятсыз клип түсірген Нұрболат Абдуллинге ескерту жасады

«Бұл клипті осыдан екі ай бұрын жарыққа шықпай тұрғанда көргенмін. Бірақ Нұрболатқа айтуындай-ақ айттық енді. Ертең елдің көзқарасы өзгеріп кетуі мүмкін. Өйткені халық қаласа хан қылады, қаламаса жоқ қылады ғой. Елдің сүйіктісіне енді айналып келе жатқанда, бұл Нұрболат үшін өте қауіпті жағдай. Бірақ артынан тағы бір жақсы бейнебаян дайындап жүрмін, сонымен өзі бір жолын тауып, үйлесіп кетеді деп жатыр енді. Негізі қазақи бала ғой. Бейнебаяндағы образы өзінің алған тәрибесі сияқты емес еді. Екінші жағынан қарайтын болсақ, өзінің актерлық қабілетін көрсеткісі келген шығар. Бірақ қандай қадам жасасаң да, артыңда қазақ деген ұлы халық тұрғанын ескеру керек қой. Ойлану керек. Дәл қазіргі уақытта біздің замандастарымызға елді азғындыратын, ойды бұзатын, салт-дәстүрге жат нәрселерді жасау керек емес», – дейді Бағлан Әбдірайымов.

Дәл осы тақырыпқа қатысты «Жігіттер» тобының тағы бір мүшесі Ердос Қанаевтың да айтары бар.

«Нұрболат өзі талантты жігіт. Өнерін жақсы көремін. Бірақ сахнадағы әртістердің аймаласуына өз басым қарсымын. Клипсіз де танылғандар бар. Әркімге сана берсін дейді ғой. Әркімнің ішкі түйсіген байланысты болсын. Мен ашық-шашыққа қарсымын. Біріншіден оны өзім көре алмаймын. Және де өзімнің бала-шағама да көрсете алмаймын. Біреуге де көр деп айта алмаймын. Бірақ көш жүре түзелер деген ойдамын», – дейді «Жігіттер» тобының әншсі Ердос Қанаев.

Ал, «Жігіттер» квартетіндегі Айдар Тұрғанбек клипінде аймаласқан Абдуллинге және соңғы бейнебаянында екі жігітпен қатар сүйіскен Кәмшат Жолдыбаеваға қатты ашулы екенін жеткізді.

«Қазір біздің жастар клипінде сүйісу дегенді көп қолданып жүр. Аймаласу, төсектес болу деген сияқты. Мен соны өздеріне де айтқанымын. Мына нәрселерің ұят болады, қойыңдар деп. Мен таң қаламын да. Қыздың әке-шешесі жоқ па, жігіттің әке-шешесі жоқ па? Біз мың жерден істесек те ол бізге келмейді. Батыс еліндегілердің ата-бабалары мұсылман емес. Бізге бұлай жараспайды. Мен Нұрболатқа жігіттер арқылы айтып жібердім. Өзім де жолықсам айтамын. Кездескен кезде өзіне міндетті түрде ескертемін. Ертең бала-шағамыз өсіп келе жатыр. Біздің өнерімізді бала-шағамыз көреді. Сонда менің әкем басқа қызбен төсекте жатыр екен дейді. Мысалы, өзің сондай нәрсе істеп тұрсаң, балаға қандай тәрбие бере аласың? Мұндай клиптер бізде өте қатты үдеп жатыр. Соны тоқтату керек. Кәмшатты да көрсем айтамын. Мүмкін менің сөзімді қыстырмайтын шығар. Бірақ менің мойнымдағы жігіттік парызым», – дейді Айдар Тұрғанбек.

Қазнетті шулатқан әншілер өз клиптері жайлы әзірге жұмған аузын ашқан жоқ. Алдағы уақытта бір жауабын берер деген ойдамыз.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Нұрболат Абдуллин бейнебаянында бейтаныс қызбен аймаласып, халықтың көңілін қалдырған еді.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Талқылау