Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұсылманша түс жорудағы негізгі қағидалар

Алладан келген анық сыйлардың бірі – шынайы түстер. Бұл ғайып ақиқаттарды білу жолдарының бірі болып саналады. Ұйықтап жатқанда адамның материалдық әлеммен байланысы ең төменгі дәрежеге түседі. Сонда тәнге қамалып қалған рухани сезімдер күшейеді.

түссс

Пәк көріністерді перделейтін нәпсіқұмарлықтың бұлты сейіліп, көп нәрсе айқын көрінетін болады. Осылайша, түсінде ғайып әлемін тамашалау, кейбір салих құлдарға нәсіп болады. Бұл көріністердің дұрыстығы кейін ояу кезінде байқалады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үмметке пайғамбарлық ерекшеліктерден тек қана мүбәшшират қалған» – деп айқындайды. Сахабалар: «Мүбәшшират деген не, уа Расулаллаһ?» – деп сұрағанда: «Шынайы түс» – деп жауап береді.

Түс үш түрлі болады:

1. Шайтани түстер: Шайтанның адамды қорқытып, рухын қинап, оған уайым салу мақсатында көрсеткен түстері. Мәселен, биік бір жерден құлау немесе адамды әсерге қалдыратын алай-дүлей пәлекет көріністерін көру сияқты. Ондай түстердің негізі жоқ. Сондықтан ондай бұлыңғыр, есте қалмайтын түсініксіз түс көрген адам көргенін ешкімге айтпағаны жөн және шайтанның азғыруына қарсы Аллаға сыйынуы керек.

2. Сыртқы әсермен көрген түстер: Бұл – адамның халі мен қиялына байланысты түсінде көрінген көріністер. Мәселен, өте тұзды тамақ жеген адамның түсінде көп су ішуі немесе көп ойлаған бір нәрсесінің түсінде қайта қалпында көрінуі сияқты. Мұндай түстің де жоруы, мәні жоқ. Негізсіз түстер болып табылады.

3. Шынайы түстер: Бұлар – айқын есте қалатын түстер. Бұлар Алла Тағала тарапынан сүйінші, ескерту бабыннан көрініс табады. Бұларды кейбір (міндетті) періштелер ләухи махфуздан біліп, Алла Тағаланың рұқсаты және бұйрығымен адамның рухына салады.

Шынайы түстер – Ләухи махфуздан болашаққа түскен сәулелер. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) пайғамбарлығының бастапқы кезеңінде шынайы түстер алты айдай жалғасқан еді. Алла Расулы (с.а.у.): «Уақыт жақындаған сайын мүминнің түсі еш өтірік болмайды. (Көргеніндей іске асады.) Мүминнің (шынайы) түсі – пайғамбарлықтың қырық алты бөлігінің біреуі. Пайғамбарлыққа жататын ешбір нәрсе жалған болмайды» – деген.

Хадисті түсіндірушілер, «уақыттың жақындауын», қияметтің жақындауы немесе таңның жақындауы (таң сәрі) түрінде түсіндірген. Шынайы түстің пайғамбарлықтың қырық алты бөлігінің бірі болуы былай түсіндіріледі:

Расулуллаһтың (с.а.у.) пайғамбарлығы 23 жыл жалғасқан. Пайғамбарлықтың алғашқы алты айы, шынайы түстер түрінде болғандықтан, бұл уақыт (алты ай) жиырма үш жылдың «қырық алтыдан біреуіне» сай келеді. Шынайы түстер лайықты адамы тарапынан жоруын, яғни, шифрлердің ашылуын қажет етеді. Түс жору да Хақтың сыйы болып саналатын бір ілім. Пайғамбарымыз (с.а.у.) намаздардан кейін кейде сахабаларының көрген түстерін тыңдап, жоритын. Болашаққа байланысты түстен көрініс тапқан істерді түсіндіретін еді.

Түсті жору – кейбір қағидаларға сүйенетін ілім. Бұл ілімді білетіндерді – «мұаббир» (түс жорушы) деп атайды. Жалпы адамдардың пайдасы үшін түстің жоруына байланысты көптеген кітаптар жазылған. Бұлардың ішінде Ибн Сирин мен Мұхиддин Араби Хазіретінің түс жору кітаптарының даңқы шығып, көбінесе солардан бастау алып қазірге дейін әр түрлі кітаптар шыққан. Сонымен қатар, тек осындай кітаптардағы мәліметтерге сүйеніп түсті жору қауіпті. Өйткені, нағыз жорудың басым бөлігі «кәшф» яғни көрегендік болып табылады. Сондықтан түсті жорушының рухани күшке ие болуы шарт. Әйтпесе, қате жорудың қауіптеріне тап болады. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Түс алғашқы жорушының айтуы бойынша жарыққа шығады», – деген. Демек, түсті лайықты емес адамдарға айтпау керек. Бұл ілімді білетіндер де, бұл жайлы «Алғашқы жору маңызды. Кейінгілердікі жарамсыз» – деген.

«Мизанун-Нүфус» деген кітапта баяндалғанындай, түс жору ілімі «обьективті» және «субьективті» болып екіге бөлінеді. «Субьективтісін» қарапайым және барлық зиялы адамдар үйрене алады. Яғни, ауыздан есту арқылы немесе бұрын өткен лайықты адамдардың жасаған жоруларын әртүрлі кітаптардан жинақтау арқылы үйренуге болады. Соның нәтижесінде бір-біріне ұқсас түстерді тәжірибелерге сүйене отырып жоруға болады.

Түсте көрген әрбір жаратылыс сөздіктегі сөздер іспеттес. Яғни, ол бейне бір бөлек тіл сияқты. Сол тілде көрген жаратылысқа берілген мағына ұзақ бір байланысқа сүйенеді. Мәселен жылан – дұшпан. Бұл мағына Адамның (ғ.с.) қиссасына сүйенеді. Онда байқалған әрбір іс-әрекет дұшпанға тән қимыл түрінде жорылады. Бірақ, бір жылан түп-түзу немесе өлі сияқты қимылсыз көрінсе жол деп жорылады.

Екінші жағынан, түс жоруда көптеген себептер рол ойнайды. Күндер, маусымдар, түсті көрген түн т.б. Мәселен, қыста көрген түс ұзақ уақыттан соң шықса, таңға жақын көрген түс тез шығады. Бірақ, бұл жорулар әрбір түс көрушінің жаратылысы өзгеше болғандықтан көбінесе жеткіліксіз болады.

«Обьективті» болған жору ілімі болса, тек қана зиялы (ғұлама) адамдарға тән болып, солар арқылы болжауды қажет етеді. Өйткені, түстің шайтани немесе Рахмани екендігін ажырата білу – иләһи аянға ие болуға байланысты жағдай. Сонымен қатар, адамдардың жаратылысы да бір-бірінен өзгеше болғандықтан, бірдей түсті көрген екі адамның түстерінің жоруы бір-бірінен көп өзгеше болуы мүмкін. Бұл сырды түсіне білу рухани ізгілікті талап етеді.

Сондай-ақ, Ибн Сирин Хазіретке екі кісі келіп, түстерінде хұтба оқығандарын айтқанда мұны, олардың біреуінің қажылыққа баратындығын, екіншісінің өлімге кесілетін түрінде жориды. Расында біраз уақыттан соң сол екі адамның біреуі қажылыққа барады да, екіншісі болса өлім жазасына кесіледі.

Пайғамбар дәуірінде болған бір оқиға былай: Бір әйел түсін жорыту үшін Пайғамбарымызға (с.а.у.) келеді. Түсінде үйінің ортаңғы тіреуі сынып, алдына қарай құлағанын айтады. Расулуллаһ (с.а.у.) әйелден күйеуінің бар немесе жоқ екендігін, бар болса қайда екендігін сұрайды. Әйел күйеуінің сапарға кеткенін және де әлі қайтпағандығын айтады. Сонда Алла Расулы (с.а.у.) әйелге, күйеуінің аман-есен оралып, көзайым болатындығын сүйіншілейді. Біраз уақыттан соң түс жорылғаны сияқты шығады.

Хазіреті Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалығы кезінде бір әйел тағы, күйеуі сапарда жүргенде сондай түс көріп, жоруын халифадан сұрайды. Хазіреті Сыддық (р.а.) тура Расулуллаһ (с.а.у.) сияқты алдымен әйелден күйеуіне байланысты мәліметтерді сұрап алып, сосын әйелге күйеуінің сапарда жүріп қайтыс болатындығын айтады. Әйел сасқалақтап Әбу Бәкірге (р.а.): «Дәл осындай түсті Расулуллаһ (с.а.у.) күйеуінің аман-есен оралатындығына жорыған еді» – дегенде, Хазіреті Сыддық: «Дұрыс, Оған солай кәшф етілді. Ал, маған осылай аян болды» – дейді. Көп кешікпей оның жоруының дұрыс болғандығы білінеді.

Түс көру барысында мысал әлемінде ақыл мен пікірден тыс, қияли және белгісіз қаншама халдер көрінеді. Оларды дұрыс жору өте қиын. Тіпті, рухани қасиет болмаса мүмкін де емес.

Алла Тағала Құран Кәрімде Юсуфқа (ғ.с.) да осы ілімді бергендігін баяндайды. Сондай-ақ, Хазіреті Юсуф (ғ.с.) зынданда жатқанда бір нан сатушы мен сарай сушысының түстерін тыңдаған еді. Нан сатушы, бір тегене нанды төбесіне көтеріп бара жатқанда аспаннан құстардың шабуылдап нанды жегенін айтады. Юсуф (ғ.с.) мұны нан сатушының патша тарапынан өлімге кесілетіндігін және аспаннан құстар түсіп басын мұжитындығын, етін жейтіндігін айтып жорыған. Сушы түсінде бұрынғысы сияқты патшаға су тасығанын көргенін айтады. Юсуф (ғ.с.) оған: «Сен сол баяғыша патшаның көңілін тауып, суын тасисың», – деп жориды. Расында бұл болжамдар тура жорығандағыдай болады.

Жоғарыда айтқанымыздай, жору ілімінің басым бөлігі кәшфке сүйенеді. Сол үшін жорушының рухани деңгейі белгілі бір дәрежеде жоғары болуы керек.

Islam.kz

 

Талқылау
Пікір
Кеңесов Нұрахмет Жасұланұлы
17 Қаз, 20 жыл - 03:14

Ассалаумағаляйкум түсімде қыз артымнан қуып келіп есігімді тартқылап терезеден қарап қатты күлді.