Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұсылмандарға арналған танысу сайтынан өмірлік жарын іздеген жас қыз тоқал бола жаздағанын айтты

Елімізде  мұсылмандарға арналған танысу сайттары бар. Тіркелушілер саны күн сайын 700 адамға артуда. Ал оларға қойылатын талап біреу – тек дін жолында болсаң жеткілікті. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, осыған дейін 4 мыңға жуық азамат бақытын тауыпты. Алайда қыздарды жар етемін деп, жат ағымға итермелейтін ерлердің бары анықталды. Сондай-ақ, әлеуметтік желі арқылы тоқал болуға үгіттейтіндер де табылған.

Мұсылмандарға арналған танысу сайтынан өмірлік жарын іздеген жас қыз тоқал бола жаздағанын айтты

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

21 жастағы Асылзат өмірлік серігін мұсылмандарға арналған танысу сайтынан іздеп тауып көрмек болыпты. Сауалнаманы толтырып, өзінің қиялындағы жігітті сипаттап жазған. Көп ұзамай іздегені де табылыпты. Әу-баста өзін өзгенің ала жібін аттамайтын адам ретінде көрсетіп, оның сеніміне кірген ер адам уақыт өте арам пиғылын көрсете бастаған.

«Мен ол жігітпен сөйлесе келе ойын білдім. Ол маған тоқал іздеп жүргенін айтып қалды. Мен оған келіспейтінімді айттым. Мұнан кейін мұсылмандар сайтындағы парақшамды өшірдім де, мұндай сайттарға жоламайтын болдым», – дейді Асылзат.

Әлеуметтік желіде тез танымал болған сайтқа қазіргі күнде 120 мыңнан астам адам тіркеліп үлгеріпті. Оның 4 мыңға жуығы өз бақытын осыдан тапқан көрінеді. Бірақ мұндай көрсеткішке қарамастан, дін танушылар мұндай сайттарға басы бүтін сенудің қажеті жоқ екенін айтады. Себебі мұнда да діннің атын жамылып өзінің арам пиғылын жүзеге асырушылар болуы мүмкін. Тіпті жат ағым жетегінде жүргендер де кездесуі ғажап емес.

«Қазіргі уақытта арзанқол нәпсіқұмар адамдар осы мәселені оңай жолмен шешіп, тоқал мәселесін оңай шешу үшін дінді өзінің нәпсісіне жығып беріп, пайдалану деген үрдіс белең алып жатыр. Бүгінде теріс ағымдары діннің негізгі құндылықтарын сақтамайды. Жалпы діннің өзінде бұл нәрселерге қатаң жауапкершіліктер жүктейді. Кез-келген жағдайда ойнауға болады. Алайда отбасы тұрғысында ойнауға тыйым салынады», – дейді дінтанушы Кеңшілік Тышқан.

Дінтанушының пікірін қоғам белсендісі Полатбек Жоланов та қолдайды. Оның пайымынша, мақсат-мүддесі бұлыңғыр мұндай сайттардың жұмысын тоқтату керек. Себебі экранның ар жағындағы адамның имандылық дәрежесі шын өмірде де сондай боларына ешкім кепіл бере алмайды, дейді ол.

«Мен бәлен уақыттан бері намаз оқимын», – деп бір-бірін алдап, біраз уақыттан кейін «талақ» деп тастап кететін қаншама адам бар. Қазіргі жастарға қарасаң, көбі намаз оқимыз деп жатады. Көріп жатамыз, қыздар мен жігіттер намаз оқитынын айтып танысып жатады. Ал интернеттен кейбірінің әуреттерін көрсетіп, басқа жерде тыр жалаңаш жүргенін көресің. Намазды мазақ қылуға болмайды», – дейді Полатбек Жоланов.

Ал психолог Қорданова мұсылмандарға арналған танысу сайтын қолданушылардың дені ата-анасының қамқорлығын көрмеген жандар екенін айтады. Жігіттің әдемі сөздеріне кіршіксіз сеніп, сосын оған қалай тоқал болғанын өзі де сезбей қалады екен. Сонан кейін ой-санасының өзгеріп, жат ағымның шырмауына түсіп жатқандары да баршылық.

«Желінің ар жағындағы азаматтар жақсы психолог болуы да мүмкін. Себебі олар қыздарды жақсы, тәтті сөздерімен арбай біледі. Егер ондайда естіген қыз болатын болса, бастыда ата-анасымен келісуі керек. Олар не үшін орамал тағады? Біріншіден, бұл жабылу, жан-дүниесін жабу деген сөз. Сондықтан олар орамал тағады. Орамал таққандарымен бірге мән-мағнасын білсе екен», – дейді

Қалай десек те, өзін дін жолындамын деп таныстырғандардың кейбірі шын өмірде де сондай екеніне ешкім кепілдік бере алмайды, дейді мамандар. Сол себепті ғаламтордағы сондай жандардың айтқанына сеніп, етегінен ұстап кете беруге болмайды. Сөйтемін деп опық жеп жатқандар жетерлік. Осындайда мамандар өмірлік жарыңызды виртуалды әлемнен емес, таныс-біліс ортадан іздеуге кеңес береді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау