Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұқағали Мақатаевтың келіні ақынды жаманатты қылған Шахановқа ренішін жеткізді

Халықтың атақты ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың ұлт қайраткерлеріне қатысты мәлімдемесі көпті елең еткізді. Ақын Мұқағали Мақатаевты Жұқағали Бұқатаев деп, Мағжанның өліміне Мұхтар Әуезовтің де кінәсі бар деп келтірген жырларын жариялады. Ал, Жамбыл Жабаев Сталиннің туфлиін жалаған дейді. Көпшілік болса, Шахановтың әруақтарды бұлайша қорлауы дұрыс емес деген пікірде.

Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Мұхтар Шахановтың әдебиет алыптары туралы ойтолғауы, расында, шулы. Жырларын жұрт жатқа айтатын ақынды «Жұқағали Бұқатаев» деуінің себебін түсіндірген Шаханов ол сөзіме Жазушылар одағының 64 мүшесі куә дейді.

“Бұл оқиға айна-қатесіз шындық. Сол жиынға қатысқан ақындардың кез келгені, егер шындығын жоғалтып алмаса, мұны растай алады. Біз қазақ тілін мемлекеттік тіл ету үшін, Кеңестер Одағы кезіндегі билікпен жағаласып жүргенде, Мұқағалидің арақ ішуден бір сәт те қолы босамады”, – деген еді Шаханов.

Бұл мәлімдемені ауыр қабылдағандардың бірі – Мақатаевтың келіні Бақытгүл Айдарова. Ол Мұхтар Шахановтың «ұлт туралы, тіл туралы үн қатпады» дегеніне еш келіспейді. Бір ғана «Үш бақытым» өлеңі нағыз ұлтжандылық пен отансүйгіштік деп санайды.

“Әлемді шарлап кеткен, әлем деңгейіне көтерілген поэзиясы ешкімнің етегінен тартқанына көне қояды деп ойламаймын. Атамыз ғана емес, өмірден озған, біздің қазағымыздың маңдайына біткен жұлдыздарының, мықты ұлы тұлғаларының бәрін ғайбаттап отырғаны мен үшін түсінбейтін дүние”, – дейді М.Мақатаев атындағы қоғамдық қор төрайымы Бақытгүл Айдарова.

Мұхтар Шаханов мәлімдемесінде жазушы Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезовтердің «әділдікке сатқындығы жетеді» десе, «Ленинградтық өренім» деп жырлап жүз жасаған Жамбыл Жабаевты биліктің сөзін сөйлеген, жағымпаз кейіпте суреттеген.

Ал, тоқсаныншы жылдары Мұхтар Шахановтың сенімді көмекшісі болған Ерлан Декелбаев соңғы жылдары рухтас ағамды түсінуден қалдым дейді. Айтуынша, желтоқсан оқиғасын зерттеуден кейін жолдары екіге айырылыпты. Әдебиет алыптарына ауыр сөз айтуы еш қисынсыз дейді желтоқсаншы.

“Жалғыз Мұқағали емес, Жамбыл емес, басқа емес, біраз желтоқсаншыларға да тиісетін болды. Мені сатқын қылды,  Хасенді «кгбшник» қылды. Басқаларды тағы бірдеңе қылды. Біз Мұхтар ағаны түсінбей жатырмыз. Қайдан алып жатыр бұл информацияларды, не істеп жатыр? Не дәлелі жоқ, біз түсінбей жатырмыз Мұхтар ағаны”, – дейді қоғам белсендісі Ерлан Декелбаев.

Ал ауруханада жатырмын деген Мұхтар Шаханов тек бәрі шындық үшін, ұлт үшін деген пікірде. Осы жолда мені қолдаңдар деген ұран да тастады. Ақын «Шындығы үшін Абайдан Махамбетті жоғары қоямын» дегенін де жиі айтып жүр.

Оқи отырыңыз: Мұқағали Мақатаевтың үздік 9 өлеңі: Оларды жатқа білуге тиіссіз >>>

Талқылау