Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұғалімдерді ғаламтордағы ақпаратты көшіріп басатын гезеттерге неге күштеп жаздырады

Газеттер ғаламтордағы ақпаратты көшіріп басады. Мұндай басылымдарға мұғалімдерді неге күштеп жаздырады? Өңірлердегі халықты осындай мәселе алаңдатады. Алайда, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баспасөздің қажеттігін айтып, шетелдіктердің зерттеуімен елді жұбатуда.

Мұғалімдерді ғаламтордағы ақпаратты көшіріп басатын гезеттерге неге күштеп жаздырады

Ал мерзімді басылымды басқарып отырған медиаходинг басшылары не дейді бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Ұстаздар үшін жазғы каникулдың алдында және жаңа жыл қарсаңында басталатын бір науқан бар. Мерзімді басылымға жазылу. Басқасы басқа, әсіресе мемлекеттік саясатты ұстанатын республикалық, облыстық және аудандық газетті алуы тиіс. Үйінде мұғалімі бар кез-келген отбасының мұңы бұл.

«Ұстаздарға, дәрігерлерге план беріледі екен. Сол бойынша пәленбай газет жазылу керек дейді. Оны өзімнің әйелімнен білемін. Өйткені ол мұғалім болып істейді. Әр адам өзінің сүйіп оқитын газетіне жазыла алмайды. Керегі жоқ газеттерге жазылдырады» – дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Ғани Әлиев.

Ғани Әлиевтің қынжылтатыны, газеттердің ішкі мазмұны. Айлап, апталап ауыл-аймаққа жеткен оның ішінде жазылған ақпарат ескіріп кетеді. Әлде бір компанияның табысы үшін неге бюджеттік мекемелердің қызметкерлері шығындануы керек, дейді.

«Мұғалімдердің қазіргі таңда бұл газетті оқитын уақыты да жоқ. 12 сағат жұмыста. Жазылып жатқан ақпараттардың бәрі электронды түрде бар. Мына газеттердің көбі халыққа керек жоқ. Бүкіл электронныйда тұрған жаңалықты көшіріп басады. Оның халыққа қандай қажеттілігі бар» – дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Ғани Әлиев.

Соңғы жылдары ел ішінде газетке күштеп, мәжбүрлеп жаздырады деген әңгіме жиі айтыла бастады. Бірақ биылдан бастап тоқтатылыпты. Өңірлерде әкімдіктер бұған араласпаймыз деп азар да безер болып жатқан көрінеді.

«Әкімшілік тарапынан бізге биылдан бастап газетті күштеп жаздыруға араласпаймыз, өздеріңнің күндеріңді өздерің көріңдер, қандай әдіс тәсілмен болса да. Нарыққа бейімделіп оқырманды өздеріңіз тартыңыздар деген тапсырма алдық. Бір жағынан бұл стимул болды» – дейді «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Рауан Сәбитұлы.

Бір жағынан стимул, бір жағынан газеттер интернетпен, телеарнамен бәсекеге түсе ала ма? Мерзімді басылымға жаздырудың жыры Ақпарат министріне де жетіпті. Абаев мырза да мәжбүрлеп жаздыруды қолдамаймын, дейді. Бірақ газеттің қажеттігін Гарвард ғалымдарының зерттеуімен түсіндірді.

«Бұл Гарвард зерттеулері. Онлайн мақала тез оқылады, ал газет материалдары он есе көп оқиды. Өздеріңізде білесіздер, онлайнда басын ғана оқисыздар да, парақтап кетесіздер. Газетте оқығанда астын сызып оқиды. Олар енді жаңалық жазып отыра алмайды. Өздерінің НИШ-терін табу керек» – дейді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

Газеттер ақпараттық сайттармен бәсекеге түсу үшін ұсынатын материалдың мазмұнын өзгерту қажет. Әзірге, басылымдардағы тақырыптардың сиқы осы.

«Орнықты дамудың бағдары» деген тақырыппен оқырман тарту, электрондық ақпарат құралымен жарысу ақылға сыймайды.

«Қазіргі кезде газеттердің мемлекеттен қаржыланатыны себебі, сол мемлекеттің саясатын насихаттаймыз деп, екіншіден ұқсас өте бір-біріне. Газеттерді алып көрсеңіз берілуі, мазмұны бәрі бір-бірін қайталайды. Соны біз жаңағыдай, міндеттеу бар, ақпарат министрлігі жағында жүргенде біраз көргенім, осы газеттерге шығаруды міндеттейді, Президенттің жолдауы болсын, мақаласы болсын, соған қатысты» – дейді журналист Төлен Тілеубай.

Ғаламтордан газеттерге жазылудың бағасын да қарап көрейік. Танымал басылымдарды алайық. Мысалы, «Айқын» газетіне бір ауыл тұрғыны бір жылға жазылу үшін 10 мың теңге, ал «Егемен Қазақстанға» жазылу 9 600 теңге төлейді. Мұның сыртында осы екі газеттің орысшасы, облыстық және аудандық газеттер бар. Ауылдағы бюджеттік мекеме қызметкерінің қалтасына салмақ салатыны жасырын емес. 2018 жылғы ауыл-аймақтағы газетке жазылу бағасы «Айқын» 1 айға 861 теңге 6 айға – 5171теңге 1 жылға – 10342 теңге «Егемен Қазақстан» 1 айға 800 теңге 6 айға – 4800 теңге 1 жылға – 9601 теңге

«Қазіргі толассыз ақпарат заманында ғаламтор қазіргі оқиғаны лезде жеткізіп отырады. Газет бұл жағынан шабандау. Сондықтан сараптамалық материалға көңіл бөлінеді. Ғаламтордағы ұшпа, жылт еткен жаңалықтардың барлығы бәрібір кешенді түрде сауатты сапалы контент ұсына алмайды деп ойлаймын» – дейді «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Рауан Сәбитұлы.

Бұрын ескірген газеттерді терезе жабуға, қол сүртуге, басқа да тұрмыстық қажеттіліктерге жарататын. Қазір газ келмеген аймақтар отқа жағады, қалғаны қайда жіберіп жатыр? Беймәлім. Ал газет шығаруға қажетті қағаз бен бояуды шетелден тасимыз.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау