"Моншаға түссе, күші кетіп қалады": Дәрігерлер педофилдерге салынатын химиялық кастрацияның күші жайлы айтты
Педофильдерді жазалау керек. Ең ауыр жаза түрін қолдану керек деп айтып келе жатқанымызға көп болды ғой. Былтыр осы мәселеге қатысты арнайы заң шығып, жылдың басынан жазалаудың жаңа түрі бекітілді. Енді, сәбиге қарап жұтынатын сарытістерге химиялық кастрация жасалады.
Міне, бір-екі күнде, азғындардың алғы легі, жазаның жаңа түрінің дәмін татады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Хириргиялық емес, бұл химиялық кастрация. Арнайы дәрі егеді. Кемі 5-6 айға азғын ойлар мазаламайды! Бірақ расында солай ма?
Соттың шешімімен 9 сотталған адам ұсталуда. Медициналық тексерілуде. Төндіріп сөйлегенге қарап, химиялық кастрация деген енді бір жазаның сұмдық түрі екен деп, ойлап қалмаңыз! Химиялық кастрация деген, аты ғана қорқынышты. Заты, кәдімгі укол салу ғой. Әлгі дәрі еркектің сексуалдық қалауын түсіріп тастайды. 5-6 айға. Алайда бір түйіткіл бар. Түрмеде амалсыз салғызады, сөйтіп солғызады ғой. Бостандыққа шыққанда ше? Күштеп еккеніңмен, ол дәрінің күшін жою жолдары көп екен.
"Адам анау дәріні ішіп тұрып, ыстық моншаға түсетін болса, анау ішкен дәрісі сол күні-ақ кетіп қалады. Әсер етпей қоя салады. Егер ол дәріні ішкеннен кейін, андрогенді ішетін болса, әтек қып тастау процесі тоқтап қалады", - дейді уролог Мақсат Рысбаев.
Біздің мамандар, либидоны қайта оятатын дәрілер нұсқауымен ғана сатылады дейді. Біз оны тексеріп көрдік.
Байқағанымыздай андидоттық дәрілерді сатып алуға болады екен. Яғни химиялық кастрация шарасы педофилдердің мәселесін шешіп тастайды деп кесіп айта алмаймыз.
"Батыс елдерінде педофильді кастрация істегеннен кейін, кешенді түрде қарайды. Мысалға аяғына браслет тағады. Егер өзінің аумағынан шығып кетсе, балалардың аймағына жақындаса, браслет жұмыс істеп кетеді. Полиция келеді. Кешенді болса, әсері бар", - дейді уролог.
Бұл тәжірбие бізде әлі жоқ. Бәлкім... Бала зорлағандарға қатты заң керек шығар? Бұл жерде демократия ойнаудың қажеті жоқ. Сол Америкаң балаға қол жүгірткеннің басына тоқ жүгіртеді. Электр үстелге отырғызып қойып! Иран, Қытайда не істейтінін айтпай-ақ қояйын.
"Өлім жазасы деп айтар ем. Көп адам заңсыздық жасамайын демейді. Заңнан қорыққандықтан аяқ тартады ғой. Ал мынау мәселеде ақылдасып жатудың қажеті жоқ сияқты. Басқа мемлекеттерде де, демократияның отаны саналатын мемлекеттердің өзінде өте ауыр жаза қолданады. Қытайда мысалға, бірді өлтіріп, мыңды сақтап қаламыз деген. Жемқорлық болсын, осы тәсілді қолданады", - деді этнограф Ұларбек Нұрғалым.
Сөйлегеннің бәрі педофильге өлім сұрап тұр! Тым болмаса, соған жетеғабыл жаза қажет дейді. Әйтпесе бала зорлағанға, тауық ұрлағанның жазасын беріп жатырмыз. 5-10 жыл деген не тәйірі? Босап шығып, тағы бір балаға соқтығады. Бұл біздің ойымыз емес. Мұны түрмеде отырған педофильдің өзі де айтып отыр.
Химиялық кастрация дегенде, біз бірнәрсені түсіне алмай жатырмыз! Азғындық екі аяқтың арасында емес. Екі иықтың ортасындағы қылтиған баста. Бар проблема сонда. Педофильге керегі төсек ләззаты емес. Ол өзін қорғай алмайтын періштені қорлағаннан рахаттанатын бәле. Ондайларды әтек қып, кесіп тастасаң да, қорлайтын, зорлайтын нәрсе табады.
"Әтек қылып тастасақ, қояды дегенге ешкім 100 пайыз ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені барлық мәселе миында тұр ғой. Миында тұр. Оны түсіндіріп, былай істеуге болмайды деп, түсіндіресің. Бірақ қаншалықты анау кісінің миына қонды. Оны ешкім ешқандай баға бере алмайды оған. Ол апендицит емес қой, алды да, кесіп тастайды дейтін. Ол өте терең жатыр. Менің өз пікірім, ондай адамдарды өлім жазасын беруші едім", - дейді психолог Құбайша Шампетова.
Бұл кісі өмірінде 20-ға жуық азғынның психикасын емдеуге тырысыпты. Бірде-біреуін адам қалпына қайтара алмайсың дейді. Сосын ғой, педофильдің емі бір оқ деп отырғаны. Мейлі ғой, педофиль біткенді атармыз, қамармыз. Бірақ ата-ананың да міндеті барын ұмытпайық. Менің баламда ондай нәрсе болмайды деген қаперсіздікті ұмытыңыз. Дәл қазір, балаңыз қайда? Телефонда кіммен сөйлесіп отыр? Бір қараңызшы.