Митинг кезінде Ринат Зайытов не үшін ұсталды? Полиция жауап берді
Айтыскер Ринат Зайытовты полиция санкцияланбаған митингіге қатысқаны үшін ұстады. Бұл туралы Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Зайытов полицияға Алатау ауданындағы санкцияланбаған митингіге қатысқаны үшін жеткізілді. Құқықты түсіндіру жұмыстарынан кейін Зайытов үйіне жіберілді", - деді полициядағылар.
Сондай-ақ, департамент өкілдері араға біраз уақыт салып ғимараттың алдына Зайытовпен кездестіруді талап еткен азаматтардың жиналғанын айтты.
"Оларға Ринаттың үйінде екені хабарланды. Алайда олар сонда да тарқамады. Жиналғандардың алдында жауапкершілікті сезінген Ринат Зайытов полициямен қауымның алдына жеткізілді. Ол сол жерде халықты заңды бұзбауға және құқық қорғау органдарының айтқанын істеуге шақырды", - деп қосты полициядағылар.
Аталған факт прокуратураның бақылауында.
Естеріңізге сала кетсек, 10 маусым күні полицейлер Ринат Зайытовты "Алматы аренада жиналған қауымның алдында сөйлеп тұрған жерінен алып кеткен болатын. Кейін айтыскер ақын халыққа видеоүндеу жолдап, өзі үшін халықтың қаны төгілгенін қаламайтынын жеткізді. Сондай-ақ, оған танымал тұлғалар араша түсті.