Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мейрамбек Бесбаев: Алтынбек Қоразбаев көкемнің көзіне түспегенде, болашағым қалай болатынын білмеймін 

Сахнада 30 жыл! Мейрамбек Бесбаев мерейтойлық ән кешін дәл осылай атаған.  Әйгілі әнші қараша айының 8-ші жұлдызы күні, Алматы қаласында ел алдында есеп бермек. Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген Мейрамбек концерт алды жоспарлары және шығармашылығындағы тың ақпараттармен бөлісті.

– Мейрамбек аға, ассалаумағалейкум! Ел алдында жүргеніңізге 30 жыл толуына орай кеш өткізгелі жатырсыз. Жалпы, мерейтойды атап өту жоспары қашан туындады? Әлде халықтың сұранысы ма?

– Уағалейкумассалам! Біріншіден бұл концертті 30 жылға жасайық деп арнайы дайындалған жоқпыз. Осыдан 2-3 жыл бұрын Астанада «Құс қанат ғұмыр» деген кеш өтті. Содан біраз жылдан кейін менің тыңдармандарым Алматыда қашан деген сияқты көптеген сұрақтар болған. Соның сәті биыл келіпті. Қарап отырсақ 30 жылдай уақыт өткен екен. 30 жылда не жинадық, не тердік, қандай әндер айттым деген сияқты, соған бір есеп берейінші деп көруге бел байладым. Концертте жалғыз емеспін. Менімен дуэт айтқан ағаларымыз, іні-қарындастарымыз бар. 30 жылдың ішіндегі барлығын сыйдыра алмасам да, бірақ кейінгі айтқан дуэттерді шақырып айтсақ па деп отырмыз.

– Жалпы, дуэттер қалай іріктелді? Бұл кештің тізімінде сізбен алғаш ән салған Жанар Айжанова, Сандуғаш Стамғазиева сынды әріптестеріңіз жоқ екен.

– Осы жолы олар тізімде жоқ. Неге десеңіз мен Астанада өткен «Құс қанат ғұмыр» атты концертімде Жанар да, Сандуғаш та өнер көрсеткен. Осы жолы кейінгі жазылған дуэттерді шырқасақ па деп шештік. Медеу Арынбаев ағамызбен жақында «Сағыныш» деген толғау жазғанбыз. Ол сахнада жалпы бірінші рет орындалайын деп тұр. Содан кейін Мөлдір Әуелбекова, Қайрат Нұртас, Мәдина Сәдуақасова сияқты әншілермен бірге өнер көрсетеміз. Сондықтан қоспадық кейінгі әндер айтылсыншы деп.

– Концертке қызу дайындық жүріп жатыр. Дәл қазір ән кешіне деген әзірлікті білсек?

– Біз дайынбыз негізінде. Біздің жігіттер сақадай сай. Ылғи Музартпен жүргеннен кейін, гастрөлдік сапарда жүрміз. Піскен біздің жігіттер. Дайындық жүріп жатыр. Құдай қаласа концертте барымызды салып, өнер көрсетеміз деп отырмыз.

– Мейрамбек мырза, осы орайда 30 жыл артқа шегініс жасап, өткен шақты еске алайықшы. Бала Мейрамбек Бесбаевтың ең алғаш рет сахнаға шыққан кезі есінде ме? Ұстазыңыз Алтынбек Қоразбаевпен таныстығыңыз қалай басталды?

– Есімде, көз алдымда әлі күнге дейін сайрап тұр. Жамбылда, біздің Тараз қаласында Баласағұн деген үлкен мәдениет сарайы бар. Сол жерде 1987-ші жылы, жаздың күндері «Жамбыл, Кенен ұрпақтары жырлайды» деген үлкен айтыс болған. Сол кезде Әзімбек Жанқұлиев ағамның жарқырап шыққан айтысы сол еді. Менің де сол кезде тұсауым кесілген. «Сағындым Кенен атамды» әнін айттым, сосын Аяз Бетпаев көкеміздің бір термесін ғана білетін едім. Сол кеште Алтынбек Қоразбаев әділқазылар алқасында отырған. Сол жерде мені байқап қалып шақыртқан. Содан кейін қасында келе жатырмын, құдайға шүкір. Одан кейін өздеріңіз білесіздер, араға 1-2 жыл салып «Бозторғай» шықты. Әуелі Алла, содан кейін ұстазымның арқасы шығар сол әнді шығарып берген. Мен енді бақытты өнерпазбын, бақытты балалық шағым өтті, құдайға шүкір. Ешқандай қиындықсыз, үлкен кісілердің батасын алып, солардың тәрбиесін көріп өстім. Мен өте бір бақытты әншімін деп есептеймін.

– Ал 30 жыл бұрын Алтынбек Қоразбаевпен кездеспегенде, Мейрамбек Бесбаев бүгінгідей дәрежеге жетер ме еді? Қалай ойлайсыз?

– Кім біледі? (күледі) Шынында Алтынбек Қоразбаев көкемнің көзіне түспеген кезде қалай болатынын білмеймін негізі. Бірақ енді өнердің төңірегінде жүретін шығармын. Бірақ өсер ме едім, өспес пе едім, оны бір Алла біледі.

– Бір сұхбатыңызда концерт жанды дауыста өтеді. Бірақ бұл ерекшелік емес деген екенсіз. Жалпы, бұл кеш қандай ерекшелікпен ел есінде қалмақ?

– Білесіздер ғой менің тыңдармандарым менен ән күтеді. Есті әндер күтеді. Адамға ой салатын әндер күтеді. Соларды жеткізуге тырысамын. Тыңдармандар үшін тек әдемі ән саламыз. Өзіме де жаңа әндер жаздық. Лирикалық бағытта бірнеше әнім бар. Құдай қаласа тыңдай жатарсыздар. Бағасын көрермен сол концертте береді.

 – Шынайы сұхбатыңызға мың алғыс! Алдағы мерейтойлық кешіңіз абыроймен өтсін деген тілегіміз бар. Уақыт тауып, тың ақпараттармен бөліскеніңізге рахмет! 

Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.

Жіберіп алмаңыз:

Сәкен Майғазиев әйелдерін құрметтемей, сараңдық танытатын ерлерді сынап тастады

Той жасаудың қиындығын түсінген Арман мен Аша әріптестерінен кешірім сұрады (фото)

Қызылордада балабақша күзетшісі хиджаб киген келіншекті «Алтын күзді» тойлауға кіргізбей қойған

Актриса Назгүл Қарабалина “91” тобына ұқсаған гелзбенд құрды (фото)

Талқылау