Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Мені ойлап қам жемеші, мама»: Белгілі әннің авторы анасына арнаған туындысын апатқа ұшырағаннан кейін жазған

«Мені ойлап қам жемеші, мама». Иә, бұл көпшілік арасында өз тыңдарманын тапқан, кеңінен танымал ән. Алайда ән авторы жайлы білетіндер саусақпен санарлық.

Үміт Битенова

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасының “Кешкі кездесу” бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Көпшіліктің жүрегіне жол тапқан «Мені ойлап қам жемеші, мама» аталатын белгілі әннің белгісіз авторы – Үміт Битенова. Бұл әнді ақын әрі сазгер 30 жыл бойы сандықта сақтаған екен.

«Бұл ән 1984 жылы студент кезімде туылған. Анам жалғызілікті. Ауылда тұрады. Жазған хатымыз үш апта жүріп барады. Ол кісіден келген жауап тағы 3 апта жүреді. Сонда бір, бір жарым айда бір хабарласамыз. Сағынып жүретін кезіміз ғой. Сол кезде шыққан ән. Сөзі де, әні де өзімдікі», – дейді ән авторы.

Өз сөзінде Үміт Битенова қаладан ауылға келе жатып апатқа ұшырағанын айтты. Салдарынан ауруханаға түскен ол анасын ойлап, уайымдаған. Анасына арнаған әні сол кезде кеудесін жарып шыққан екен.

«Қазір анам жоқ. Жаны жәннатта болсын. Бұл әннің сөзі мен ән бірге туды. Мен ауылға келе жатқан, Күйік асуында апатқа ұшырадық. Содан мен қайтадан Шымкенттегі ауруханаға жаттым. Анам күткен. Бір Құдайға тапсырған шығар. Ауруханадан шыққаннан кейін 2-3 күнге демалыс алып, ауылға келдім. Бұл ән ауруханада жатқан кезімде туды. Апатқа түскенімді анамнан жасырдым. Келгеннен кейін бір-ақ білді», – дейді Үміт Битенова.

Ал бүгінде бұл әнді әзілкеш, актер Аманғали Сыпабеков орындап жүр.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау