Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ата тегінде түрік, украин және орыс та бар: Петропавлдық тәртіп сақшысы Виктория Вьюшкина қазақ тілін жетік меңгерген

Петропавлдық Виктория Вьюшкина бала кезінен қазақ тілін жетік меңгерген. Оның отбасында басқа ешкім мемлекеттік тілде сөйлемейді. Бірақ бұл Викторияның қазақ тілді мектеп пен полиция академиясын үздік бітіруіне кедергі болған жоқ. Қазір ол аға лейтенант, учаскелік инспектор болып жұмыс істейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Викторияның тегінде түрік, украин және орыс та бар. Қазақ тілін мектеп қабырғасынан еркін меңгерген ол орта және жоғары білімін де мемлекеттік тілде алды.

"Бұл менің  әжемнің бастамасы болды. Әжем ол кезде мектеп директоры еді. Болашақты алдын ала ойлайтын әжем мемлекеттік тілде білім алуыма кеңес берді. Мен екі тілде де еркін сөйлей аламын. Бұл өзіме ұнайды", – дейді Виктория. 

Әріптестері Викторияның жан-жақты полиция қызметкері екенін айтты. Өйткені ол барлығымен ортақ тіл табыса алады. Мемлекеттік тілде еркін сөйлеуінің қызметіне тигізер септігі мол. 

"Ол академияда менен бір курс төмен оқыды. Взводтағылар петропавлдық орыс қызының қазақ тілінде еркін сөйлейтініне таңғалатын. Ода тілдік кедергі жоқ. Кез-келген нәрсені орыс немесе қазақ тілінде еркін түсіндіре алады", – дейді учаскелік инспектор Қажыбек Жұмықов. 

Виктория – отбасында қазақша сөйлейтін жалғыз адам. Ол Қазақстан тарихына қызығып, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын оқығанды ұнатады. Қазір оның үзбей оқып жатқаны – "Абай жолы".

"Орыс тілінде біраз акцентім бар, ал көбіне қазақ тілінде сөйлегендіктен бе, мемлекеттік тілде еш мүдірмеймін", – дейді Виктория.

Талқылау