Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мектеп мұғалімі бірінші сынып оқушысын өрттен құтқарып қалды

Өрт тұтанғанда 6 жасар қыз үйде жалғыз өзі болған. Мұғалім терезені сындырып кіріп, баланы құтқарып алған.

Мектеп мұғалімі бірінші сынып оқушысын өрттен құтқарып қалды

Бұл туралы “Диапазонға” сілтеп Stan.kz хабарлайды.

25 қаңтарда Мартукте Губин көшесіндегі үй өртенген. №1 мектептің мұғалімі  Гүлмира Пралина жұмысқа бара жатып, көрші үйдің төбесінен шыққан түтінді көріп, үйге беттеген.

«Түтінді көрген соң көршіге барып, есіктерін қақсам, ешкім шықпады. Бірден үйге келіп, өрт сөндірушілерге хабарластым. Қайтадан көрші үйге барып, есіктерін қақтым. Осы үйдегі қыз біздің мектепте 1 сыныпта оқитынын білетінмін. Содан мектеп директорына хабарласып, қыздың ата-анасын тауып, өрт туралы хабарлауларын сұрадым. Жұмысқа кете берейін дедім, бірақ жүрегім бірдеңені сезгендей кете алмадым.

Көршінің үйіне қайта келіп, терезені қаға бастадым. Сол сәтте, терезелердің бірінен қызды көріп қалдым. Ол қолымен терезені ұрып «апай» деп айқайлап жатты. Терезе құлайын деп тұрды, бірақ қыз перделерден көрінбей кетті. Терезені немен сындырғанымды білмеймін, әйтеуір қызды үйден алып шықтым. Үйде қыздан басқа ешкім жоқ екен. Сол уақытта өрт сөндірушілер де келді. Байқұс қыздың аяғының саусақтары күйіп кеткендіктен жылағанын тоқтатпады», – дейді  Гүлмира Пралина.

Мұғалім мен қызға тиісті медициналық көмек көрсетілді. Қыздың денсаулығына еш қатер төніп тұрған жоқ. Гүлмира Пралинаға қызды құтқарғаны үшін  №1 мектеп ұжымы алғыс хат тапсырды.

Гүлмира Пралина өте қарапайым кісі. Өзін ерлік жасадым деп санамайды. Тіпті баланы өрттен қалай құтқарғаны туралы жариялағысы да келмеген. Тек әріптестері өтінінген соң  «Диапазон» тілшісіне сұхбат беруге келісіпті.

«Бізде республикалық «Қамқор» шарасы бар. Гүлмира  Пралина өрттен аман қалған қызға мектеп формасын тіктіруге тапсырыс беріпті. Өрт кезінде қыздың формасы өртеніп кеткен екен. Ал мұғалім мектепке дейінгі  дайындық сыныбында сабақ береді. Өте жауапты, үнемі көмек ұсынуға дайын тұрады. Біздің мектепте осындай мұғалімнің сабақ беретінін мақтаныш етеміз»,- дейді мектеп директорының орынбасары Динара Қаржауова.

Мұғалімдер мен ата-аналар өрттен зардап шеккен отбасына материалдық көмек көрсетіп жатыр. Үйі өртенген отбасының 2 баласы бала бақшада, ал 2 баласы 1-ші және 4-ші сыныпта оқиды екен.

“Үйдің тең жартысы өртеніп кеткен, бірақ оны қалпына келтіруге болады.  Шатыры түгі қалмай өртеніп кетіпті. Киім-кешектерге өрт тимеген, тек құрылыс матералдары керек”, – дейді қыздың әкесі.

Айта кетейік, өрттің неден тұтанғаны әлі белгісіз. Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт 35 шаршы метрді құраған. Өртті сөндіруге 7 адам жұмылдырылған.


Тағы оқыңыз >>>

Шахматшы Бибісара Асаубаева өзіне жала жапқан бапкерге жауап берді

 

Талқылау