Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мектеп әкімшілігі істі жасырып әлек": Жамбыл облысында жоғары сынып оқушысының соққыларынан көз жұмған баланың жақындары әділдік сұрайды

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Құмжота ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте 8-сынып оқушысы өзінен бір сынып жоғары балалардың соққысынан көз жұмған. Марқұм баланың туыстары мектеп басшылығы істі жылы жабуға тырысқанын айтып дабыл қақты. 14 жасар баланың ағасы Олжас Сейітқадір Stan.kz тілшісіне жағдайды айтып берді. 

Марқұмның жақындарының жеке архивінен 

30 сәуірде Алтынсарин атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Мирас Мәлік мектеп дәретханасында көз жұмған. Алғашында полиция мен мектеп қызметкерлері бала дәрет сындырып тұрған кезде өзі дәретханада құлады деген. Алайда жақындары баланың денсаулығында ешқандай кінәрат болмағанын, еш жерде тіркеуде тұрмағанын айтты. Сот-медициналық сараптамасы баланың соққыдан көз жұмғанын көрсетіпті. Десе де ішкі істер органының қызметкерлері іске салғырт қарап, тексеріс жүргізбеген. Осы себепті марқұмның туыстары ақиқатты өздері анықтамақ болыпты. 

Енді Мирас Мәліктің жақындары істің бүкпесіз, ашық болғанын қалайды. Өйткені қылмыстық істі бұрмалап жібере ме деп алаңдаулы. Сол үшін баланың ағасы президент әкімшілігінің басшысы Айдос Дәдебаевқа, бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке өтінішхат жолдаған.

“Мектептегілер өзі құлап көз жұмды дегенге сенбедік. Мектеп әкімшілігі істі жасырып әлек болды. Осыдан соң сот-медициналық сараптамаға алып кетті де, денесін үйге әкелді. Кешкісін Мирастың құрдастарынан не болғанын сұрадық. Олар қатты ұрғаннан құлады деді. Сөйтсе Мирас 9-сынып оқушылары бір күн бұрын ұйымдастырған жиналысқа келмепті. Келесі күні дене шынықтыру сабағынан кейін бәрін әжетханада жинаған. Сол кезде Мирасты “жиналысқа келмедің” деп, соққының астына алыпты”, – деді Олжас Сейітқадір.

Екінші күні олар тағы да сот-медициналық сараптамасын жасатқан. Екі сараптаманың да қорытындысы бойынша кеуде тұсынан ұрғандықтан, жүректен келетін күретамыр жарылып кеткен екен. Соған қарамастан полицейлер бұл дерекке мән бермеген.

“Бірінші сараптама нәтижесі шыққан кезде ішкі істер бөлімінен ешкім келмеді. Осыны айтқан кезде "өздігінен мерт болды, соққы жасалса, гематома қалушы еді ғой" деді. “Оқушылармен сауалнама жүргіздік, ешқандай әлімжеттік болмаған” деп жылы жапты", – дейді марқұмның ағасы.

Куәгерлер бар екені мәлім болғанда және туыстары екінші сараптама қорытындысын көрсеткенде ғана полицейлер қимылдай бастапты. Бірақ директор әлі де істі жасырып қалғысы келеді дейді Олжас Сейітқадір. Сөзінше, мектеп әкімшілігі оқушылардан тіс жармауды өтінген.

“Тергеушілердің орнына өзіміз жүгірдік. Кімнің ұрғанын, оқиғаның қалай болғанын өзіміз анықтадық. Енді тергеу әділ жүріп, кінәлі жазасын алғанын қалаймыз. Мектеп директоры да аса ауыр қылмысты жасырып қалуға тырысқаны үшін өз жазасын алуы керек", – дейді ағасы.

Сөздерінше, мектепте әлімжеттік өршіген. Қайғылы жағдайдан кейін ауылдағыларға мұндай нәрсенің бар екені мәлім болған. Тіпті ата-аналар бірнеше рет директорға барып, жоғары сынып оқушыларының үстінен шағымданыпты. Алайда мектеп әкімшілігі бұған аса мән бермеген.

Жамбыл облыстық полиция департементі оқушының өлімі дерегі бойынша  қылмыстық іс қозғалғанын мәлім еткен.

"Кәмелетке толмаған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Сондай-ақ мектеп басшылығы мен оқытушы құрамға қатысты балалардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды", – делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында сегізінші сынып оқушысы жоғары сынып баласының соққысынан көз жұмғанын жазған едік. 

Талқылау