Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәскеудегі терракт, Израильдегі халық наразылығы, Ресей зымыранының Польша аумағына түсуі: Әлемдегі саяси жаңалықтарға апталық шолу

Осы апта Мәскеудегі терракт әлем назарында болды. "Крокуста” қаза тапқандардың саны 143 адамға жетті. Террорлық шабуылдың артында нақты кім тұрғаны әлі де белгісіз. Оған қоса Ресей зымыраны Польша аумағына құлағаны белгілі болды. Қаза тапқандар бар. Тель-Авивте Израиль халқы ХАМАС-пен арада болып жатқан атысты тоқтату, кепілге алынғандарды босатуды сұрап, наразылыққа шықты. Ал Таиландта парламент біржынысты некеге заң жүзінде рұқсат беру туралы жобаны мақұлдады. Stan.kz тілшісі осы және басқа да әлемдегі жаңалықтарға апталық шолу ұсынады. 

Фото: Ашық дереккөздерден 

Крокустағы терракт: Қаза тапқандар саны өсіп жатыр

Соңғы ақпарат бойынша, "Крокус" Сити Холлдағы терракт құрбандарының саны 143-ке жетті. Ресейдің тергеу комитетіне лаңкестік әрекет салдарынан із-түзсіз жоғалған туыстары мен жақындары туралы 143 хабарлама түскен. Қаза болғандардың арасында 9 бен 16 жас аралығындағы бес бала бар.

Тағы 180-нен астам адам жарақат алды. Мурашконың бейсенбі күнгі мәлімдемесіне сәйкес, ауруханаларда қазір 74 адам жатыр. Олардың үшеуінің жағдайы өте ауыр, тағы 18-інің, оның ішінде үш баланың жағдайы ауыр деп бағалануда.

Террорлық әрекетті жасаған кім?

Ресми ақпаратқа сүйенсек, террорлық әрекетке қатысы бар 11 адам ұсталған.

"ФСБ және басқа да құқық қорғау органдары лаңкестердің барлық сыбайлас базасын, оларды көлікпен қамтамасыз еткендерді, қылмыс орнынан қашу жолдарын белгілегендерді, дайындалған қоймаларды, қару-жарақ пен оқ-дәрі қоймаларын анықтау және ашу бойынша жұмыс істеп жатыр”, – деп мәлімдеді Путин хабарламасында.

32 жастағы Далержон Мирзоевпен бірге сотқа 30 жастағы Саидакрами Рачабализода, 25 жастағы Шамсидин Фаридуни және 19 жастағы Мухаммадсобир Файзов жеткізілді. Олардың барлығы Тәжікстан азаматтары.

Фото: Anadolu Ajansı

Мирзоевтың осыдан бірнеше ай бұрын Новосібірге жұмысқа келгені белгілі болды.

Фаридуни наурыз айының басында Мәскеуге келіп, Красногорскіде тіркеліп, Подольскідегі паркет зауытында жұмыс істей бастаған.

Шабуыл жасағандардың ең жасы Файзов Ивановода тұрып, шаштаразда жұмыс істеген.

Шабуылды Шамсидин Фаридуни басқарған болуы мүмкін деген ақпарат бар. Файзов пен Фаридуни шабуылдан екі апта бұрын "Крокусқа" бес рет барып, ғимаратты зерттеген.

Террорлық әрекеттің артында кім тұр?

"Крокусқа" жасалған шабуылдан кейін көп ұзамай террорлық әрекеттің артында "Ислам мемлекеті" тұруы мүмкін деген ақпарат пайда болды. Алайда Ресей террорлық әрекеттің артында Украина тұр деген нұсқаны қарастыруда. 

Ресей сыртқы істер министрлігі Украинаның соңғы жылдары "Ресей азаматтарына қарсы белсенді және жүйелі террористік әрекеттер" жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Путин шабуылдаушылар қашып құтылу үшін "Украина мемлекеттік шекараны кесіп өтуге жағдай жасағанын” айтты.

Алдын ала ақпарат бойынша, лаңкестік әрекетті жасағандар Украинадан ақша мен криптовалюта алған. Ресейдің қауіпсіздік күштері ұсталғандардан тәркіленген техникалық құрылғыларды зерттеп, қаржылық транзакциялар туралы мәліметтерді саралай отырып, бұған дәлел тапқанын хабарлады.

"Крокусқа” шабуыл жасаған лаңкестер есірткі немесе психотроптық заттарға мас болғаны айтылды.

Ресей зымыраны Польша аймағына құлады: Қаза тапқандар бар

Фото: Reuters

Поляк әскерилері Ресейдің зымыраны жексенбі күні Польшаның әуе кеңістігіне кіргенін мәлімдеді.

"Бұл нысан Осьердов ауылының маңында Польшаның әуе кеңістігіне кіріп, 39 секунд бойы сонда қалды", – деп хабарлады Польша қарулы күштерінің жедел қолбасшылығы.

Әскерилер бұл мәлімдемелерге дәлел келтірмеді.

"Әскери радарлар зымыранның ұшу процесін бақылап отырды", – деп атап өтті Польша қарулы күштері.

Польша қарулы күштерінің жедел қолбасшылығы Польша мен НАТО ұшақтарының әуеге көтерілгенін мәлімдеді. 

Қолбасшылықтың әлеуметтік желілері бұл шараның "Ресей Федерациясының ұзақ қашықтықтағы авиациясының Украина аумағында орналасқан нысандарға әуе және зымырандық соққыларға байланысты қарқынды әрекеттеріне" байланысты қабылданғанын атап өтті.

Артынша сейсенбі күні кешке Польшаның шығысындағы Украинамен шекараға жақын жердегі Пржеводов ауылына зымыран құлап, екі адам қаза тапты. Түнде Польша билігі зымыранның Ресейде жасалғанын айтты.

Алайда америкалық шенеуніктер, зымыранды украиналық әскерилер ресейлік ұшқышты атып түсіру үшін ұшырған болуы мүмкін деген болжам жазады. АҚШ президенті Джо Байден де құлаған зымыранның Ресейден атылмағанын алға тартты.

Украина басшылығы мұндай болжамдармен келіспейді.

Украина президенті Владимир Зеленский Польшаның Пржеводов қаласына құлаған зымыранның Украинаға тиесілі емес екеніне сенімді.

"Бұл біздің зымыран емес. Мен бұған сенімдімін. Біз тергеуге қатысуымыз керек. Әділ шешім шығарылғанын қалаймын. Егер бұл біздің зымыран болса, нақты дәлелдер болуы керек", – деді ол.

Оқиға үшін жауапкершілікті Ресей өз мойнына алды.

Тель-Авивтегі наразылық

Фото: Reuters

Тель-Авивте премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың отставкаға кетуін, мерзімінен бұрын сайлау өткізуді және Газа секторындағы израильдік тұтқындарды қайтаруды талап еткен мыңдаған адам наразылық шеруіне шықты.

Дәл осындай шерулер Хайфада, Батыс Иерусалимде және Нетаньяху резиденциясы орналасқан солтүстік Кесария қаласында да болды.

Тель-Авивте шерушілер Нетаньяху үкіметінің сот реформасына қарсы наразылық символына айналған Каплан көшесіне жиналды. Полиция митинг өтетін жерге темір қоршаулар орнатты.

Шерушілер премьер-министрдің қанға боялған жүзі бейнеленген плакаттар мен "Қылмыс министрі", "Сіз көшбасшысыз, сіз кінәлісіз" және "Биби Эскобар" деген сөздерді ұстаған.

Полиция мен шерушілер арасында қақтығыс болғаны хабарланды. 

ХАМАС қолбасшысының орынбасары өлтірілді

Фото: BBC

Израиль қорғаныс күштерінің баспасөз хатшысы Даниел Хагари ХАМАС қолбасшысының орынбасары Марван Иссаның өлтірілгенін хабарлады.

"Исса осы айдың басында Газа секторының орталығында израильдік әуе шабуылы нәтижесінде қаза тапты", – делінген ақпаратта.

Хагаридің айтуынша, Иссадан басқа, 10 наурызда Нусейрат босқындар лагеріне жасаған соққыда ХАМАС-тың жоғары шенді қолбасшысы да көз жұмды.

Марван Иссаның қаза тапқаны туралы ақпарат наурыздың басында пайда болған. Ақпаратқа сәйкес, Иссаның Израильдің Нусейрат лагеріндегі жерасты кешеніне жасаған соққысы нәтижесінде қаза болуы мүмкін екенін хабарланған.

Израиль Ливанның қаласын атқылады: Жараланғандар бар

Израиль мен Ливанның Хезболла қозғалысы арасындағы қақтығыс өршіді. Осыған дейін қақтығыс Израиль-Ливан шекарасының маңында өрбіген болса, осы жолы Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі Накура қаласына шабуылдады.

Шабуыл салдарынан алты адам жараланған. 

"Израильмен шекарадан ұзақ орналасқан аймаққа жасалған шабуыл нәтижесінде алты адам жараланды", – делінген хабарламада. 

Бұл Израиль әскерінің Ливандағы азаматтық нысанаға жасаған алғашқы соққысы.

Хезболлаға жақын дереккөз де алты адамның жараланғанын растады.

Еске салсақ, Израиль мен Хамас арасындағы соғыс Таяу Шығыстағы кейбір топтардың Ирак пен Сириядағы АҚШ күштеріне қарсы шабуылдарын күшейтуіне алып келді. Соның ішінде Хезболла қозғалысының өкілдері мен Израиль әскерлері арасындағы қақтығыс артқан. 

Таиландта бір жыныстық некеге заңмен рұқсат берілмек

Фото: Bgnews

Сәрсенбі күнгі соңғы оқылымда парламенттің төменгі палатасының басым көпшілігі заң жобасын қолдады. Заң жобасы күшіне енсе, Таиланд гейлердің некесін заңдастырған үшінші Азия елі болмақ.

Заң күшіне енуі үшін елдің сенатының және корольдің мақұлдауын алуы керек. Заң король бекіткеннен кейін 120 күн ішінде күшіне енеді.

Дауыс беру алдында парламенттік комитеттің төрағасы Дануфорн Пуннаканта бұл заңды қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

"Мен баршаңызды тарихты жасауға шақырғым келеді. Біз мұны барлық Таиланд халқы үшін, қоғамдағы теңсіздікті азайту және теңдік құру үшін жасадық”, – деді ол.

Заңнама неке туралы заңдағы "ер", "әйел", "күйеу" деген атауларды гендерлік бейтарап терминдерге өзгертуге негізделген. Ол сондай-ақ ЛГБТ жұптарына гетеросексуалдық некелермен бірдей мұра қалдыру және бала асырап алу құқығын береді.

АҚШ пен Ұлыбританияның Қытайға қарсы санкциялары

Фото: Reuters

АҚШ пен Ұлыбритания кибер-тыңшылық операциясынан кейін қытайлық компания мен екі адамға қарсы санкция жариялады.

АҚШ қаржы министрлігінің мәлімдемесінде Wuhan Xiaoruizhi Science and Technology Company Ltd ұйымына санкция салынған. Ақпаратта бұл компанияның Қытай мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің кибероперациялар бөліміне қызмет ететіні айтылған.

АҚШ санкцияларында Қытайдың екі азаматынның аты бар. Олар Ухань компаниясымен байланысы бар Чжао Гуанцзун мен Ни Гаобин. Қазір Гуанцзун мен Гаобин қорғаныс, аэроғарыш және энергетика салаларын қоса алғанда, маңызды инфрақұрылым секторларына нұқсан келтіру үшін кибершабуылдарды қолданды деп айыпталуда.

Сондай-ақ дүйсенбіде АҚШ-тың әділет министрлігі Чжао, Ни және тағы бес хакерлерлік әрекеттерді жүзеге асыру үшін алдын ала сөз байласқанын хабарлады. Агенттік олардың бұл кибер операция 14 жылға жуық уақыт бойы жүргізілгенін, АҚШ пен шетелдік сыншыларға, бизнес пен саяси шенеуніктерге қарсы бағытталған шабуыл екенін атап өтті.

АҚШ бас прокурорының орынбасары Лиза Монако мәлімдемесінде жаһандық хакерлік операцияның мақсаты "Қытай режимін сынаушыларды басып-жаншу, мемлекеттік институттарды ымыраға келтіру және коммерциялық құпияларды ұрлау" деп мәлімдеді.

Олар АҚШ президенттік науқандары мен Финляндия парламентінің ақпараттық жүйелерін нысанаға алды деп айыпталған.

Шенеуніктер сондай-ақ 2021 жылы Қытай үкіметімен байланысты хакерлер Ұлыбритания парламентіндегі сыншыларға қарсы "барлау әрекетін" жүргізгенін, бірақ нысанаға алынған аккаунттардың ешқайсысы бұзылмағанын айтты.

Армения телеарналарында ресейлік пропоганданы көрсетуге тыйым салынды

Фото видеодан скриншот

Арменияда ресейлік журналист Владимир Соловьевтің бағдарламаларын көрсетуге тыйым салынды. Ресей журналистер одағы мұны сөз бостандығын бұзу деп атады.

Арменияның жоғары технологиялық индустрия вице-министрі Авет Погосянның айтуынша, тыйым салу туралы шешім БАҚ саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты келісімнің екі бабының "үнемі бұзылуына" байланысты қабылданған.

Бұл бап ұлттық мейрамдар мен төтенше жағдай кезіндегі ережелерді сақтауды талап етеді. Сондай-ақ бапта ішкі саяси өмірге кедергі келтіретін және қорлайтын хабарларды таратуды болдырмау туралы да айтылған.

Бір ай бұрын Соловьев пен Маргарита Симонян өздерінің бағдарламаларының бірінде Грузия және Армения арасында шекараның болмауы мәселесі туралы ақпарат таратқан.

Армения мен Ресей арасындағы шиеленіс

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров үш жарым жылдан бері Армения үкіметі арадағы байланысты үзуге әрекет жасап жатқанын мәлімдеді. 

“Армения мен арадағы жағдайға түсініктеме беруге мәжбүрмін. Әрине жағдай қуанарлық емес. Ашығын айтсақ, армян басшылығы қисынсыз сылтаулармен соңғы үш, үш жарым жылдағы тарихты бұрмалап, Ресей Федерациясымен қарым-қатынасты бұзуға тырысуда. Бұл әрекеттер 102-әскери базасында қызмет ететін біздің әскери қызметкерлеріміздің, шекарашыларымыздың, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының беделін түсіруіне себеп болып отыр", – деді ол.

Лавровтың айтуынша, Армения ҰҚШҰ-ның көмегіне бернеше рет жүгінгені туралы тіпті сөз де қозғаған жоқ.

"Қиын жағдайда Арменияның мүддесін бірнеше рет қорғаған ҰҚШҰ екені туралы тіпті айтылмайды", – деді Лавров.

Ал Арменияның бұл тақырыпта ойы басқа. Армения парламентінің спикері Ален Симонян Ресейді "ең қиын кезеңде" Арменияны жалғыз қалдырды деп айыптады.

"Армения еуропалық демократиялық жүйенің тасымалдаушысы. Біз үшін ЕО мүшелігіне үміткер мәртебесін алу – ең дұрыс шешім. Көп нәрсені еуропалық стандарттарға сәйкестендіру керек", – деді ол.

Ален Симонян Ресей дер кезінде көмектеспегенін атап өтті.

“Иа біз дос, одақтас болдық. Алайда бізді қорғайтын уақыт келгенде, орта жолда тастап кетті. Керісінше Ресей бізді Армения аумағында болатын жаңа соғысқа тартпақ болды”, – деді Симонян.

Талқылау