Мамандар йодталған тұз құрамында йодтың жоқ екенін айтып дабыл қақты
Қазір отандық нарықта сатылып жатқан тұздардың құрамында йод жоқ! Тұтынушылар құқығын қорғаушылар осылай деп дабыл қағуда. Олар сатылымдағы 8 түрлі өнімнің құрамын зертханада тексерген. Нәтижесі алаңдатарлықтай дейді мамандар.
Елімізде йод жетіспеушілігінің алдын алу үшін ас тұзын йодтау туралы шешім қабылданған болатын. Бірақ қалта қамын ойлаған кәсіпкерлер бұл талапты елеп-ескеріп жатпаған сыңайлы. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Йод жетіспеушілігі еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі. Себебі жерде де, онда өскен өнімдерде де йод жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін барлық ас тұздарын йодпен байыту міндеттелген. Мамандар тұздың құрамындағы йод бір жылға дейін сақталуы тиіс екен айтады. Ал тұз өндірушілер өнімнің тек қаптамасына ғана “йодталған” деп жазатын болыпты.
«Біз сегіз үлгіні тапсырған кезде Төртеуі стандартқа сәйкес келді, төртеуі сәйкес келген жоқ. Соның ішінде ресейдікі, германиянікі, белорусияныкі және бір қазақстандық кәсіпкердікі сәйкес келді. Басқа тұздар стандартқа сәйкес келмеді. Олардың кейбіреулерінің ішінде йодтары да жоқ, кейбіреулерінің маркировкасында қай күні шыққаны да жоқ» – дейді тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының президенті Артық Сейітқалиева.
Тұтынушылар құқығын қорғаушылардың көтерген мәселесін зертхана мамандары да растап отыр. Ас тұзын жедел тәсілмен тексеру барысында талапқа сай келмейтініне көз жеткіздік.
«Зертханада тұздың үш түрлі үлгісін алдық. Ол тұздардан жылдам тәсіл арқылы йод құрамын анықтадық. Сонда зертхана қортындысы бойынша, екі үлгіде йод құрамы бар болып шықты. Ал біреуінде йод жоқ болып шықты» – дейді зертхана маманы Ақмарал Бауыржанқызы.
Ағзада йод тапшылығы туындаса қалқанша безінің эндемиялық ұлғайуына әкеліп соқтырады дейді дәрігерлер. Ал балалардың ақыл-ойы дұрыс дамымай, әлсіздік, ұмытшақтық пайда болып, есте сақтау қабілеті төмендейді екен. Сонымен қатар инфекциялық және суық тию ауруларының жиілеуі, екінші иммундық жетіспеушілігі салдарынан өткір аурулардың созылмалы түрге өту ықтимал. Оның алдын алу үшін Қазақ тағамтану академиясы еліміздегі барлық ас тұзын йодтауды үкімет қаулысымен міндеттеген болатын.
«Ақылы төмендейді, еңбек жұмысына, жалпы ой жұмысына қабілеті ерекше төмендеп кетеді. Сондықтанда жүкті әйелдер сондайға ұшыраса балалар да йодтың жетіспеушілігіне дайын тұрады да жүкті әйелге екі есе зиян әкеледі» – дейді қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.
Ағзадағы зат алмасу, мидың жұмысының жақсаруы, ағзаның қалыпты дамуының барлығы йодқа байланысты. Адам денсаулығына ауадай қажет элементтің тұз құрамында болмауы мамандардың бірден алаңдаушылылығын тудыруда.
«Сәйкес келмеген жағдайда ол тұзды тасымалдаушы кім екенін анықтаймыз. Дүкенге қайтадан шығамыз, ұйғарым береміз. Тасымалдаушысы немесе оны орап қаптайтын қаптаушыға шығамыз. Қауіпсіздігін растайтын жағдайда айыппұл салынады. Айппұлдан кейін ұйғарым беріледі. Ұйғарымды орындамаған жағдайда материалдар сотқа беріледі» – дейді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Анель Мұсаева.
Негізі теңіз капустасы мен балық етінде йод мөлшері көп. Оны екінің бірі тұтына бермейді. Ал ас тұзын пайдаланбайтын адам кемде кем. Бірақ оның да сапасы сын көтермейді. Енді бұзылған тұзға мамандар не себерін білмей дал.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.