Мамандар Ораза ұстағандарға қалай тамақтану керектігін түсіндірді
Бүгін барша мұсылман жұрты Ораза айының бірінші күніне тұрып, алғашқы сәресін ішті. Биыл ауыз бекіту күні 5-ші шілдеге дейін жалғасады.
Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариат және пәтуі бөлімінің жетекшісі Мухаммед-Хусейн қажы Алсабеков ыстық күнде адам шөлдеп немесе ұзақ уақыт арасында ашығып қалмас үшін қалай тамақтану керектігін айтты, деп жазады bnews.kz сайты.
«Қандай мезгіл болмасын әр жылы Оразаның алғашқы күнінде ауыз бекіткен жандар қиналады. Бірнеше күннен кейін оған үйреніп те кетеді. Мұсылман адам ұзақ уақыт кезінде қатты ашығып қалмас үшін, ауыз ашқанда бірден көп тамақ жемеуі керек. Алдымен асқазанға жеңіл тамақ жеңіз. Араға біраз уақыт салғаннан кейін жақсылап тамақтанып алуға болады. Сондай-ақ, көпшілікұйықтап, сәресін ішпей қалатын жайттар болады. Мен ондай кісілерге қалай қиналмасын тұрып, күндіз қиналмас үшін нәр татып алуға кеңес беретін едім. Көпшілік үйдегі тағамның барлығын бірден жеп алады. Оразада негізі керісінше,қаншалықты жеңіл тамақтансаңыз соншалықты жеңіл жүресіз. Ауыр тамақтардың барлығы тойымды бола бермейді»,-дейді Мухаммед-Хусейн қажы Алсабеков.
Ол сондай-ақ, былтырғымен салыстырғанда биыл Ораза ұстау жеңілрек болатынын айтып өтті.
«Өткен жылы ауыз бекіту уақыты ұзақ, күн биылғыға қарағанда ыстық болды. Сондықтан биыл ауыз бекіткендер былтырғыдай қиналмайды»,-деді Діни басқарма қызметкері.