Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мақпал Жүнісова Инстаграмға “ішкен-жегенін” салатын әріптестерін сынап тастады

Бүгінде тыңдарман әншінің әніне емес, жеке өмірі жайлы білуге ынтық. Бұл қазіргі таңда ғаламтор тұтынушыларының сұранысы. Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген Мақпал Жүнісова инста-парақшаны дұрыс қолданып, сауатты пост жариялаудың түрлі тәсілдерімен бөлісті. Халық әртісінің айтуынша, отандық шоу-бизнестегі жұлдыздардың басым көпшілігі ішкен-жегенін желіге салып, оқырмандарын мезі қылған.

“Мен бүгін мынаумен қыдырып кетіп бара жатырмын, бүгін мынаумен келе жатырмын, күнде ресторанды түсіре берсең халық одан жалығып кетеді. Сондықтан, көбінесе шығармашылықты салу керек. Бұл әртістің парақшасы болғаннан кейін, көбінесе әндер, әріптестеріңнің әндері сияқты посттарды салып тұру керек», – дейді Халық әртісі.

Сондай-ақ, Жүнісова желідегі оқырмандарымен ашық айқасқа шығатын танымалдардың тізімінен емеспін дейді. Өйткені, өнер иесіне жағымсыз пікір жазып, қытығына тиетін ғаламтор тұтынушыларының қарасы аз болып шықты. Сондықтан болар жеке өмірін дүйім жұрттан жасырмайды. Әрі әлеуметтік желідегі белсенділігі де ешқашан бәсеңсіген емес…

«Маған әлеуметтік желіде көп тиісе қоймайды. Өйткені, менің өмірім халықтың көз алдында ғой. Мен әлгі тығылып жүрмейтін адаммын. Мен қалай жүрсем де, ашық жүремін. Өйткені, түнгі клубтарға бармаймын, ешқандай тусовкаға бармаймын. Барсам тойға барамын. Барамын да өлеңімді айтып, қайтып кетемін. Басқа тағы не бар? Байға шыққан жоқпын. Оны бүкіл Қазақстан біледі. Мен байға шыққан күні бүкіл Қазақстан тойлайтын шығар (күледі)», – дейді Мақпал Жүнісова.

Сонымен қатар, Халық әртісінің желі арқылы жұлдызы жанған жастарға өкпесі қара қазандай екен. Мақпал ханымның сөзінше, инстаграм тез танылудың таптырмас әрі жеңіл жолы деп отыр.

«Қазіргі жастар инстаграмнан суретін сала салады да, танылу оңай болып кетті. Тіпті, жақсы ән айтпаса да түрін халық танып алады. Біздің кезімізде 2 ғана телеарна болды. Мұндай ұялы телефон деген болған жоқ бізде. Біз өзіміз халықтың алдына барып, маңдай терімізді ағызып, күніне 5-6 концерт беріп, еңбек еттік», – дейді ашуға булыққан Мақпал ханым.

Жүнісова сұхбат барысында өткен шаққа да сапар шекті. Тыңдарман жанды дауыстағы концертке келіп, ғаламтордан тыс өмір сүрген сәттер де Мақпал ханымның кешінде ине шаншар жер болмағанын айтады. Тіпті, алып шаһарды басқарған жолдасының да көмегіне көп жүгінбеген көрінеді.

«Осы күнге дейін Қазақстаның кез-келген өңірінен сұрасаңыз, Мақпал Жүнісованың концертіне билет жоқ деп айтады. Өмірі әкімшілікке кірмеген адаммын мен, байымнан басқа. Біз қосылғанда Зәкең 3 жыл бойы қала әкімі болды ғой, бірақ сол кезде де менің концертімді ол кісі жасаған жоқ”, – дейді Жүнісова.

Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.

Талқылау