Мақпал Жүнісова Air Astana туралы: Әкесін өлтіргендей автоматпен атуға дайын адамдар бар ол жерде
Мұрат Құсайыновтың басынан өткен әуежайдағы жайсыз жағдай өнер өкілдеріне оңай тиіп жатқан жоқ. Әйгілі музыканттың абыройын төккен әуе компаниясының қызметкерлеріне, әсіресе Мақпал Жүнісова қатты ашулы көрінеді. Stan.kz тілшісіне сұхбат берген Халық әртісі, шу шығарғандар әйгілі «Дос-Мұқасанның» жетекшісінен кешірім сұрауын талап етуде.
«Кешірім сұрасын! Мұрат ағадан кешірім сұрау керек! Ол кісіге туфлиін шешкізіп, киімін шешкізу таңсық. Ол кісі қазаға бара жатыр екен. Қандай бір көңіл-күй болды деп ойлайсыз? Адамда кішкене адами қасиет болуы керек. Еңбегі сіңген адам. Мен түсініп тұрмын, заң бәрімізге бірдей. Бірақ бірден өктем сөйлемей-ақ қоюға болады ғой. Мұрат ағамыздың намысына тиді ме екен, өктем сөйледі ме екен. Біз жанында болған жоқпыз ғой. Сондықтан ештеңе айта алмаймыз. Бірақ мен Мұрат ағаны 30-40 жылдай жақсы білемін. Ол кісі әйел адамын саусағымен түртпейтін адам. Сосын ондай мінезін көрмеген адаммын. «Айналайын» дегеннен басқа ол кісіден жаман сөз естіген жоқпыз. Жалпы, қазақ қазақты солай жамандай берсек, ертең оңбаймыз», - дейді Мақпал Жүнісова.
Мақпал Жүнісованың Құсайыновты қызғыштай қоруының өзіндік себебі бар. Өйткені, әуежай қызметкерлерінің ішкі тәртібіндегі олқылықтарға талай мәрте куә болғанын айтады.
«Біріншіден, әуежайда істеп жүрген қызметшілердің өздерінің тәртіптері өте нашар. Талай нәрсені көрдім мен. Бостан-босқа бізді ұшақтан алып қалу, ешқандай тәртіп бұзушылық жасамасаң да, кішкене 10 минут кешігіп қалдың ба регистрацияны жауып тастадық деп, 40 минут ұшақ ұшпай тұрады. Сондай жағдайда қолына автомат беріп, мынаны атып таста десе, атып тастайтын адамдар бар сол жерде. Мен бір жолы өтіп бара жатсам, «шешініңіз» деп сондай бір өктем дауыспен сөйлейді де. Сәлеметсіз бе, деп сәлем беріп тұрсаң да, әкесін өлтірген адамдай көзқарас танытатын біздің қазақтың жап-жас қыз-жігіттері бар әуежайда», - дейді әнші.
Мұндай жағдайларға жиі ұрынған Жүнісова, қазіргі таңда әуежайдағы жүру тәсілін өзгертіпті. Аталған жердегі қызметкерлерден мезі болған Мақпал, адам саны аз жүретін жерден өтеді екен. Бірақ әр қадамы ақылы көрінеді.
«Мен қазір 5-6 жыл болды барлығы өтетін жерден өтпеймін. YIP-залға барамын да, үстіне 20 мың теңге қосып, мені ешкім түртпесін деп сол жерден өтемін. Қазір енді 27 мың болып кетіпті. Жылдан жылға өсіп жатыр. Мысалы, мен ұшаққа 15 минут қалғанда келемін. Әрі қарай өздері ұшаққа шығарып салады. Мен сол үшін ақша төлеп отырмын. Мен білемін ол жақта қандай адамдар істейтінін», - дейді Жүнісова.
Халық әртісінің еліміздегі әуежай қызметкерлеріне айтар кеңесі бар. Мақпал Жүнісованың ендігі өтініші: Мұрат Құсайыновты әбігерге салған қыз-жігіттер, шетелдік әріптестерінен үлгі алса, дейді.
«Шетелге талай ұшып жүрміз ғой. Шетелдегілер олай бізге қарамайды. Ташкент, алыс-жақын шетелдерге барамыз. Олар сенің ұшаққа билет алғаныңа рахмет айтып, сені керісінше ұшаққа жүгіртіп апарып, клинетіміз қалып бара жатыр, деп тоқтатып қоюға дайын тұрады. Ал, бізде керісінше! 30-40 минут ұшақ ұшпай тұр. Бірақ 5-10 минутқа кешіктің деп, ұшақтан сені алып тастап жатыр», - дейді халық әртісі.