Мақпал Жүнісова: Бүгінге дейін ақша жинап көрмеппін, банктегі жеке есепшотымда көк тиын да жоқ

Дүйсенбі, 11 Қаңтар , 2016 16:42

Халық әртісі бүгін 51 жасқа толды. Осы орайда Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мақпал ЖҮНІСОВАМЕН жазылған сыр-сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

06004380013353505772504201257_800x600

Бұл туралы baistars.kz хабарлайды.

Жүнісова Мақпал Мұхамедиярқызы 1964 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданы Теректі ауылында туған. Шымкент мәдениет институтын бітірген. Өнер жолын «Гүлдер» ансамблінің құрамында халық әндерін орындаушы ретінде бастап, кейіннен 1981 жылдан бастап «Қазақконцерт» бірлестігінің жанынан «Назерке» ансамблін ұйымдастырған және әлі күнге дейін бірлестіктің солист-вокалисі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Жансүгіров атындағы Қазақ педагогика институтының профессоры болған. 1994 жылы ҚР Халық әртісі, 1998 жылы ҚР Еңбек сіңірген әртісі атағына ие болған және 1999 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының, «Азия дауысы» Халықаралық конкурсының, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты. Саяси қайраткер ретінде Д. Қонаевты үлгі тұтады. Поэзияны сүйіп оқиды. «Ғашық жүрек», «Қыз ғұмыр», «Фариза қыз», «Қоштасу» , «Армандастар», «Еркетайым», «Жан ана», «Фаризаға» сынды әндері кеңінен танымал.

Мақпал Мұхамедиярқызын бүгінгі туған күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыстар тілейміз!

Осы орайда Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мақпал ЖҮНІСОВАМЕН жазылған сыр-сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

111111111-1140x1713_c

— Өзіңіз әнге қосқан Мерейіңіз өсіп жатыр ма? Мектептегі үлгерімі қалай?
— Шүкір, жаман емес. Тәртібі де, үлгерімі де жақсы.

— Қызыңыз өскенде кім болғысы келеді? «Мама, ән айтамын, сахнаға шығаршы» демей ме?
—  Жоқ (күліп). Басында ән айтамын деп, аздап ұмтылғаны бар. Кейін ол ойынан айнып қалды. Енді «мама, мен ғалым боламын» дейді. «Жарайды, кім болсаң да, аман болшы» деп күліп қоямын. Болашақта қандай мамандықты таңдайтыны әзірге белгісіз.
Бір анығы, анасы ретінде мүмкіндігімше бар жағдайды жасап жатырмын. Бірнеше үйірмеге барып, қосымша сабақтарға қатысады. Айтып-айтпай не керек, тіл білген кім-кімге де жақсы ғой. Сондықтан қызымның ағылшын тілін меңгеруін қалап, бір-екі жыл бұрын репетиторға бергенмін. Қазіргі таңда Мерейімнің ағылшыншасы «ұрып» тұр, сөйлегенде тура сол елдің қызы сияқты (күліп).

— Сіз гастрольде жүргенде қызыңызға кім қарайды? Әлде жолға шыққанда өзіңізбен бірге алып жүресіз бе?
— Жоға, оқуы бар ғой, үнемі үйде қалдырамын. Жаз мезгілінде болмаса, қызымды алыс сапарға алып шықпаймын. Алып жүрген күннің өзінде, анау айтқандай әзірге өнері де жоқ, оны шаршатып не істеймін?!
Үйде үлкен әпкем, оның қызы, мен және Мерей — төртеуміз тұрамыз. Мен гастрольге шыққанда, қызыма солар қарайды. Бала күтуші, үй қызметшісі деген менде атымен жоқ. Барлығын да өзіміз істейміз.

2015-01-11 02.00.42

— Үйге күнделікті азық-түлік әкелу кімнің мойнында? Қолыңыз қалт еткенде өзіңіз баратын шығарсыз?
— Әлбетте. Қолым бос болған кезде ғана емес, аптасына кемінде бір рет базар жақты аралап қайтатыным бар. Ет, ұн, көкөніс сатып алу керек дегендей…

— Қарапайым жұртшылық баратын дүкендерге кіресіз бе, әлде алдын ала тапсырыс беруді жөн көресіз бе?
— Ойбүй, Алматыдағы кәдімгі «Көк базарға» барамын. Ертеңгі сағат 8-де сонда болып, қажетті деген заттарды ешкім келмей тұрғанда саудалайтыным бар. Осылайша, бірнеше жылдан бері «Көкбазардағы» шағын дүкеннен сауда жасаймын.

— Қанша айтқанмен, таңертең де базарда жүретін адам қарасы көп. Сөзіңізге қарағанда, оққағарыңыз да жоқ сияқты?
— Ондай адам  Зәкеңнің тірі кезінде де болмаған, айналайын. Ол кезде болмаған оққағардың қазір керегі де шамалы. Ажал келсе, ешнәрсеге қарамайды екен. Шынымен күзетшілердің көмегі болса, Зәкеңді өз үйінде атып өлтірмес еді ғой. Бәрі де алдамшы, қанша тырыссаң да, өлімнен қашып құтыла алмайсың.
Отағасым кезінде «Саған көлік жүргізіп не керек?!» деп рұқсатын бермеген еді. Бірақ жақында жүргізуші курсын оқып, «права» алдым. Айтпақшы, Зәкеңе қызмет еткен көлік жүргізуші әлі қызмет көрсетеді. Сол екеуміз ертемен шығып, үйге азық-түлік аламыз.

— Елге танымал адамсыз…
— Ал танитындар баршылық қой… Көпшілігі көргенде амандасып та жатады. Тіпті, «Көк базардың» қайыршыларына дейін мені күтіп жүретіні бар.

— Неліктен?
— «Көк базарда» қайыр сұрайтын 3-4 кемпір бар. Барған сайын соларға 5-6 мың теңгеден ұстатып кетемін. «О-о, Мақпал келе жатыр» деп, олар әрдайым мәз болғанда, кәдімгідей жаным ашиды. Кейін араға апта салып, қайта келгенде, «өткендегі ақшаны мынаған жұмсадым» деп кәдімгідей есеп беріп жатады (күліп). Жалпы, қай базарға бас сұқпаңыз, қайыршылардың дені — қаракөздер. Осыдан-ақ қазақтың жағдайы оңып тұрмағанын байқайсың.

333333331-1140x1628_c

— Осы ретте, сізді қоғамдағы қандай мәселелер толғандырады?
— Әуелі елдің жағдайы алаңдатады. Бұрынғыдай емес, бай мен кедейдің арасы алшақтап кетті. Ауқатты адамдар байыған үстіне байып жатыр, ал кедей-кепшік күнін көре алмай жүр.
Ауылдың тұрмысы да көңіл көншітерлік емес. Басқасын айтпағанда, әлі күнге ауыз суы, жарығы мен көгілдір отыны жоқ елді мекендер бар, сенесіз бе?! Билік басында отырғандардың дені ауылдан шыққан азаматтар екені шындық. Солар неге өсіп-өркендеген жерін ұмытты екен?! Түсінбеймін!

— Өзіңіз жабырқаған сәтте кімнен жұбаныш іздейсіз?
— Мен жұбанышты тек қана Мұқаңның поэзиясынан тапқандаймын. Қиналған кезде ақиық ақынның өлеңдерін оқып, бір тұшынып алатыным бар. Бұдан бөлек қызымды көргенде көңіл күйім бірден өзгереді. Қанша айтқанмен, барым да, нарым да сол ғой.

— Сөзіңізге қарасам, сізде дос жоқ секілді?
— Ақтоты Райымқұлова есімді жалғыз құрбыммен ғана сырласамын. Анда-санда болмаса, онымен кездесудің де көп сәті түсе бермейді. Сосын бар мұңымды анама айтамын. Көзімнің жеткені, шешемнен артық мені түсінетін жан кемде-кем. Несін айтайын, өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді, соны біреумен бөліскенге не жетсін?! Алайда, аталған екі адамға ғана жан сырымды жеткіземін, қалғанына жұмбақ жанмын…

— Заманбек ағаның құрметіне ашылған мұражай келушілерді бұрынғыдай қабылдап жатқан болар?..
— Иә, жұмысын тоқтатқан жоқ, есігі қашанда ашық. Бірақ, бұрынғыдай емес, келушілердің қатары сиреді. Тек Зәкеңнің туған және өмірден өткен күндерінде келіп, дұға бағыштайтындар кездеседі. Сосын демалыс күндері де келіп жатады. Қолдан келгенше бірде-бір адамның көңілін қалдырмай, музейдегі жәдігерлермен таныстыруға тырысатын апамның барын айтсам деймін.

2015-01-11 01.58.30

— Жарыңыздың бірінші некесінен туылған бауырларымен қызыңыз араласып тұра ма?
— Жоқ. Егер өздері қаламаса, Мерейім неге араласуы керек?! Көпшілікке белгілі болар, Құралайдың өзі бір басылымға «екеуімен де мүлдем араласқым келмейді» деп сұхбат беріпті. Сол себепті олармен кездесуге менің де құлқым жоқ.

— Жалпы, бес жыл бұрынғы мен бүгінгі Мақпалдың айырмашылығы бар ма?
— Оны халықтың өзі біледі деп ойлаймын. Дегенмен, сол қасіретті оқиғадан соң, өзімнің төзімді екендігіме көзім жетті. Алғашқы жылдары өмір сүргім келмей, қатты түңілдім. Әйткенмен, артымда халқымның, ағайын-бауырдың, бастысы — анамның бар екенін айрықша сезініп, сол арқылы ғұмыр кешуге құлшынысым артты десем болады. Зәкеңдей ешқайсысы бола алмағанмен, әйтеуір олардың рухани түрде демеу көрсеткеніне ризамын. «Тірі адам тіршілігін жасайды» деген рас екен, өмір өз кезегімен жалғасып жатыр.

— Сізді тойға жиі бармайтын әншілердің бірі деп естиміз…
— Жиі шықпағанмен, шамам жеткенше шақырған жерден қалмауға тырысамын. Қолқа салатындар аз емес, бірақ көбіне-көп мүмкіндігіме қараймын. Алыс жер болса, ойланып қаламын дегендей… Қанша төлейтінін де алдын ала анықтап сұрап аламын. Амал жоқ, әдемі болып жүргің келсе, тойда ән айтуға тура келеді. Негізгі табыс көзіміз сол ғой. Әсіресе, жаңадан көйлек кигім келген кезде, тойшы қауыммен кездесетінім бар (күліп). Десек те, ақшаның түбіне ешкімнің де жетпегені белгілі, шектен шығып, той қуып кетуге тағы болмайды.

— Шыныңызды айтыңызшы, тойдағы «ставкаңыз» қанша?
— Ең азы — 1 мың АҚШ доллары. Онда да қатты қысылып, жағдайы болмай тұрғанда ғана келісемін. Кейде соның жартысына да қазақы көңілмен 5-6 әнімді шырқап кететінім бар. Бәрі де адамның қалтасына қарай шешіледі десем болады.

IMG-20150111-WA0006
— Ал ең көп ақша тапқан тойыңызды айта аласыз ба?
— Бізде атымтай жомарттар ілуде біреу. Көпшілігі еліміздегі әншілерден гөрі, ақшасын шетелден келген «жұлдыздарға» ұстатуға құмар.
Тойда өнер көрсетіп, ең көп қаражатты осыдан бір-екі жыл бұрын алғанмын. Алматыда болған бір тойда 10 мың АҚШ долларын ұстатты.

— Құпия болмаса, бұл кімнің қуанышы еді?
— Болат Назарбаевтың келіншегі менің әндерімді сүйіп тыңдайды екен, сол кісінің атынан маған қоңырау шалған кісі, «мына күні келе аласыз ба?» деп ұсынысын білдірді. Содан тойға келген қауымды билетіп, 5-6 әнді шырқадым. Той аяқталды-ау деген тұста жиналып жатқанымда, замандасым «келгеніңізге рахмет» деп, қолыма конверт ұстатты. Үйге келген соң, ашып қарасам, 10 мың АҚШ долларын салыпты. «Ой, аман бол!» дедім (рахаттанып күлді). Ақшаны кім жақсы көрмейді дейсіз?! Еңбектің тиісті деңгейде еленгенін біз де қалаймыз.

— Қарсы болмасаңыз, ең қымбат сахналық киіміңіздің құнын білсек деп едік?
— Көйлектерімді көбінесе белгілі дизайнерлерге тіктіремін. Әрқайсысының бағасы бір мың АҚШ долларынан бас-талады. Бұрынғыдай жылтырға үйір емеспін, жасыма сәйкес көйлек кигенді жөн көремін. Қанша айтқанмен, жасымыз келіп қалды. Менің ең қымбат сахналық костюмім 5 мың АҚШ долларына тең.
Жалпы, мен өзімнен ақшаны аямайтын адаммын. Барлығы да халықтың арқасында келіп жатқасын, солардың алдында әрқашан жарқырап жүргім келеді. Сенбеуіңіз де мүмкін, банктегі жеке есепшотымда көк тиын да жоқ. Бүгінге дейін ақша жинап көрмеппін.

2015-01-11 01.58.57

— Қойыңызшы…
— Рас айтам. Қалай келеді, солай кетеді. Ақшаны банкіде сақтауға мүлдем ебім жоқ. Оған қоса, отбасымызда тоғыз ағайындымыз, бауырларым, олардың балалары бар. «Мақпал тәте» деп келіп тұрғанда, көңілін қимаймын. Біздің көрген қиындығымызды солар көрмесін деген ой ғой.

— Әнші ретінде қай мекемеден жалақы аласыз?
— Отыз жылдан астам уақыттан бері «Қазақконцерттің» жеке әншісімін. Ара-тұра «мен бармын» деп, бастықтарға барып сәлем беремін (жымиып). Жұмыс орнымда жеке бөлмем жоқ, ол жерге тек ақын-сазгерлермен, өзіңіз сияқты журналистермен кездесу үшін ғана барамын. Сол-ақ.

— Алдағы уақытта өзіңіздің жеке музыкалық мектебіңізді ашу ойыңызда жоқ па? Сізге еліктейтін Мақпалдардың саны біршама көрінеді…
— Қазақ эстрадасындағы Мақпал Исабекованың есімін әжесі мен сияқты әнші болсын деп ырымдап қойғанын өзінен естідім. Өнердегі тағы бір сіңлім, Диханбаеваның да атын сондай мақсатпен қойса керек. Шүкір, жер-жерде кішкентай Мақпал Жүнісовалар өсіп келеді. Олардың біразы әнші болса, қалғандары ақын, журналист, мұғалім… Өткен жылдардағы концертімнің бірінде 32 аттасымның басын қосып, халыққа таныстырғаным бар. Негізі, олардың саны бұдан әлдеқайда көп.
Музыкалық мектеп ашып, ұстаздық ету әзірге жоспарда жоқ. Халыққа керек кезімде әнімді айтсам деймін. Кейін жас келгенде ұстаздық жағын ойлана жатармын…

Image00045

— Соңғы сұрақ, өнерде жүргеніңізге биыл аттай 30 жылдан асты. Осы уақыттың ішінде әнші ретінде қандай ой түйдіңіз?
— Кейде кейбір кісілер: «Мақпал, сіз «идеальный» адамсыз» деп жатады. Әрине, ықыластарына рахмет, бірақ мен өзімді ол санаттағы адамдардың қатарына қоспаймын. Менің де өзіме тән кемшіліктерім бар. Білгенімнен білмегенім, көргенімнен көрмегенім көп… Әйткенмен, бойымдағы сол кем-кетікті жою үшін күш салып жатқаным рас…
Ең бастысы, өнер адамына төзімділік керек дер едім. Қай жағынан болсын, шыдамды адам түбінде биік белестен көрінеді. Өзім өмірден бұрын өнерде жолы болған адам сияқтымын. Сондықтан барлық адамның алдымен төзімді болуына тілектеспін.
— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Айбек Тасқалиев

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

0
Комментариев

Leave a Reply

Your email address will not be published.

Орташа айырбас бағамы
18.01.17
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар