Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Махаббатың 5 кезеңі: неліктен 3-кезеңнен өте алмаймыз?

«Бәлкім, мен үшін жаралмаған болар», – деген сыңайлы тіркесті сүйіктісімен қош айтысқан достарымыз не таныстарымыздың аузынан естіп жатамыз. Шыны ма, әлде сылтауратқаны ма, ол жағы тек өзіне ғана аян. Десе де бұл сөзді өзіміз де айтатын кездер болады. Аз уақыт бұрын ғана айналамыздағылардың бәріне мінсіз жұп, аққудай қатар жүзген ғашықтар болып көрініп едік… Өзіміз де солай ойладық.

32

Кейде шынайы махаббаттың баянсыз болу сырын түсіндіру де, түсіну де қиын. Өз кезегінде бұл құбылыстың себебін іздестіруге тырыстық. Танымал психолог Джед Дэймонд 40 жыл бойы жүргізген клиникалық зерттеу жұмысынан кейін шындығында адамдардың «өз» теңін табатыны жайлы тұжырым жасады. Бірақ олар махаббатың қашып құтыла алмас 5 кезеңіне шыдас бермейді. Көпшілігі 3-кезеңнің өзінде-ақ қош айтысады екен. Сондықтан махаббатың 5 кезеңін біле жүргеніміз абзал.

Ғашықтық – бақыт гормондары басыңызды айналдыратын кезең. Бұл армандарыңыз жүзеге асып, сүйіктіңізге деген үміт-сеніміңіз ақталатын уақыт. Ал серігіңіз көктен түскен періштедей пәк, мінсіз адам болып көрінеді. Сіз оның барлық арман-мақсатыңызды орындап, аспандағы айды әперетініне, әр сөзіне имандай сенесіз. Тіпті, сүйгеніңіз жайлы санаңызға күмәнді ой да келмейді. Ойыңыздың бәрі жүрегіңіздің жартысына ауып, мәңгілік махаббатты көксейсіз.

Бұл кезеңде араларыңыздағы сезім, махаббат күшейе түседі. Бұрынғы кездесудің орынын бір шаңырақ астындағы өмір алмастырады. Бір-біріңізді жақыннан білісіп, өмірінің кей тұстарына ықпал ете бастайсыз. Аталаған кезең – тән мен жан бірлігі орын алған, шаттық пен бақытқа толы уақыт. Махаббатарыңыз жемісін беріп, көптен күткен ортақ сәби дүниеге келуі мүмкін.  Ол сезімдеріңізді одан әрі нығайтады. Көкірегіңізді қуаныш кернеп, өзіңізді қалаулы, бар жамандықтан қорғалғандай сезінесіз. Осы сәтте іздеген адамыңызды тапқаныңызға сеніміңіз арта түсіп, оған еш шүбә келтірмейсіз.

Мұнда үмітіңіздің бәрі бұлдыраған сағымға айналады. Бұл кезеңде сезім оты сөніп, серігіңіздің әр қылығы ашуыңызды келтіріп, махаббат келмеске кеткендей көрінеді. Барлығын осы жерден тоқтатып, үзіліс алуды аңсайсыз. Немесе серігіңіздің «сіз үшін жаралмаған жан» екенін мойындағыңыз-ақ келеді. Солай емес пе? Өзіңізді де, «кезінде» құлай сүйген адамыңызды да қинаудың не қажеті бар?

Егер болған жайдың барлығына көз жұмып, көңілдегі асау толқынды баса біліп, үшінші кезеңді еңсерсеңіз не болады? Сүйгеніңізге артқан мін мен кінә судағы іздей өшіп, жаңаша көзқараспен қарайсыз. Алдыңыздағы – сіз аңсаған, қалаған жан емес, шынайы адамның дәл өзі. Оны қаз-қалпында, өз болмысымен қабылдап, кемшілігін түсінуге үйренесіз. Бір-біріңіздің жаныңызды емдеп, «жоғары махаббат» аталатын кезеңге қадам басасыздар.

Араларыңызда терең түсіністік орнап, түсініспеушілік пен қиындықты бірге еңсеріп, қарым-қатынасыңыздың нығайғанын түсінген сәтте қос жүрек бір соққанда ғана әлемде әлденені өзгерте алатындарыңызды түсінесіз. Бір жүріп, бір тұру ғана емес, ортақ мақсат, ортақ іс үшін бір өмір сүру қажет. Тек екі жарты бір бүтінді құрап, ойыңыз бен көздеген мақсатыңыз бір болғанда барлық кезеңнен өтіп, 100% сенімділікпен: «Ол мен үшін жаралған адам», – дей аласыз.

 

Талқылау