Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

“Махаббат жүзге келгенде де керек”: Шымкентте зейнеткер қарияларға арналған неке агенттігін ашты

Жәдігер Құлсариев — Қазақстандағы қарттарға арналған алғашқы неке агенттігінің негізін қалаушысы. 64 жасына дейін өрт сөндіруші болып жұмыс істеген ол, Stan.kz тілшісіне неліктен осы істі бастауға бел буғанын, екі айдың ішінде қанша жұптың басын қосқанын, агенттіктің көмегіне көбінесе кімнің жүгінетінін айтып берді.

64 жастағы зейнеткер Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласында дүниеге келген. Өмірінің үлкен бөлігін Құлсариев өртті бақылау, өртті қадағалау қызметіне арнаған. 2004 жылы тарихи отанына оралған қарияның көкейінде қоғамға, ел дамуына үлес қоссам деген арман бар.

Шымкентте тұратын зейнеткер қаладағы хайуанаттар бағында еңбекті қорғау жөніндегі жетекші болып жұмыс істейді. Сонымен қатар, Қазақстандағы қарияларға арналған алғашқы неке агенттігін басқарады. 

Жәдігер Құлсариевтың арқасында жалғызбасты қарттар бір-бірімен кездесіп, жастық шақтағы қуанышты күндерін еріксіз естеріне алуда. Неке агенттігіне келген кісілер екінші жартыларын тауып, шаңырақ көтеріп жатыр. Көптеген адамдардың ризашылығын алған Құлсариев, осындай агенттікті ашуға не түрткі болғанын айтып берді.

“2011 жылы Астанада жұмыс істеп жүргенімде қыз бен жігіттерді бір-бірімен таныстыратын агенттіктердің жарнамаларын көріп қалдым. Олармен әңгімелесіп, қандай жұмыспен айналысатындарын түсіндім. Олар маған өздерінің жеті альбомдарын көрсетті. Альбомдардың үшеуіне ер адамдардың, қалған төртеуіне әйелдердің суреті салынған. Агенттікке келген кісі анкеталарды қарап, ұнатқан қыз-жігіттерінің нөмірін алу үшін сол ұйымға ақылы түрде тіркеледі екен. Елордадағы неке агенттіктерінің жұмысымен танысып,  Шымкентке қайтып келдім”, — дейді ол.

Жәдігер Құлсариев Шымкентке оралған соң, ерлі-зайыптылар және патша жайлы ел арасында жүрген аңызды естиді. Аңыз бойынша, ел берекесін үнемі ойлап жүретін патша бір күні білместіктен бір ұстаны әйелімен айырылыстырып жібереді. Патша ұстаның өнеріне тәнті болған, шеберлігін қатты құрметтеген екен. Әйелінен айырылып қалған жігіттің жұмысқа да, ағаштан әдемі мүсіндерді ойып жасауға да құлшынысы болмайды. Бірақ патша оған жарын қайтарып бергенде қайтадан бұрынғыдай жұмыс істеп, ел басшысын керемет туындыларымен қуантқан екен.

Осы аңызды естігеннен кейін, біздің кейіпкеріміз мемлекеттің өркендеп, дами түсуі үшін жұбайлар әрдайым бірге болуы керек деген түйіндеме жасайды. Онсыз да үлкен кісілердің қамын ойлап жүрген ол неке агенттігін ашуға бел буады.

“Адамның жанында екінші жартысы, жұбайы болса, оған мемлекет сеніп тапсырған жұмысы да берекелі болады. Менің байқағаным бойынша, елімізде жалғызбасты әйелдер, еркектер, өмірлік серігінен айырылып қалғандар көп екен. Соларға тағы да бір мүмкіндік беру мақсатында “Сені іздеймін” агенттігін аштым. Елімізде белгілі бір себептерге байланысты ажырасып кеткен ерлі-зайыптылар аз емес.  Кезінде Ресейде әскери борышымды өтеп жүргенде, ол жақтағы адамдардың сексен пайызы үшін ажыраса салу өте оңай дүние екенін түсінгенмін. Бізде де, мұсылман елдерінде қазір ажырасу ойыншыққа айналып бара жатыр. Соның алдын алып, мемлекеттің өркендеуіне сәл болса да өзімнің үлесімді қосайын деген ниетпен осы істі қолға алдым.

“Алғашқыда мұндай агенттік қоғамға керек пе?” деген сыни көзқарас болды. БАҚ, дінтану мамандары, мешіттің молдалары мен имамдары қолдау көрсетті. Сөйтіп агенттік қоғамға қажет екен деген ойға келдім. Менен “агенттік заңды түрде қашан тіркеледі?” деп сұрайды. Егер осы ісімнен пайда көріп жатсам, оны тіркеуге болатын еді. Өзім заңгермін, қай кезде, ненің және қалай тіркелетінін оқығанмын. Мен осы агенттіктен табыс таппаймын, әзірге оны тіркеу ойымда жоқ ”, — дейді біздің кейіпкеріміз.

Зейнеткер қоғамда кең таралған “махаббат үш жыл ғана өмір сүреді, кейін сыйластық қана қалады”  деген пікірмен келіспейді. Оның айтуы бойынша, жалғыздық Құдайға ғана жарасқан,  адамға өмірлік серігі жүз жасқа келгенде де қажет.

“Біздің қалаларымызда көрші көршіні танымайды. Ешкім басқа адаммен қызықпайды, бір-біріне қолдау көрсеткісі келмейді. Әркімнің жеке басының проблемасы бар. Мен қалада тұрамын. Баспанамыздың жанында бірнеше қабатты үй бар. Далаға шыққанда, демалыс күндері сол үйдің тұрғынымен шахмат ойнатынмын, сөйлесетінмін. Бір күні әлгі кісі іс-түссіз жоқ болып кетті. Басқа көршілерден оның қайда кеткенін сұрап едім, олар да ешнәрсе білмейтінін айтты. Коммуналдық қызметтердің түбіртегін алып келетін адам барып, есігін қаққан, бірақ әлгі адам есігін ашпаған. Барлығымыз не болды екен деп әбігерге түстік.

Ақырында, тұрғын үй коммитетінің адамдары келіп, оның үйінің есігін бұзды. Жерде өліп жатқан жерінен тауып алды. Қайтыс болғанына бірнеше күн болған екен. Экспертизадан оны ешкім өлтірмегені, өзінің дәлізде жығылып құлап, дүниеден озып кеткені анықталды. Егер оның жанында серігі болғанда, мұндай жағдай орын алмас па еді? Мүмкін, ол дәріге немесе суға жете алмай қалған шығар. Сол жағдайдан кейін осындай ойлар мазамды алды. Мен егер оның жанында жұбайы болғанда, жедел жәрдем шақырып немесе көршілерге айтып, құтқарып үлгерер еді деген қорытындыға келдім. Жалғыздық тек Құдайға ғана жарасқан. Сезім сөніп қалады деген бос әңгіме. Махаббат өмір соңына дейін, жүзге келгенде де керек”, — дейді Жәдігер Құлсариев.

50 жастан жоғары адамдарға арналған агенттіктің ашылғанына екі ай ғана болса да, оның көмегіне жүгінген қазақстандықтардың саны көп. Жәдігер Құлсариевтың  айтуынша, қазақтардан бөлек ислам дінін ұстанатын ұлттардың өкілдері зейнеткер ұйымдастыратын шоу-бағдарламаларға қатысуға ұсыныс білдіреді.

Зейнеткер кафені жалдағанға, тамада мен музыканттың қызметіне ақшаны өз қалтасынан шығарады. Қарияға берекелі іске бейжай қарамайтын жағдайы жақсы азаматтардың көмегі керек. Ол біреу музыкантты, екіншісі тамаданы жалдап берсе, кафені өз қолына алу туралы шешімге келіп отыр.

“Біз кеште шай ішіп, әңгімелесіп, билеп, ән салып қайтамыз. Әркімнің жеке өміріне араласуға құқығым жоқ. Бірақ кеш аяқталып қалғанда сөйлесіп, бірге шығып бара жатқан жұптарды көрдім. Өзім ашқан неке агенттігі арқылы қосылған он бес жұпты білемін. Білмейтіндерім қаншама! “Рахмет, сіздің арқаңызда жанұя болып кеттік” деп разылықтарын жеткізіп жатқандар бар.

Ендігі кездесуді наурыз айында жасауды ойластырып жүрмін. Құдай қаласа, алты нәзік жандыларды және алты ер азаматты лимузин сынды көлікке отырғызып, қаланың көрікті жерлерін аралаймыз. Осы шоу-бағдарламаға Алматы қаласынан бір келіншек келеді. Жалпы, агенттікке келетін жүз пайыз адамдардың жетпісі — әйелдер, отызы — ер азаматтар. Әйелдер бала-шағам, құда-жекжаттарым көрсе ұят болады деумен құпия түрде келгісі келеді. Алдында операторымен тілші келгенде төрт-бесеуі бірден қайтып кетті. “Интернетке шығып кетеміз” деп қорқады. Тіпті, Солтүстік Қазақстаннан Шымкент қаласына біз үшін арнайы келген қыз-келіншектер болды”, — дейді ол.

Жәдігер ашқан неке агенттігіне қатысты қазақстандықтардың ойы екі арнаға бөлінген. Бастапқыда өзінің баласы да әкесінің бұл іспен айналысуына қарсы болған. Бірақ ақырында балалары Жәдігердің бастамасын қолдауды жөн көрген.

“Төрт балам, екі қыз, екі ұлым бар. “Немерелеріңізге қарап, сурет салып, телевизор қарап отырыңыз, жұмыс та істемей-ақ қойыңыз, шоу-бағдарламаны қайтесіз” деп бір перзентім айтты. Бірақ ісіме қолдау көрсетіп жатыр”, — дейді Жәдігер Құлсариев.

Белгілі бір себептермен өмірлік серіктерінен айырылған қазақстандықтарға, қарияларға тағы да бір мүмкіндікті берген Жәдігер Құлсарив ісі алға басатынына сенімді. Бірнеше  адамдарды жұптастырған ол, өз бақытын кездестіріп, екінші мәрте шаңырақ көтеруге үміттенеді.

 

Автор: Айару Шаймерден

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

 

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр