Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Күндіз де де”: Ерке Есмаханның әні неге қатеге толы?

Ерке Есмаханның соңғы шыққан әнінен тыңдармандар өрескел қателіктер байқады. Ән мәтініндегі “күндіз де де, түнде де де” деп қайта-қайта қайталанатын сөздер құлаққа түрпідей тиетіні рас. Есті тыңдармандар әнді естіген күні-ақ Есмаханға ескерту жасады. Ал Еркенің өзі бұған қатысты не дер екен? Мұны Stan.kz тілшісі біліп көрген еді.

Ерке Есмахан

Ерке Есмаханның репертуары мағыналы да терең ойлы әндерге толы. Баян Алагөзованың қарамағында жүргенде “Асыл арман”, “Айша бибі” сынды күрделі әрі лирикалық әндерді тыңдарманына ұсынды. Әйтсе де, көпшіліктің Еркені “Алло” және “Қайда” әнінен кейін танығаны рас.

Әр әніне жіті мән беріп, тек мықты ақындармен жұмыс істейтін Ерке неліктен “Неге” атты әнінде қателікке жол берді? Бұл сұраққа Ерке Алматыда өткен “Махаббат кафесі” фильмінің тұсаукесерінде жауап берді.

“Сіз осылай сұрақ қойсын деп арнайы жасадық”, – деп жауап берді Ерке Stan.kz тілшісінің сауалына.

Әншінің сөзін фильмге продюсерлік еткен белгілі журналист Гүлнұр Мамасарипова жалғады.

“Дұрыс емес екенін біз білдік. Бірақ дәл солай жасалды. Қазір бәріміз де “хайпсыз” өмір сүре алмай қалдық. Сол үшін жасадық. Түптеп келгенде Қалқаман Сарин: – Гүлнұр, “де де” дегендерің не? – деп жазып жіберіпті. Кез келген нәрседе “ход” деген болады. Біз, қазақ, 100 пайыз дұрыс істеп тұрған нәрсеге ешқашан көңіл бөлмейміз. Кішкентай кемшілік тауып алсақ, бәріміз соған жабысамыз. Біз осы технологияны пайдаландық”, – деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ:

“Қайталанбас нәрсе. Егер “де” десек қызық болмас еді, “де де” деп ешкім айтпаған. Біз айтып отырмыз”, – деп қалжыңдады актер Әбунасыр Серіков. Айтпақшы, Серіков “Махаббат кафесі” фильмінде Мақпалдың (ред. Ерке Есмахан) әкесінің рөлін сомдаған.

Бір қызығы, Еркенің жаңа туындысы алдыңғы бейнеклиптердің “жетістігін” қайталай алмады. Мәселен, “Алматыда жоқ-жоқ” деп әр қазақстандық жатқа білетін “Қайда” әнбаяны осы уақытқа дейін 77 миллион рет қаралыпты. Ал аталған туындының жалғасы ретінде түсірілген “КЗ жігіт”-тің көрсеткіші бүгінде 18 миллионнан асып түседі. Ерке мен Төреғалидің “Алло” клипін осы уақытқа дейін 36 миллионнан аса көрермен тамашаласа, “Аэропорт” әнбаяны 3 миллион қаралым жинаған. Миллиондаған тыңдарманның жүрегін жаулаған Еркенің соңғы “Неге” атты саундтрегі осыдан 20 күн бұрын жарыққа шықса да, небәрі 800 мыңнан аса қаралыпты. Бұл “сәтсіздіктің” себебін Еркемен етене жұмыс істейтін белгілі музыкалық арнаның продюсері Тимур Балымбетовтен сұрап білдік.

“Ол жағын білмеймін. Ол “рулетка” сияқты нәрсе ғой. Хит бола ма, болмай ма, өте ма, өтпей ма, алдын ала білмейсің. Әсіресе, күзде эфирге өте көп жұмыстар шығады. Жиі шыққаны да қаралымға әсер етеді. Осы бір айдың ішінде қыздардан Еркенің, Айдананың, Кәмшаттың клиптері шықты. Оның үстіне, басқа жеке әншілер мен топтар шығарып жатыр. Көрермен шамалы шаршайды. Сол кезде ішінде “хайп” бар клиптер ілініп кетті. Мысалы, Кәмшаттың клипі шықты. Оның ішінде біреуге ұнайтын, біреуге ұнамайтын нәрселер болды. Ел талқылайтын нәрселер болды, сондықтан ол ілінді. Саундтрек деген өте күрделі жұмыс болады. Өйткені ән жақсы болса да, әлі фильм туралы ешкім ештеңе білмегеннен кейін өтпей қалады. Ондай жағдайлар болып тұрады”, – деп түсіндірді Балымбетов.

Еске сала кетейік, күні кеше Ерке Есмахан тырнақалды фильмін жарыққа шығарған болатын. Кинокартинаның тұсаукесеріне Алматы әкімі Бауыржан Байбектің өзі қатысты.

Дайындаған Назгүл Әбушәріпқызы

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Талқылау